Қоғам

Айттау деген қайыр сұрау емес қой…

Құрбан айт – ырыс пен ынтымақтың, құт пен берекенің мейрамы. Осы мейрамға тән дәстүріміздің бірі – айттау. Өкініштісі сол, айттау дегенді бүгінгі балаларға үлкендер дұрыс түсіндірмей жүр. Өзім куә болған оқиғаны баяндайын.

Айттың екінші күні даладан үйге кіріп келе жатсам, қазақтың екі баласы қабаттағы үйлердің есіктерін қағып, «айттық» сұрап жүр. Не істер екен деп, қылықтарын бақылап тұрдым. Бір көрші әжей оларға бір уыс кәмпит ұсынды. Әлгілер алмай: «Апай, оның орнына ақша берсеңізші!» деп өтініш жасады. Екінші бір үйдің иесі тиын беріп жатыр еді, әлгілер: «Ақшаңыз жоқ па? Қағаз ақшаны айтып тұрмын!» деп өзеуреді. Үй иесі сасқанынан үйіне ақшаға жүгірді. Бір кезде кезек менің пәтеріме де келді. Үйім­нің қоңырауын тоқтамай басып, «шыңғыртып» жатқанында: «Кімнің баласысыңдар? Қай жақтан келдіңдер?» деп сұрадым. «Ағай, оны қайтесіз? Одан да бізге айттыққа ақша беріңіз!» деп таңдайын тақылдатты сәл ересектеуі. Үйге шақырсам, кірмейтіні айдан анық. Ой, Алла-ай! Сары сайтан (үлкендер бала күнімде ақшаны осылай атайтын) билеген заманның баласының бар сұрайтыны: «Ақша! Ақша!».
Әдепсіз, тексіз қылық көрсеткен балаларды жеделсатыға дейін шығарып салдым. Қалтамда ақшам болса да, бермедім. Бала күнімізде үлкендерге еріп, біз де айттайтынбыз. Айттық сұрау деген дәстүр бізде болған жоқ. Ешкімнен ақша сұрамаушы едік. Әр айттап барған үйден екі қолымыз­ға толтырып кәмпит ұсынатын-ды. Соған мәз болып, қалтамыздың бәріне толтырамыз. Сыймағандарын бір дорбаға жинаймыз. Үйге келген соң, басқа бауыр­ларымызға үлестіріп береміз. Үлкендер бізге ең бастысы: «Айт қабыл болсын!» деген сөзді айтқызатын. Ақсақалдарға сәлем беріп, ақ батасын алуға үйретуші еді. Ораза айты мен Құрбан айттың қастерлі мейрам екенін сезінетінбіз. Ал бүгінгінің баласының санасына осыны неге сіңірмейміз? Әр үйдің есігін қағып, ақша сұраған (қайыр-садақа сұрағанмен бірдей) баланың қылығын кім құптайды? Сонда қазіргі балалар айттау дегенді қайыр тілеу деп түсіне ме? Жаныңа бататыны, «айттап» жүріп, ақша сұрайтын – өзге ұлттың емес, қазақтың баласы. Бұған не дейсіздер, ағайын?

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button