Құқық

Ақаулы көлік апатқа апарады

Адам өміріндегі ең басты қағидат қауіпсіздік болса, темір тұлпарға аяқ артқан бүгінгі таңда міндетті техникалық қарап-тексеру сол қауіпсіздіктің кепіліне айналып отыр. Ендеше міндетті техникалық тексерудің қандай тұстары халыққа тиімді, Қазақстандағы міндетті техникалық қарап-тексеру стансаларын кімдер бақылайды және кімдер жауапты деген мәселелер төңірегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Самат ҚУАНЫШҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.– Самат Қуанышұлы, қазіргі уақытта еліміздегі міндетті техникалық қарап-тексеру жұмысының барысы қалай?
– 2012 жылы міндетті техникалық қарап-тексеруді Қазақстан Республи­касы Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің құзыретіне берген сәттен бастап бүгінге дейін техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлік құралдарының саны жыл сайын төмендеуде. 2012 жылы тексеруден өтпеген көлік құралдарының сандық көрсеткіші 13 пайыз­ды құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 5 пайызды құрады.
Тексеруден өтпеген көлік құралдары санының төмендеуіне бірінші кезекте техникалық қарап-тексеру орталықтарын ашу рәсімін оңайлату, екіншіден, шағын және орта бизнеске қатысты бақылау-қадағалау іс-шаралары бөлігінде тексеруді жеңілдету әсер етті. Үшіншіден, М1 санатындағы 7 жылғы көлік құралдары үшін техникалық қарап-тексерудің алынып тасталуы маңыз­ды рөл атқарды. Жоғарыда көрсетілген факторларға байланысты техникалық қарап-тексеруден өтуде заң бұзушылықтың жаңа түрлері пайда болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына және НҚА талаптарына сәйкес келмейтін жерлерде көзбояушылықпен қараусыз өткізу фактілері пайда болды. Міне, бұл жағдай техникалық қарап-тексерудің шарттарына өзгеріс енгізуімізге мұрындық болды.
– Аталған заң жобасына қандай өзгерістер енгізілді?
– 2019 жылы міндетті техникалық қарап-тексеруден өту сапасын жақсарту мақсатында министрлік «Жол қозғалысы туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына түзетулер енгізуге бастама жасады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 тамыздағы №621 қаулысымен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы міндетті техникалық қарап-тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізді. Министрлік бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу­шілермен «Міндетті техникалық қарап-тексеру» БАЖ операторымен бірлесіп (БАЖ осы бағдарлама арқылы міндетті техникалық қарап-тексеру нәтижелерін сайтқа беруді жүзеге асырады, eisto.kz) бағдарламалық қамтамасыз етуді тексеру рәсіміне қатыс­ты түсініктемелер берілді. «Идентификациялық кілттер» жаңартылды.
– Жоғарыда заң бұзушы­лықтардың көбейгенін айттыңыз, ендеше сол заң бұзушылықтарды болдырмау үшін министрлік қандай жұмыстарды атқаруда?
– Биыл министрлік «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңы­на, сондай-ақ міндетті техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және өткізу ережелеріне өзгерістер енгізді. Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында «ҰАТ» АҚ «міндетті техникалық қарап-тексеру» бірыңғай ақпараттық жүйесінің операторын анықтайтын әдісті жүзеге асырдық. «ЭТОРА», «МЕТА», «АТУМЕЛЬ», «ГАРО» және «АИСТО» ­сияқты міндетті техникалық қарап-тексеру нәтижелерін беруді жүзеге асыратын бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі тексеру басталды. Алайда баж операторы бағдарламалық қамтамасыз етуге сәйкес келмеуіне байланысты «ГАРО» және «АИСТО»-дан деректерді қабылдау тоқтатылды. Бүгінде жоғарыда көрсетілген екі бағдарламаны әзірлеушілер талаптарға сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізбеген, осыған байланысты 160 міндетті техникалық қарап-тексеру орталығы жабылды.
– Міндетті техникалық қарап-тексеру бойынша заң бұзған операторларға қандай жаза қарастырыл­ған?
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес міндетті техникалық қарап-тексеруді жүргізу және өткізу ережелерін бұзғандарға әкімшілік айыппұл салу көзделген. Атап айтқанда, 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Кінәсі ауыр болса, міндетті техникалық қарап-тексеру операторларының тізілімінен шығарып тастау да қарас­тырылған. Сонымен қатар, тізілімге енгізілмеген адамдардың диагностикалық карталарды сатуы және көлік құралын тексермей міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізуі ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл қылмысқа жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу сияқты әрекеттер қамтылады.
– «Ұлттық ақпараттық технологиясы» АҚ-тың бірыңғай ақпараттық жүйе­сінің операторы ретіндегі рөлі неде?
– «Ұлттық ақпараттық технологиясы» АҚ бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық бөлігі бойынша кемшіліктерді анықтау, сондай-ақ міндетті техникалық қарап-тексеру орталығында пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуге тексеру жүргізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, оператор міндетті техникалық қарап-тексеру нәтижелерін қолмен енгізуге және осы бағдарламаларды түпнұсқа өнім түрінде пайдаланатын «қарақшы» бағдарламаларды анықтауға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде 27 түрлі міндетті техникалық қарап-тексеру орталығы деректерді «қолмен енгізу»,
фоторедакторларды пайдалану және автомобильсіз міндетті техникалық қарап-­тексеруден өткізу сияқты мәселелер анықталды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button