Құқық

Алаяққа алданып қалмаңыз

slide0

Астанада басты мәселе – баспана мен жер. Елордаға көшіп келушілердің осы «жанды» жерін алаяқтар да жақсы біліп алған. Соңғы бес жылда алаяқтық жолмен азаматтардың сенімін пайдаланып, пайдақорлық ниетін жүзеге асырғандар және бөтеннің мүлкін жымқыру сынды қылмыстар көбейген.  

Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының судьясы Убайдулла Қошановтің айтуынша, тек Алматы ауданы бойынша былтырғы жылдың алғашқы алты айында алаяқтық қылмыстар жасағаны жөнінде 144 адамға қатысты 128 қылмыстық іс түскен. Соның негізінде 85 адамға қатысты 68 қылмыстық іске үкім шығарылған. Осылайша, 33 адам сотталып, 6 адамның бостандығы шектелген. Мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындаумен 21 адамға, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза берілген.

Биылғы жылдың 6 айының деректеріне сай, Алматы аудандық сотына 19 адамға қатысты 17 қылмыстық іс түскен. 8 адамға қатысты 7 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған. 10 адам сотталса, оның ішінде 2 адамның бас бостандығы шектелген. Мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындаумен 10 адам және 2 адамға белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

– Сотталған азаматтардың дені «үй алып беремін, жер телімін алуға көмектесемін» деп жұртшылықты алдап, ақшасын жымқырып кеткен. Сондықтан азаматтар абай болғаны жөн. Кез-келген жылжымайтын мүлікті алу және беру тек заң аясында жүзеге асырылатынын әркім естен шығармауы тиіс, – дейді судья Убайдулла Қошанов.

Сот өндірісінде қаралып жатқан алаяқтық жолмен біреудің мүлкін иемдену үшін жасалған қылмыстар сан алуан. Соның бір мысалын келтіре кетейік. Астана қаласының тұрғыны Рүстем атты азамат «жеке үй салу үшін жер телімін алып беремін» деп уәде беріп, құрығына түсірген адамдардың әрқайсысынан 25 мыңннан 30 мың АҚШ долларына дейін ақша бопсалаған. Ол өзгенің сеніміне кіріп алып, 9 жәбірленушіге алаяқтық жолмен жалпы құны 58209530 теңгеге материалдық залал келтірген. Бұдан соң алған ақшаларды жәбірленушілерге қайтармай, оларға тиесілі болатын 16,2008 гектар жер телімін бөтен азаматпен келісім шартқа отырып, жердің бәрін 28 пәтерге ауыстырып жіберген. Онымен қоймай, пәтерлерді өз меншігіне жекешелендіріп алған. Сот үкімімен алаяқ азамат Қылмыстық Кодекстің 177-бабының «Б» тармағымен айыпты деп танылып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Оның қылмыстық жолмен тапқан жеке меншігіндегі мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленген.

Қазіргі таңда сот үкімін орындау мақсатында сотталушының жеке меншігінде тәркіленген мүлкі сот орындаушылар арқылы сатылып, жәбірленушілерге келтірген материалдық шығындар қайтарылу үстінде.

Сондықтан мамандар жеке меншікке пәтер, жер телімін сатып аларда сатушы тараптың бүкіл құжаттарын түгел тексеріп, мемлекеттік органдардан тиісті анықтамалар алуға кеңес береді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button