Басты ақпарат

Тәулігіне – 35 тонна нан

Қазақта лайым дәмнің үлкені – нан. Сондықтан да халқымыз бұл тағам түрін қасиетті деп танып, оны ешқашан аяқасты етпеген. Үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, ең әуелі наннан ауыз тиеді. Адамдардың арасындағы ынтымақ, бірлік, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығая түседі.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, қа­зіргі таңда Астанада 23 наубайхана кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның ішінде ең ірісі – «Цесна-Астық» ЖШС. Сол сияқты «Халық нан», «Сапа нан», «Столичный хлеб» сынды наубайханалар мен бірқатар ірілі-ұсақты аспазханалар қазақтың таба нанынан шетелдің қара нанына дейін үлпілдетіп пісіріп, халыққа ұсынуда. Пешке пісірсе «нан» болып, отқа қақтаса «қарма», майға қуырса «бауырсақ» аталатын ас атасының нарықтағы құны да көлемі мен пішініне, қапшығына қарай әртүрлі. Тұтынушының талғамы мен қалтасына байланысты
бас қаланың дүкен сөрелеріндегі нан бағасы 70-тен бас­талып, 200 теңгеге дейін барады. Ал «Концерн Цесна-Астық», «Ақмол РК», «Табыс-9» кә­сіпорындары қаладағы барлық наубай­ханаларды ұнмен қам­тамасыз етеді. Бұл кәсіп­­орындардың диірмен­де­ріне бидай астығы Қос­танай, Петропавл, Ақмола сияқты аймақтардан тасымалданады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, астаналық бір адам жылына бірінші сұрыпты ұн өнімдерінің 13 келісін тұтынады екен. Ал 13 ке­ліні бір жылға, яғни 365 күнге бөліп, оны қала тұр­ғындарының санына – миллионға көбейтсек, 35600 шығады екен. Демек, астаналықтар тәулігіне орта есеппен 35 мың келі нан тұтынады.
Ал наубайханалар Қо­ғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан қатаң қадағаланады. Кә­сіпорындарға жылына бір рет әдеттегі тексеріс жүргізілсе, тұтынушылардың арыз-шағымы бойынша санитарлық-эпидемиолог мамандар белгіленген нысанды кез келген уақытта тексере алады.
– Тексеріс кезінде санитарлық талаптардың бұзушылықтары анық­талған жағдайда, ҚР Әкім­шілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне сәйкес, кәсіпорын қожайындарына айыппұл салыну сияқты басқа да әкімшілік шаралар қолданылады. Мысалы, өткен жылы бөлке құрамынан бөгде заттың табылуы, көгеруі, сақтау мерзімінің өтуі сияқты мәселелер бойынша нан сапасына қатысты төрт шағым түсті. Тексеріс нәтижесінде оның екеуі расталып, оларға тиісінше әкімшілік шаралар қолданылды, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бас­шысының орынбасары Айгүл Шағалтаева.
– Технологиялық өңдеу кезінде азық-түліктің көп бөлігі өзінің құнарлылығын жояды. Ал олар­ды қалыпқа келтіру үшін ұн өнімдерін дәрумен­дермен және микроэле­менттермен байыту үде­рісі жүргізіледі. Мұны «фор­тификация» деп атайды. «Концерн Цесна-Астық» ЖШС кәсіпорнының жоғары және бірінші сорт ұны 2011 жылдан бері фортификацияланады. Оның бір пайдасы адам бойындағы қан аздықты сейілтеді. Сондық­тан барша тұтынушылар фортификацияланған ұн өнімдерін пайдаланғаны жөн.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button