Қоғам

Жігерлі жастар жобасы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Jas sarbaz – Jastar jylynda» жобасының салтанатты жабылуы өтті. Іс-шара аясында күзгі әскери-қолданбалы спорт түрлері мен әскери-патриоттық әндер конкурсының жеңімпаздары және қозғалыс белсенділері марапатталды.Жастар жылына орай ұйымдас­тырылған іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Астана жастары» ресурстық орталығы және Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері департаментінің қолдауымен өткізілді.
Жалпы, жыл басынан бері «Jas sarbaz – Jastar jylynda» кешенді жобасы аясында №68665 әскери бөлімшесінде 3 күндік күзгі әскери-патриоттық ойындары, мектептер мен лицейлерде жеңіл атлетикадан марафон жарысы, футбол және волейбол сайыстары өткізілді. Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерімен, жауынгер-интернационалистермен кездесулер ұйымдастырылып, онда оқушылар еліміздің бұрынғы және қазіргі заманғы тарихының маңызды мәліметтеріне қанығып, үлгі-өнегеге бөленді.
Аталған іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері департаменті басшылығы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы Талғат ­Рахманберді, Мәжіліс депутаты Геннадий ­Шиповских, «Астана жастары» ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат ­Налшыбек қатысып, жас сарбаздардың өнерін бағалап, мақсаттарына жетуге сәттілік тіледі.
– Елордамыздың дамуында тек билік өкілдері ғана емес, жастардың да атқаратын рөлі зор. Осы жылы астаналық жастарға арналған және жалпы Жастар жылына арналған 600-ден астам шара өткізу жоспарланған. Бас қалада 6 мыңға жуық жас сарбаз бар, олардың бәрі – еліміздің болашағы үшін қызмет ететін өрендер. Жұмысымыздың бір бағыты жастарды қолдау болғандықтан сіздермен тікелей жұмыс істеуге және жастардың бастамасын қолдауға дайынбыз, – деді қалалық Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.
Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бас­тығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы, капитан Ерболат Жүсіпов жыл бойы түрлі жарыс­тар мен байқауларға қатысқан жас сарбаздарға, олардың тәрбие­шілеріне алғысын білдіріп, «Жас сарбаздар» дайындық пен патриотизм­нің, жеңіске деген жігердің жоғары дәрежесін көрсетті. Күзгі әскери-патриоттық жарыстардағы тәрбиеленушілердің көрсеткен үздік нәтижелерін айта кетуіміз қажет. Бүгін біз жас патриоттарымызды марапаттай отырып, олар еліміздің болашағын көркейтуге өз үлестерін қосады деп сенеміз» деп жастардың жігеріне жігер қосты.
«Jas sarbaz – Jastar jylynda» жобасының жабылу салтанаты әскери-патриоттық әндер конкурсымен аяқталды. Жарыс жеңімпаздарымен қатар қазылар алқасының ұйғарымымен бірнеше үздік тәрбиеленушілер мен тәлімгерлер де марапатталды. Ең бастысы, жасөспірімдер елдің келешегі өздерінің қолдарында екенін, Отанды қорғау, мемлекеттің мерейін көтеру үшін білімді әрі күшті болу керектігін түйсінді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button