Жаңалықтар

Алғашқы сапарын Түркістаннан бастады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жұмыс сапары Түркістан қаласынан басталды.

Әуелі Мемлекет басшысы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі­нің археологиялық және архитектуралық ескерткіштері мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді. Қасым-­Жомарт Тоқаев қала жұрт­шылығымен кездесіп, өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының Түркістан қаласынан басталуында үлкен мән барын жеткізді.
– Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаң­ғыруы мен жаңаруы даму жолымыз­дың дұрыс­тығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандыр­ған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Үкіметке бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына орай қайта бейімдеу­ді, сондай-ақ имидждік іс-шараларға арналған шығындарды азайтуды тапсырды.
– Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым ең алдымен – сабақ­тастық. Сабақтастық жоқ жерде тұ­рақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл – бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі. Екінші ұстанымым – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді, – деп мәлімдеді Президент Түркістанда сөйлеген сөзінде.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button