Жаңалықтар

АЙНАЛМА ЖОЛ КЕПТЕЛІСТІ АЗАЙТАДЫ

Қазіргі таңда Астанада көлік жүктемесін азайту мақсатында шағын айналма жолдар құрылысы қарқынды жүргізілуде.

kbb_5266

Бүгінде қала халқы миллионға жетіп, мегополиске айналды. Көліктің саны да өсіп, кептеліс пайда болды. Сол тығырықтан шығу үшін елорда әкімдігі бірқатар жобаны қолға алған. Әсіресе, кіші айналма жолдың құрылысы көлік жүктемесін шешуге мүмкіндік бермек. Оның жалпы ұзындығы – 35,0 км. Кіші айналма жол тәулігіне 90 мыңнан аса автокөлікті өткізуге қабілетті. 2021 жылы 20 мың автокөлік қала орталығын айналып өтеді деп жоспарлануда.
«Биыл Қошқарбаев көшесінің құрылысын толығымен аяқтаймыз. Сондай-ақ, Бейсекова көшесінің Сығанақ көшесінен Ұлы дала көшесіне дейінгі ұзындығы 2,9 шақырымдық учаскесін салу жалғасады. Сарайшық көшесінің Тұран даңғылынан Бейсекова көшесіне дейінгі ұзындығы 3 км құрайтын бөлігі ашылады. Мұнымен қоса, биыл ұзындығы 10,5 км құрайтын 11 көше пайда болады, оның ішінде 48 км инженерлік желі – жылу трассасы, су құбыры, кәріз жүйесі, байланыс кабелі тартылады» деп газетімізге берген сұхбатында Автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сәулебаев айтқан еді.
Сонымен бірге Ш.Бейсекова пен Н.Тілендиев даңғылы қиылысында көліктік айналма жол құрылысын жүргізу жұмыстары қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенде жүзеге асады деп күтілуде.
Жалпы, жол сапасы көлік санына байланысты. Мәселен, елордада 400 мыңның шамасында автокөлік бар. Айталық, 7 мың көлік жолдың бір жолағымен жүргенде, ол жол 5 жылдан кейін күрделі жөндеуді талап етеді. Ал Астанада бір жолақпен 30 мың көлікке дейін жүреді екен.
Сондай-ақ, Болат Сәулебаевтың айтуынша, биыл «Арыс» және «Арқар» көпірлерінің көлік жүретін бөліктеріне ағымдық жөндеу жұмыстары басталмақ. Алғашқысында көлік жүретін бөлік 2009 жылдан бері жөнделмеген. Басқарма мамандары жыл сайын қаладағы барлық көпірлерді тексеріп отырады. Егер ақаулар табылған жағдайда жөндеу жүргізіледі.
Бүгінде бас қалада 20 көпір бар. Соңғы көпір 2013 жылы Ш.Бейсекова көшесінде пайдалануға берілген. Олар Есіл өзені арқылы қаланың оң жағалауы мен сол жағалауын жалғап жатыр. Атаулары да ұлттық болмыстан сыр тартады. «Арыс», «Арқар», «Марал» Тұран даңғылы мен Сарыарқа көшесін қосатын «Тұлпар» және Қабанбай батыр даңғылы мен Бараев көшесін жалғаған «Қараөткел» көпірлері композициялық жағынан көшпенділер өркение­тінің бай тарихын баяндайды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button