Мәселе

Жастар практикасының игілігі

– Елордада жастарды қолдау бағытында көптеген іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта оқу бітіріп, диплом алған жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көп көңіл бөлініп келеді. Университетті аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасу бақыты өкінішке қарай, барлық диплом алған маманға бұйыра бермейді. Бүгінгі таңда, әрине, ешқандай тәжірибесіз жұмысқа орналасуы оңай емес. Қандай да бір мекемеге барсаң, еңбек өтілін сұрайды. Бұл жағдайды ескеріп, мемлекет тарапынан іске асырылып отырған кешегі түлек, бүгінгі маман үшін «Жастар практикасы» бағдарламасының маңызы зор.

Менің жасым 24-те, Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университетін бітірдім. Мамандығым – геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау. Таңдаған салам бойынша әр жерде жұмыс істеп көрдім. Бірақ тұрақты жұмыс орнын таппадым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, өз мамандығым бойынша жұмысқа тұруым үшін тәжірибе жинақтау керек болды. Сол кезде бір танысым маған құжаттарыңды жинап, жұмыспен қамту орталығына барып «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасуға болатынын айтты. Мен құжаттарымды өткізіп, бүгінде міне, 2 ай көлемінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде геолог-барлаушы мамандығы бойынша жұмыс істеймін. Аз ғана уақытта тәжірибелі мамандармен бірге қызмет етіп, олардан көп нәрсені үйрендім. Осы жерде мамандардың жұмысына қарап, сабақ алып, қағазбен жұмыс істеп, білікті мамандармен қарым-қатынас құрып, сол арқылы мемлекеттік қызметте дұрыс коммуникация құрудың қыр-сырын меңгеріп келемін. Мақсатым – еңбек жолымды бастап, тәжірибе жинақтап, өз ісімнің білгір маманы болу.

«Жастар практикасы» бағдарламасы – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол, жастар үшін үлкен көмек. Бұл бағдарлама жастардың өз мамандығы бойынша практикалық тәжірибе жинақтауына жол ашып, келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді.

Қансейіт ТІЛЕУБЕРДІ,

«Жастар практикасы» жобасы арқылы жұмысқа орналасқан маман

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button