Жаңалықтар

Астана маңызды көлік хабына айналады

10421218_859861620732804_5946499401745618870_n

Кеше елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппарат жиынын өткізді деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиында Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын орындау аясындағы «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Әкімнің айтуынша, бұл мақсат­тарға жету үшін іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеу қажет. Негізгі жұмыстар Астананы Еу­разияның мәдени, ғылыми және іскерлік орталығына айналдыруға жұмылдырылуы керек.
Қаржы орталығының ерекше заңды мәртебесі Конституцияда бекітілмек. Келешекте ол әлемнің алдыңғы қатарлы 20 қаржы орта­лығының біріне айналып, елорданың іскерлік әлеуетін еселей түседі деп күтілуде.
– Бізге барлық ықтимал жағ­дай­ларды, атап айтқанда, орталық жұмысының транспорттық жүйеге, баспана мен қонақ үйлер нары­ғына, еңбек нарығына, көші-қон мен туристік ағымдарға әсерін ескеру қажет. Ол үшін жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істегеніміз жөн, – деп тапсырды әкім.
Қала басшысы қаржы орта­лығының халықаралық көлік қатынасына әсерін де сөз етті. Осы мақсатта «100 нақты қадамның» 73-тармағында алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен
байланыстыратын авиақаты­нас­тардың тұрақты және қолайлы жүйесі құрылатыны айтылған. Бұл өз ке­зегінде ішкі және қалааралық көлік ағымдарымен тығыз байланыста болуын көздейді.
– Елорда Азия мен Еуропаның арасын байланыстыратын барша құрлықтың ең маңызды көлік хабына айналуы тиіс, – деді әкім. – Бұл тұрғыда Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, «Астана ЛРТ» ЖШС қаланың кешенді көлік жүйесіне қалыптастыруға жүйелі түрде кірісуді, халықаралық, ұлттық және қалаішілік қатынастардың барлығын қарастыруды тапсырамын.
Орталық инфрақұрылымының тағы бір маңызды бөлігі – сапалы ақпараттық-коммуникациялық жүйе. Алдағы уақытта орталық қаты­сушылары ғана емес, Астананың барлық тұрғындары да сапалы, жылдам және қымбат емес байланыс түріне қол жеткізеді деп жоспарланған.
Әкім орталыққа шетелдіктердің көп келетінін, бұл ретте ағылшын тілін барлық жерде қолдану қажеттілігі туындайтынын атап өтті. Ағылшын тілі қаржы орталығының аумағында ресми тіл болмақ.
– Біз қазірдің өзінде ағылшын тілін оқыту және оны жастар арасында насихаттау бойынша жұмыстарды қолға алдық. Қонақ үйлер, мейрамханалар, басқа да қызмет көрсету мекемелерінің қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрете бастауымыз керек. Мемлекеттік және жеке ағылшын тілін үйрету курстарын ашу мәселесін қарастырып, оны материалдық-техникалық, кадрлық және әдістемелік базамен қамтамасыз етуіміз қажет, – деді қала басшысы.
Елорда әкімі, сондай-ақ, туризм саласындағы жұмысты жаңғырту қа­жет­тілігін атап өтті. Әкімнің пікірін­ше, Астана қаласына келушілер санын арттырудың басты тетігі – мерекелік шаралар мен туризмді дамыту.
Жиынды қорытындылаған әкім алға қойылған мақсаттардың маңызды екендігіне тағы да екпін түсіріп, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
– Ауқымды мақсаттарды түйт­кілді мәселе ретінде емес, өзімізді көрсетудің мүмкіндігі, әл-ауқа­тымызды жүзеге асырудың амалы деп қарау қажет. Астананың дамуына сүбелі үлес қосу әрқайсымыздың міндетті борышымыз екенін естен шығармағанымыз абзал, – деді елорда басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button