Қоғам

Жаңа тұжырымдама тұғыры

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция өтті.

Маңызды жиында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасын қабылдау мәселесі сөз болды. Бұған отандық тіл саласының айтулы ғалымдары қатысып, тақырыпта көтерілген мәселеге байланысты ойларын ортаға салды. Жиын тізгінін комитет төрағасы Қуат Бораш ұстап, алғашқы кіріспе сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұловаға берді. Одан кейін кезек ғалымдарға тиді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, белгілі ғалым Нұргелді Уәли «Жаңа әліпби емле ережелерінің тұжырымдамасы» атты баяндамасында қазақ орфографиясының ұлттық сипатқа ие болуын айқындап айтты.
Филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек жаңа қазақ әліпбиі емле ережелерінің қағидаттарын сөз етті. Ғалым жаңа тұжырымдамамен келіспейтін жерлерін де ашық айтты.
«Бұл тұжырымдамада бұрынғы кирилл ережесін сол күйінде көшіріп алып отырмыз. Бізге жазылым мен айтылымның арасын байланыстырып тұратын төл емле ереже болу қажет. Онда сөздің әуезі, ырғағы, буын құрамы, тасымалы заңы бұзылмау керек. Кирилл жазуында осының бәрі бұзылған. Оны көзіміз үйреніп, қолымыз жаттыққаннан кейін байқамаймыз. Қысқасы, бүгінгі ұсынған емле әлі талқыланады. Бұл қағазда тұрғанда әдемі. Ертең оқулық жазғанда, мектепке барғанда қиыншылығы көрінеді. Қазір біз, ғалымдар, ғана әңгімелеп отырмыз. Сол кезде ұстаздар қауымынан сөз шығады. Кейбір адамдар «үнем болады, сөз қысқарады, айтылуы жеңілдейді» деген алдамшы ұсыныстар айтады. Тіліміздің табиғатына зияны тиетін мұндай ұсыныстың бізге керегі жоқ» деген профессор өз ұсынысында әуе­лі 42 әріптің ішінен төл дыбыс құрамын анықтап алған жөн екендігін жеткізді. Жиынды ұйымдас­тырушы, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов: «Кешегі Ахаңдар заманынан бері қаншама жылдар өтті. Сол кездегі сөздік қормен бүгінгі қор бірдей емес. Екі аралықта өзгешеліктер көп. Әрине, Ахмет атамыз ұстанған принцип сақталады» дей келіп, қабылданбақ тұжырымдама да, біріншіден, қазақ тілінің табиғатын сақтау, екіншіден, біздің тілімізге енген сөздерді қалай беру керек деген мәселеге баса мән беретіндігін мәлім етті.
Сондай-ақ, конференцияның пленарлық мәжілісінде латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіне көшудің басты емлелік, терминжасам қағидаттары айқындалса, секция­лық отырыста жаңа әліпбиге көшіру үдерісіндегі терминологиялық және ономастикалық мәселелер пысықталып, техникалық-ақпараттық даярлық барысы анықталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button