Елорда тынысы

Жақсылық үйірілген жерге ырыс келеді

– Мен өзі қаланың іргесінде жұрт Көктал ауылы деп айтатын жерде шырылдап жарық дүние есігін аштым. Бұрын ол атағы дүрілдеген Киров совхозы болды. Қазір елорданың құрамындағы көлемі үлкен шағын ауданға айналды. Алғашқы еңбек жолым да содан басталды. Әрине, бұрынғы Ақмоланың Астана болғаны көңілімді қуанышқа толтырады. Сарыарқаның төсіне осындай қала салғанымыздың өзі елдің мерейін өсірді. Ертеңге сенімімізді нығайтты. Жақсылық үйірілген жерге ырыс та келеді. Оны ешкім ешқайда алып кетпейді.

Бүгінгі бас орда кезіндегі Целиноград облысының орталығы болып дүркіреді. Тың игерудің орталығы деп әспеттелді. Шаһарда 270 мың халық тұрды. Сол кезде қалада «Қазақсельмаш», «Целинсельмаш» зауыты мен тігін фабрикасы секілді ауқымы кең мекемелер жұмыс істеді. Тұрғындардың дені сонда еңбек етті. Бүгінде сол құрылымы ірі кәсіпорындардың қызметі тоқтаған. Қазір Астана жұртының саны бір миллионнан асып кетті.

Ақмолада бірінші теміржол салдым, алғаш қазақша мектеп, балабақша ашуға мұрындық болдым деп өзеуреп айтатындар бар. Әй, оның бәрі жай сөзбен атқарыла салмайды ғой. Оған жүйелі жоспар, қаржы қажет. Содан қазақша білім ордасы мен бала­бақша ашуды қолға алдық. Әуелі соған балалардың санын анықтау үшін қаладағы көзі ашық, оқыған азаматтарды әр көшеге бөліп, тізім жинадық. Қанапиянова деген менің орынбасарым болды. Соған осы жұмысты жүктедім. Өзі орыс тілді еді. Үнемі орысша сөйлейтін. Мысалы, 1897 жылғы санақта адамның ұлты есепке алынбаған. Кім қай тілде сөйлесе, сол ұлты болып жазылған. Оған осы дерек туралы жазған тарихшының кітабын оқуға бердім. Содан ол намысқа қамшылап мінді. Әр жұма сайын тізімді жинақтап отырды. Мәселен, мына көшедегі мектепке қазақша класқа жүз бала барады десе, соны жоспарға кіргіздік. Оған облыстық жоспарлау бөлімі мен қаржы бөлімін жұмылдырдық. Қазақша сынып ашылған мектептерге, балабақшаларға қосымша қаржы бөлінді. Расын айтқанда, Қанапиянова жан салып жұмыс істеді. Сондықтан бұл көппен біткен игілікті іс болды.

Қасым ТӘУКЕНОВ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button