Басты ақпаратҚоғам

Ерекше жандар назардан тыс қалмауы қажет

Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалатыны анық. Ерекше қажеттілігі бар жандарға оң көзқарасымызды салып, оларды қандай мәселелер толғандырады деген сауалдарға жауап іздеп, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан ӘБДИЕВКЕ жолығып, сұхбат құрдық.

– Ерлан Тұрсынбайұлы, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік жағынан толығымен қорғалған деп айта аласыз ба? Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы 2005 жылғы заңның күші жойылып, биылғы сәуірде жаңа заң қолданысқа енді. Нормативтік құжат мүгедек жандардың құқын толығымен қорғап отыр ма? Парламент депутаты ретінде қандай  заңдық құжаттарды қайта қарау керек деп есептейсіз?

– Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды «толық әлеуметтік қорғау бар» деп айта алмаймын және көптеген басқа елдердегідей бұл саланы жақсартуға әлі де мүмкіндік бар. Билік органдары мен заң шығарушы органдар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын неғұрлым толық қорғауды қамтамасыз ету үшін заңнаманы және әлеуметтік бағдарламаларды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Конституциялық реформалары бойынша бірінші рет заң шығару билігіне жаңалықтар енді, инклюзивті топ мүшелері Парламентте жұмыс істей бастады. Былтыр Президенттің тағайындауымен Ләззат Молдабекқызы Сенат құрамына енсе, биылғы сайлаудан соң квотамен әр партиядан бір-бірден партиялық тізіммен Мәжіліске алты депутат кірді. Парламентте инклюзивті парламент тобы пайда болды. Оны мен басқарамын. Қазір барлығы 19 депутат сол инклюзивті парламент тобында жұмыс істеп жатырмыз. Бәріміз күш біріктіріп, мүгедектігі бар адамдарға қатысты ортақ қордаланған мәселелерді шешуге мүдделіміз. Жалпы, Парламентте мүгедектігі бар 7 депутат болсақ, өңірлердегі әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарда квотамен 71 депутат жұмыс істейді. Мүгедектігі бар жандар қоғамдық істерде де белсенді екендігін айта кеткен жөн.

Дұрыс айтасыз, Әлеуметтік кодекс биылғы жылдың 20 сәуірден бастап күшіне енген, иерархиялық деңгейде кодекс заңнан жоғары тұратынын ескерсек, жаңа кодекс мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейіне айтарлықтай өзгерістер енгізуі керек. Ол инфрақұрылымның қолжетімділігін, еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктерді, білім беру мүмкіндіктерін және басқа да көптеген аспектілерді қамтамасыз ететін ережелер мен стандарттарды белгілеуі мүмкін. Сайлауалды жұмыстарға байланысты бұл кодексті Парламент Сенаты қарап бекіткені белгілі, сондықтан болар, Мәжіліс депутаттары тарапынан бұл нормативтік құжатқа әлі де алып-қосарлары бар. Өздеріңіз білесіздер, қабылданған әлеуметтік кодекске 9 заң қосылды. Жұмыс барысында кейбір қажетті пункттер түсіп қалатыны анық. Қоғам белсенділері мұны бірден айтып, бұрынғы заңдағы бар жақсы жерлерінің жаңа заңда жоқтығын, жаңа заңда енгізілуі керек екенін айтуда. Мен инклюзивті парламент тобының жетекшісі ретінде осы заңға 21 өзгерту енгізу қажеттігін айтып, ұсыныстар дайындадым. Қазіргі біздің заңдарда мүгедектігі бар адам туралы түсіндірмесін қарасаңыз, мүгедектерге медициналық тұрғыдан мынадай көзқарас бар: «…ауруларға, мертігулерге, олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам» делінген.

Меніңше, дұрысы – мүгедектердің құқықтары туралы конвенциядағыдай «…қоғам өміріне басқалармен бірдей толық әрі тиімді қатысуына кедергі келтіретін қарым-қатынастық және қоршаған орта тосқауылдары арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылатынын» мойындауымыз қажет. Осы тұжырымға келуін ұсынып жатырмыз. Яғни, ең басты, ол мүгедектерге деген көзқарас­тың заңда дұрыс жазылмау жағын айтар едім

Меніңше, дұрысы – мүгедектердің құқықтары туралы конвенциядағыдай «…қоғам өміріне басқалармен бірдей толық әрі тиімді қатысуына кедергі келтіретін қарым-қатынастық және қоршаған орта тосқауылдары арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылатынын» мойындауымыз қажет. Осы тұжырымға келуін ұсынып жатырмыз. Яғни, ең басты, ол мүгедектерге деген көзқарастың заңда дұрыс жазылмау жағын айтар едім. Жалпы, Парламент депутаты ретінде менің қазіргі рөлім, еліміздегі мүгедектігі бар жандарды әлеу­меттік қорғауды қамтамасыз ету үшін кез келген заңның тиімді іске асырылуын және оның сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету деп есептеймін. Тізіп айтар болсам, мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалап және оны қолданудағы кез келген кемшіліктер мен проблемаларды анықтау бойынша жұмыс істеймін. Заңнамадағы сәйкессіздікті немесе түсінбеушілікті байқап, оның тиімділігі мен адам құқығының халықаралық стандартына сәйкестігін жақсартатын заңға түзетуді ұсынамын. Сондай-ақ жұмыспен қамту, оңалту және білім беру бағдарламаларын қоса алғанда, мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге және қолдауға қатысу – міндетім. Мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдармен олардың пікірлерін ескеру және сол бойынша саясат пен бағдарламаларды бірлесе әзірлеу үшін жұмыс атқаруды жалғастырамын. Одан бөлек, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктеріне қатысты қоғамдық сананы көтеру және стереотиптер мен біржақтылықпен күресу маңыз­ды деп санаймын.

– Мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенция бар. Оның ішінде ешкімге тәуелді болмауы туралы тармақ бар. Осы талап біздің елімізде қаншалықты дайындалуда?

– БҰҰ-ның мүгедектердің құқығы туралы конвенция – мүгедек адамдардың құқығы мен жеке қадір-қасиетін қорғауға арналған халықаралық құжат. Біздің елде 2015 жылы осы конвенция ратификацияланды. Бірақ ол сол уақытта толыққанды өмірімізге енген жоқ, өйткені оның қабылданбаған хаттамасы бар болатын. 2023 жылы сәуір айында осы хаттаманы біздің шақырылым қабылдап, маусым айында Президент қол қойды. Енді еліміздің мүгедектігі бар азаматы өз талаптарына барлық инстанциясынан әділет таппаған жағдайда, БҰҰ-на тікелей хат жолдауына мүмкіндігі бар. БҰҰ арбитраж ретінде арызданған мүгедектігі бар азаматқа өз көмегін бере алады. Өмір салтының дербестігі туралы тармақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамға толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы және тәуелсіз өмір сүру үшін қажетті қызметтер мен қолдауға қол жеткізуі тиіс екендігі туралы жазылған. Біздің елде бұл талапты орындауға келетін болсақ, бұл заңнама, саясат, инфрақұрылымның қолжетімділігі және қоғамдық пікірді қоса алғанда, әртүрлі факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Барлық азаматтардың, соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету үшін әрқашан жұмыс істеуі маңызды.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптас­тыру мақсатында атқарылған жұмыстар барысына қандай баға бересіз?

– Бұл тақырып өзіме жақын, елімізде кедергісіз орта қалыптас­тыру жалпы осы санаттағы адам өмірін жақсарту мақсатында мемлекеттің ірі бағдарламасының алғашқысы 2012-2018 жылдары болды. Ол 3 кезеңнен тұрды. Осы уақыт аралығында ғимараттарды, объектілерді паспорттаудан өткізу процесі жүрді. Одан кейін, осы бағытта «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды бекіту туралы» Қазақстан Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы №326 қаулысы қабылданған. Ондағы 3-параграфы кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта, яғни бұл тарауда 3 пунктінде де жүйелі қолжетімділік туралы айтылады. «Инклюзивті орта» құрамыз десек, осы үш пунктті іс-жүзінде орындау ең басты міндеттілік деп айта аламын.

Сонда айтылған мәселелер, өкінішке қарай, 2019 жылдан бері орындалмай келеді, біз әлі сол паспорттаудың бастапқы кезеңінде, мониторинг жасау деңгейінде ілгерілеусіз қалып қойдық. Қазіргі Ұлттық жоспарлар жазылған екінші кезеңіне әлі өте алмай келеміз. Әуелі стандарттарды жазып алып, сосын ғимараттарды сертификациядан өткізуіміз қажет болатын. Осы уақытқа дейін ол жұмыстар тым кешеуілдеп келе жатыр. Міне, сондықтан да осы жұмыстарға да бірден кірісіп кеттім, Ұлттық жоспардағы кедергісіз ортаны кешенді қалыптастырудың техникалық реттеу бойынша ұсыныстарымызды бердік. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижелі деуге болады, бұйырса, 15 қарашада ол стандарт қабылдануы тиіс. Жалпы кез келген стандарт ұсыныс түрінде беріледі, ал заң тармағына осы стандарт орындалуы керек деген сөзді енгізсек, міндетті саналар еді. Сондықтан әлеуметтік кодекске, тұтынушылар құқығын қорғау заңына осындай ұсыныстар енгізу жоспарда бар. Басты стандарт қабылданғаннан соң, салалық стандарттар бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Елімізде толық кешенді қолжетімді орта қалыптастыру үшін кем дегенде 7 (жеті) триллион теңге қажет (халықаралық орташа көрсеткіштер бойынша). Сондықтан, осы кешенді іс-шараны орындауды 2050 жылға дейін жоспарлап, оны 5-7 жылдық кезеңдерге есептеп, «әлеуметтік инклюзивті кәсіпкерлік» аясында атқарылатын «Ұлттық стратегиялық инвестициялық жоба» даярлауымыз керек, сонда ғана жекеменшіктерге біртіндеп бейімделуге мүмкіндік беру арқылы Үкімет шығыны 3 еседей азаяды. Осы «Ұлттық стратегия­лық инвестициялық жобаның» орындалуының бастапқы этаптары инклюзивті парламент тобының қатаң бақылауында болуы керек деп есептейміз.

– Мүгедек жандардың тіршілік-тынысын жақсы білесіз, олар қоғаммен етене араласуы үшін не қажет деп санайсыз, осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілуі керек? Адамдардың мүмкіндігін шектейтін ол физикалық жетіспеушілік емес, қоршаған орта және оның ыңғайсыздығы, сондай-ақ қоғамның оларға деген қарым-қатынасы  осыған келісесіз бе?

– Мүгедектігі бар жандарды түсіну және қолдау инклюзивті қоғам құруда маңызды рөл атқарады. Шектеулі мүмкіндіктер тек физикалық кемшіліктерден ғана емес, сонымен қатар психикалық, когнитивті немесе шектеулердің басқа түрлерінен де туындауы мүмкін екенін ескеру маңызды. Кейбір әсіресе үлкен кісілерде «Неге мүгедек жандар тыныш үйінде отырмайды?» деген түсінік барын жоққа шығара алмаймын. Осы түсініктен мүмкіндігі шектеулі жандар қаймығатыны рас. Сол қорқынышпен қоғамдық өмірге араласпай, үйінен шықпай, өмірдің бар тауқыметін жалғыз көтерген адамдар аз емес. Сондайда қоғамнан қолдау болса, қиын жағдайға тап болған азамат жаңа өмірге бейімделіп, тезірек қайғысын жеңілдетеді. Өз басым біраз уақытымды күйзеліспен өткізіп алғаныма қатты өкінемін. Локдаунда жұмыс істеуді, тек пандемияда емес, 2014 жылдан бері өз басымнан білемін. Біраз өмірім осы локдаун жағдайында өтті деп айтар едім (күлді – бұл сау адамдарға сабақ боларлықтай әсер етті – Г.С.) «Сау адамның басында алтын тәж бар!» деген мүгедектер арасындағы түсінікті мен ерекше атап айтар едім. Шынында да солай, аяқ-қолың сау, айналаң аман, «Әйеліммен ұрсысып қалдым» немесе «несиеге баттым, өмірден түңілдім» деген жандар алдыма көп келеді, жүз қуанатын нәрседен бір мұңаятын нәрсеге қайғырып, шала бүлінетіні тағы бар. Оларға «денің сау ғой, аяқ-қолың аман ғой, басқа шаруа ниет етсең дөңгеленеді ғой» деп айтамын. Проблеманы көрсең, ол азаймайды, көбейе береді, одан да саған берілген мүмкіндігіңді арттыр, соған күш жұмса деймін. Біздер, мүгедектігі бар адамдар, сол мүмкіндіктерді іздейміз. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасты өзгерту керек, бұл тәрбие тіпті балабақшадан басталып, мектепте, жоғары оқу орнында, одай кейін де жалғасуы тиіс деп есептеймін. Мүгедектігі бар адамдар қоғаммен өзара әрекеттесуі және толыққанды өмір сүруі үшін инклюзивті орта құруы, білім алуды қолжетімді ету, еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктер, ақпарат пен коммуникацияның қолжетімділігі, мүгедектігі бар адамдарға деген түсінік пен эмпатияның артуы сияқты маңызды аспектілерді ескеру қажет.

– Биыл әлеуметтік желідегі парақшасында еліміздегі әуе компаниялары мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдік жасалмайтыны көрсетілген видео жарияладыңыз. «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға әуе билетін жеңілдікпен сату деген жоқ. Осыған байланысты 12 сәуірде премьер-министр­дің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, 4 пункт ұсынып отырмыз» дедіңіз. Осы мәселе оң  шешімін тапты ма?

– Бұл бағытта әлі де жұмыс істеп жатырмыз. SCAT әуе компаниясында бұрынан жеңілдіктер бар болған, бірақ соңғы жылдары бұл жеңілдіктерге кедергілер қойылған. Мүгедек жанға орын тегін болғанымен, қасында бірге ұшатын жол серігі міндеттеліп, оған билеттің құнына екі-үш есе ақша төлеп, билет алатындай етілген. Оның несі жеңілдік?! Депутаттық сауалдан кейін, жоғарыда айтылған әуе компаниясы қазір өздерінің жеңілдіктеріндегі кедергілерін жоюда, қазір мүгедектер тегін ұша алады, тек борттағы алымдар үшін 3-5 мың теңге көлеміндегі төлемі бар төлейтін, ал жол серігі нарықтағы бағаны төлейді. Осы жазда Fly Arystan әуе компаниясы бірінші рет мүгедектігі бар тұлғаларға еліміз бойынша тегін ұшу мүмкіндігін берді. Бірақ 1 рейсте бір-ақ адамға тегін ұшу рұқсат етіледі. Оның үстіне 15 күн бұрын әуекомпаниясына алдын ала тапсырыс беруіңіз қажет. Бұл – әлі бірақ пилоттық жобадағы шаруа. Жалпы, бұл жеңілдіктің бәрі – әуе компаниялары өздері беріп жатқан мүмкіндіктері. Енді біз мұнымен тоқталып қалмай, Көлік министрлігімен бірлесе жұмыс істеудеміз. Егер осы мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау мәселесін тасымалдау ережелеріне енгізер болсақ, біраз жеңілдік қарастырылады. Осы ереже бойынша әуе компаниялары 50% жеңілдікті ұсынар еді. Нормативтік құжаттағы ережелер дұрысталса, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жақсы жаңалық болары сөзсіз. Негізінен, ұлттық компанияларға ұсынысты бердік, олар пайда-зиянын есептеп, бір шешімін айтатын болады.

Ал автомобиль және теміржолмен тасымалдау мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Қалааралық автобус мүлде жоқ деуге болады, бола қалған күнде автобуста мүгедектерге арналған техникалық мүмкіндік тіпті жоқ, ал пойыздарда жеңілдіктердің бәрі бар, бірақ тиісті арнаулы вагондар аз. 700-800 жолаушысы бар бір пойызда арнайы 1 вагон болуы мүмкін, оның өзінде мүгедектерге 1-ақ орын беріледі. Қазіргі сатып алынатын жаңа әр вагон мүгедек жандарға қолжетімді, электрокөтергішімен мүгедектігі бар жандарға ыңғайлы болуы тиіс.

– Алдағы уақытта қандай істі қолға алмақсыз, сізді қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?

– Мүгедектігі бар адамдардың мәселелерінен бөлек, тау­-кен инженері мамандығы бойынша маманданып, осы салада жұмыс істегендіктен, назарымды тау­-кен секторының мәселесіне бұрудамын. Тау-кен секторындағы қауіпсіз және экологиялық тұрақты өндіру тәжірибесін қамтамасыз етуді, сондай-ақ жұмыс орындарын құруды және осы саладағы инновация­ларды ынталандыру бойынша тәжірибем­мен бөлісу ойда бар.

Менің депутат ретіндегі мақсатым – осы екі маңызды бағытқа баса назар аудара отырып, еліміздің дамуына ықпал ететін заңнамаларды әзірлеу және Президенттің реформаларын жүзеге асыру үшін бар күшімді салу.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button