Саясат

Елді елең еткізген [12 маусым]

КҮТКЕН КЕЗДЕСУГЕ КЕЗЕК КЕЛДІ

Сингапурде әлем жұрты көптен құлақ түрген АҚШ және КХДР лидерлері арасындағы саммит басталды.

Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның «ары тарт та бері тартпен» созған күпті кездесуі бүгін таңертең жергілікті сағат 09:00-де (Астана уақытымен 06:00) Сентос аралындағы Capella мейманханасында сөреден шықты.
Екі тарап та қала-мемлекетке жексенбі, 10 маусым күні жетті. Air China әуе компаниясы ұшағымен келген ком­мунистік корей елінің көсемі Чанги аэропортына қонды. Сол күні Сингапурдің премьер-министрі Ли Сяньлунмен кездесті. Кездесуге екі жақтың да делегациясы қатысты. Ал Құрама Штаттар президентінің ұшағы Сингапурдегі Пайя Лебар әскери базасы аэродромына табан тіреді.
АҚШ пен КХДР қарым-қатынасы тари­хында бірінші рет жүзеге асып отырған саммитте ешқандай құжатқа қол қойылмайды. Ақ үй қожайынының айтуынша, кездесу «істі бас­тап кету» меселін ғана шешіп береді. Бұл бір-бірімен дүрдараз екі елдің келіссөзі әзірге ауызша жүргізілетінін көрсетеді.
Аталмыш саммитті өткізу барысындағы қауіпсіздік шаралары үшін Сингапур жағы 20 млн долларға жуық қаржыны шығындағалы отыр.

«ҮЛКЕН ЖЕТІЛІККЕ» ЖІК ТҮСТІ

Канадада 8-9 маусым күндері өткен «Үлкен жетілік» жиыны АҚШ пен оның қалған мүшелері арасындағы алауыздықты күшейтіп жіберді.

Квебек провинциясында бас қосқан державалар басшылары Вашингтон позициясын қолдамайтындарын бірден байқатты. Сондықтан Дональд Трамп саммиттің қорытынды коммюникесіне қол қойған жоқ. Ол бұған жан-жақты қарым-қатынас жасау тәртібі бұзылғанын, ең негізгісі – өзі жақында енгізген баж салығының төленбей жатқанын негізге алды. Сарапшылар оның жиында осы себептен Ресейді G7 тобына қайтадан шақырып алуды ұсынғанын айтып отыр.
Бірақ бұл мәлімдемені Америка сенаторларының бір тобы ашу-ызамен қарсы алды.

ИЗРАИЛЬ ИРАНҒА «КӨМЕК» ҰСЫНДЫ

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранды құрғақшылықтан құтқаруға уәде берді. Бірақ оның артында қитұрқысы да бар екен.

Еврей елінің басшысы осыған орай суды пайдалану жөніндегі озық технологияны парсы тіліне аударып, интернетке салдырып қоятынын жеткізді. Бұл миллиондаған ирандықтың су тапшылығын жеңіп шығып, ашығудан аман қалуларына ықпал етеді. Ол Иран билігі айтып отырған елдің 96 пайыз көлемін қамтитын құрғақшылық 50 млн адамға ауыр апат әкелетінін білдірді.


«Израиль Иранды экологиялық апаттан сақтап қалудың жолын біледі. Мен білгенімді осы елдің халқымен бөліскім келеді… Біз оларға ағын суды қалай жасап, астықты қалай аман сақтауға, сөйтіп отбасыларын ашықтырып алмауға болатынын үйретеміз» деді Нетаньяху.
«Иранның билігі «Израильге өлім келсін» деп ұрандатып жатыр, – деді ол бұдан әрі. – Бұған Израиль: «Иран халқының өмірін сақтап қалайық» деп жауап береді. Иранның халқы жақсы да мәрт. Халық режимге біреулеп қарсы шықпауы керек. Біз сіздермен біргеміз».
Осылайша Израиль Иранның халқын билікке қарсы көтерілуге ашық шақырып отыр. Бұдан кейін парсы елі­нің басшылары Израильді қалай жақсы көре қойсын?!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button