Құқық

Уақыт талабына сай реформа керек

Жақында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында еліміздің жаңа саяси-­экономикалық, әлеуметтік және құқықтық саладағы дамуына бағытталған келелі ұсыныстар айтылды. Осыған байланысты Астана қаласы  Байқоңыр ауданы №2 сотының судьясы Бағлан Ыдырысовты әңгімеге тартқан едік.

– Бағлан Құттықожаұлы, жалпы осы Жолдауында Мемлекет басшысы бір тарауды заң мен тәртіпке арнап отыр. Құқық саласының қызметкері осыдан қандай тұжырым жасауы керек?

– Президент Жолдауында сот жүйесін әрі қарай жетілдіруге байланысты бірнеше бағытты айқындап берді. Уақыттың талабына сай реформалар жүргізіледі. Сот саласындағы реформалар, жаңашылдықтар, бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған.

Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Мемлекетке деген сенім де осыған да байланысты. Осы орайда, соттарға жүктелген жауапкершіліктің жүгі зор. Қолжетімді, сенімді, әділ сот төрелігі, судьяның беделі, ұғынықты және негізделген сот шешімі арқылы қалыптасады.

Сот жүйесіне сауатты мамандар өте қажет. Қоғам даму үстінде, сондықтан халықтың мұңын түсіне білетін, дұрыс шешім қабылдайтын білікті мамандарға сұраныс артып отыр. Өз кезегінде, судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды. Олар күшейтілді. Кездейсоқ адамның судья лауазымына орналасуына жол берілмейді. Әрбір заңгер бола алмайды. Олар іріктеуден өтеді. Жасы 30-ға толған, белгілі бір жұмыс өткелі және тәжірибесі мол, жоғары білікті, адал, жемқорлықтан таза болуы қажет.

– «Барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмау керек» дегенге не айтасыз?

– Еліміздің сот жүйесі үш сатыдан тұрады. Олар бірінші инстанция, апелляциялық және кассациялық сот алқалары болып бөлінеді. Еліміздің заңнамаларында судья қандай да бір істі және шешім шығару барысында тәуелсіз. Ол заң талаптарына ғана бағынуға міндетті. Осы ретте, Президентіміз соттардың шешім шығару барысында жоғары тұрған соттардан тәуелсіз болуын және аудандық, қалалық, облыстық және жоғары соттар бір деңгейде болу керектігін атап өтті. Әрине, бұл өз кезегінде сот шешімі дербес қабылдағанын растап, халықтың сотқа деген сенімін арттырады.

– «Сот алқасының төрағасы судьялардың өз ішінен сайлансын» деген ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?

– Президент Жолдауында «көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын» деді.

Қазіргі кезде, Жолдаудың осы бөлігі қалай жүзеге асатыны талқыланып жатыр. Сондықтан тетіктері толық анықталмады. Аудандық, қалалық соттардың және сот алқаларының төрағалары сол сотта жұмыс істейтін судьялардың арасынан сайланатын болады. Белгілі бір мерзімге тағайындалады.

Демек, өз араларында болғандықтан беделі бар, білікті, білімді және тәжірибелі маманды төраға ретінде тағайындайтындары түсінікті.

– Судьялардың дербестігін арттыру мәселесі турасында не айтасыз?

– Негізінде,  заңнамаларда «судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi. Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi» деп көрсетілген.

Осы заң талаптарының орындалуы және сот тәуелсіздігі туралы мәселе әрдайым айтылып жүр.

Президентіміз бұл мәселені бұрын да көтерген болатын. Жолдауда «күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек» деп назар аударса. Бұған дейін де, Мемлекет басшысы судьялардың VIII съезінде: «БАҚ-тың жариялылығын, ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сот төрелігі тек сот залында жəне тек қана сот процесінің қорытындысы бойынша жүргізілуі тиіс. Əрбір судья өз əрекеттері мен шешімдері үшін жеке-дара жауап береді. Сотқа қысым жасау фактілері үшін заң бойынша жауап беруі қажет» деп бұл мәселенің ара-жігін ашып берді.

Қазіргі таңда, барлығына белгілі сотта қаралып жатқан істер әлеуметтік желілер де және БАҚ да көп талқыға түседі. Қоғамда пікірталас тудырып жатады. Сот үкімі шықпай жатып, тұлғаның кінәлі не кінәлі еместігін айқындап қояды. Сөйтіп, қоғамда белгілі бір пікір қалыптасады. Заңды және әділ шығарылған сот шешімімен қоғам келіспей жатады. Нәтижесінде барлығына сотты кінәлап жатады. Әрине, бұл – сот төрелігін жүзеге асыруға қысымның бір түрі. Сондықтан да сот төрелігіне қысым жасау заңмен қудалануға әкеп соғатынына назар аудару керек.

Сонымен қатар, ақтау үкімі – көбіне көп құқық қорғау органдарына ұнамауы мүмкін. Себебі олардың көзқарасы басқа болуы ықтимал. Сондықтан Президент өз Жолдауында судьяның жұмысына және сот төрелігін жүзеге асыруына ешкімнің араласпауына жол берілмейтіндігін тағы да айқындап берді.

Сот жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғау, қалпына келтіру бағытында жұмыс істейді.

Сол себепті, сот ешқандай да қоғамдық, бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің, қандай да бір органның қысымына қарамастан заңға негізделген әділ шешім шығаруға міндетті. Заң шеңберінде соттың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілгенімен, ол судьяға қысым мен сот шешімін өзгерту құралы ретінде қолданылмауы керек.

– Сот жүйесін реформалау жайы айтылып қалды…

– Сот жүйесіндегі реформалар, оның нәтижесі халықтың, қоғамның, еліміздің және шетелдік бизнес өкілдерінің сот төрелігіне сенімділіктерін арттыратыруға, әділ және заңды шешім қабылдайтын сот жүйесін әрі қарай жетілдіруге және сот корпусын білікті және тәжірибелі мамандармен нығайту,  судьялардың қорғалуына заңмен кепілдік беруге бағытталған.  Оның бірнеше басымдығы бар. Атап айтсақ, судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс.

Соттың тәуелсіздігін нығайту арқылы оның әділ және ашық болуын қамтамасыз ету. Осындай жағдайда ғана әртүрлі мәселемен сотқа жүгінген азаматтардың сот билігіне деген сенімі нығаяды.

Судья болуға үміткерлерге талаптарды халықаралық тәжірибеге сәйкес күшейту; кандидаттарды іріктеудің жаңа жолдарын қарастыру; сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы қылу, мемлекеттік мекемелер өз араларындағы дауды жоғары тұрған мемлекеттік мекемеге жүгіну арқылы шешу; істерді қарау барысында ІТ-технологияны кеңінен қолдану.

Президенттің ұсыныстарына қарай отырып, сот жүйесін әлі уақыт сұранысына сай жетілдіру қажет екенін түсінеміз. Алда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұрғаны сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button