Қала тіршілігі

Әулиеата мен Кереку елордалықтарды қуантты

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  Астана қаласында өткен «Тарихы терең Тараздан сәлем» атты Жамбыл облысының күндері 23  қыркүйек күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық Орыс театры сахналаған  С.Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегі қойылымымен басталды. Бұл шара Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымымен жалғасты. Мәдени басқосудан кейін облыс және Астана қаласы әкімдерінің атынан ықылас гүлдері қойылды. 

Тараз – тарихтың алтын діңгегі

Ұлттық мұражай
Әулиеаталық делегация сенбі күнгі шараларды жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Кеңес ода­ғының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқ­тарын қоюмен бастады. Содан кейін Ұлт­тық музейде Жамбыл облысы музейлері қо­рының көрмесі өтті. Шараның ашылу салтанатында музей директоры Дархан Мыңбай нысанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­масымен «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасы аясында ашылғанын, мұнда еліміздің әр өңірінен аса құн­ды жәді­герлер сақталғанын жеткізді. «Жам­былдықтар ға­сырлар қойнауынан сыр шерткен дүниелерді Ұлттық музейге әкелді. Елбасы тарихи қалаға «Тараз – та­рихымыздың алтын діңгегі» деп баға берген. Олар сол тарихтың терең қазы­насын арқалап жетті» деді Д.Мыңбай.
Бұл көрменің бағасы сонау үшінші ғасырдан бергі жәдігерлердің кө­рініс табуы­мен арта түсті. Жамбыл то­пы­­рағынан табылып, қазылып алынған дүниелер Тас, Қола, Орта ғасыр дәуірлерінен сыр тартады. Ислам өркениетінің келуі­мен пайда болған ерекшеліктер де астана­лық­тардың қызығушылығын тудырды. Әсіресе, Жетітөбе обасының алтын бұ­йымдары, Айша бибі кесенесінің кір­піштері, қоладан, қыштан жасалған ар­хео­логиялық жәдігерлер ғасырлар қойнауына жетелейді.

«Қилы заман» көпшілікті қызықтырды

14

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Қазақстанда жасалған» акция­сы аясындағы көрмеде Жамбылдағы «Қазфосфат», «Фабрика Пош-Тараз», «Құрылыс-полимер», «Айвенго», «Бағұл», «Рыспаева және К» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тіктерінің өнімдері ұсынылды. Шарада көпшілік «Қазақ хандығына 550 жыл – Тараз тойы» деректі фильмін тамашалады.
Осы нысанда ұйымдастырылған өңір өнер­паздарының «Ұлы дала – ұлысым!» атты концерттік бағдарламасы да елор­далықтарға тамаша тарту болды. Облыстық драма театр актерлері қой­ған театр­ландырылған көрініс Қазақ хан­дығының құрылу кезеңінен хабар береді. Мәдени ұжым­ның Жастар театрында сахна­лаған Н.Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасы көп­ші­лікті ерекше әсерге бөледі.

Жамбылдың  жәрмеңкесі,
Керекудің керуені…

жәрмеңке

Ескі алаңда өткен өңірдің ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесіне ас­таналықтар көп жиналып, сауданың көркін қыз­дырды. Мұнда көпшілік тұрмысқа аса қажетті ұн, ет, қант, май өнімдерін нарықтағыдан арзан бағамен сатып алды. «Мұнда барлық ауыл шаруа­шылығы өнімдері өте арзан. Мен тәтті бұрыш, алма, дәмді нандар, картоп сатып алдым. Бағалары өте тиімді» дейді Астана қаласының тұрғыны Сағат Игісінов. Елордалықтар, әсіресе, Меркінің бал өнімдері, Шудың көкө­ністері, бақша өнімдері айрықша тарту болғанын айтады. Бұл жәрмеңкеге келгендер қызанақтың келісін – 130, қиярдың келісін – 90, кар­топтың келісін 40 теңгеден сатып алды. Жамбыл облысынан жәрмеңкеге жалпы сомасы 300 млн теңгені құ­райтын 315 тонна өнім әкелінген. Елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы, экологиялық таза және пайдалы өнімнің 30 түрі ұсынылды.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Мәлика БЕКТҰРОВА, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
– Павлодар және Жамбыл облыс­та­рының жәрмеңкесі астана­лықтарды дән риза етті деп ойлаймын. Жәр­мең­­келерде азық-түлік өнімдері молынан ұсынылған, екі күн бойы ұйымдас­ты­рылған жәр­меңкелерде 40 тоннаға жуық өнім өткізілді. Таңғы сағат 8-ден бастап келген адамдар ет өнім­дерін, көкөністер алуда. Бағалары 15-20 па­йызға төмен, кейбір тауарлар Аста­надағы бағадан 35 пайызға дейін арзан.

Осы күндері Керекуден жеткен керуен де «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының маңына тоқтады. Астанаға Павлодар облысының барлық аудандарынан жүзден аса кәсіпкер 90 тонна ет және ет өнімдері, 300 тонна картоп, 140 тонна көкөніс және басқа да тартулары жетті. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар, Ертіс өңірінің халық шығармашылығы мен қолөнер бұйымдары бар. Елордалықтар Павлодар облыстық филармониясы ұжымының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Төлеу ҚҰШМАНОВА,
Павлодар облысындағы «Сағып» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Екі күнге жалғасқан жәрмеңкеге 1,5 мың литр­дей қымыз, 50 келіге жуық құрт алып келгенбіз. Таңнан бері көп уақыт бола қойған жоқ, бірақ құртымыз бітіп қалды. Ал елор­далық­тардың қымызға деген сұранысы жоғары екен. Бір литрін 500 теңгеден сатып отыр­мыз. Соның өзінде тұтынушылар алып жатыр.
Осындай шараларды құптай­ты­нымды жасырмаймын. Кәсіпкер­лерге де, халыққа да пайдалы. Ең бастысы, өңірлер мен астана арасындағы байланысты нығайтып, мә­де­ниеттің де ілгерілеуіне септеседі.

Жәрмеңке барысында асық ату, арқан тарту, кір көтеру, қол күресі сынды түрлі ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлық ретінде азық-түлік таратылды.
Еліміздің дамуында өзіндік үлестері бар өңірлердің жәрмеңкесін Астана әкімі Әсет Исекешев те аралап көрді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button