Қоғам

Астананы көшірді, ел мерейін өсірді

Астананы көшіруге байланысты сұрақтар көп қойылады, шынын айтайын, сол кезде астананы көшіруге қарсы болғандардың бірі өзім едім. Мемлекет басшысы ел астанасын көшіру жайында бәрімізбен ақылдасып жүрді ғой. «Мен Ақмолаға барғанда, Қараөткел көпірінің үстінде тұрып ұзақ ойландым. Дүние жүзіндегі астаналардың дені, негізінен, өзен жағасына салынған. Ақмола өзеннің жағасында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қақ ортасы. Түбінде осы қолайлы болады. Жол қатынасына да дұрыс болады. Шығыс пен Батыстың да ортасында тұрмыз» деген ойын айтты.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері

Сол кезде мен ол кісіге: «Жұрт 3-4 ай жалақысын, балалар шәкіртақысын, қарттар зейнетақысын ала алмай жүр. Қайда көшеміз? Ел жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Қалай саласыз, қалай көшесіз? Мен қарсымын» деп едім. Қиын кезеңде бас қаланы көшіру ол кезде ақылға да сыя бермейтін, қиялға да келмейтін теңдесі жоқ ерлік еді. Бірақ ол қайратты адам ғой, алған бетінен қайтпады. Сол кезде мен мұндай қала болатынын білген жоқпын. Бір күні рәміздер көшетін болды, Ту көшеді, Елтаңба көшеді. Елбасымыз бәрімізді резиденцияға жинады. Сол жерде көзімізге жас алдық. Біз жұртта қалғандай болдық. «Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Алматыны қимай кетіп барамыз. Бұл бізге керек боп тұр. Қазақстанның келешегі үшін керек» деді сонда. Біз ол кезде мән бермедік. Сөйтсек, ол кісі тереңнен, тым тереңнен ойлаған екен. Дәл осы жерде астананы көшірудің тарихи да, стратегиялық та маңыздылығы болды. Сөйтіп, қазір қарап отырсаң, ең қазағы аз, тіпті жоққа тән қала бүгінде қазағы ең көп қалаға айналды. Бұл біздің ешқайсымыз­дың ойымызға келген жоқ еді. Шын мәнінде Астананы ең қиын кезде тәуекелге барып, Арқаның қақ төріне көшіру батырлық еді. Ол мемлекетке қажет болды. Мұны ол кезде біріміз түсінсек, біріміз түсінбедік. Мұның үлкен астары бар болатын. Жасырып-жабатыны жоқ, солтүстік облыстардың жағдайы ушығып тұрды, Петро­павлда, Солтүстік Қазақстан облысында қазақтың үлесі 7-ақ пайыз болатын. Ақмолада да 9 пайыздың маңайында ғана еді. Горбачевтің өзі «Северных областей Казахстана тяготеют к России» деді. Сондықтан астананы көшіруден басқа ол кісінің мүмкіндігі болмады. Шынымен де, басқа амал болмады. Ол кезде жергілікті ұлттың саны да аз еді ғой бұл жақта. Әйтеуір не керек, Елбасы айтқанынан қайтпады. Көшірді, ел мерейін өсірді. Санаулы жылдың ішінде ел астанасы адам танымастай өзгерді. Жалпы елді басқару, оның үстіне қазақ деген елді басқару оңай емес қой. Біз осы күнге Елбасының ақылымен, көрегендігімен келдік.
Ал енді Президенттің инаугурациясын қалай өткізгенімізге келсек, ол да бір естелік. Тұңғыш Президент сайлауының штабын басқарудың, Елбасын тұңғыш рет таққа отырғызу рәсімін атқарудың, Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын, Қазақстан халқының форумын өткізудің, қазақ қазақ болғалы басына тіккен Ақорданың ашылу салтанатында баталы сөз айтудың маған бұ­йырғанын тарихтың пешенеме жазған несібесі деп санаймын. 1991 жылы желтоқсанда сайлау өткіздік. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентін жалпыхалықтық сайлау жөнінде арнайы штаб құрылды. Бұрын біз қанша хан сайлаған ұлт болсақ та, тарихымызда Президент сайлап көрген емеспіз. Сондықтан сол бір жауапкершілікті сезіне отырып, демократиялық жалпыхалықтық сайлау өткіздік. Халық бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы ретінде сайлады. Сайлаудан кейін ұлықтау салтанатын өткізу де бізге жүктелді. Мен ол кезде Орталық партия комитетінде идеология бөлімін басқарамын. Менің қасымда Иманғали Тасмағамбетов, сол кездегі көмекшім Қырымбек Көшербаев, Сауытбек Абдрахманов, Марат Тәжин, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев, Төлен Әбдіков болып еді. Назарбаевты Президент етіп сайладық. Енді Президенттің инаугурациясын өткізу керек болды. Дайындалдық кәдімгідей, арнайы киімін дайындадық. Бір кезде Президент айнаның алдында тұрды да: «Мырзеке, сен маған мұны кигізбе, – деді, – білесің ғой, қазір дүние жүзінен журналистер келіп отыр, сен мынаны кигізсең, ертең бұлар: қазақта тағы бір хан дүниеге келді деп әлемге жар салады. Сен айтып едің ғой бата беретін қарияларым бар деп, солардың екеуі иығыма шапан жапсын, екеуі басыма мұрақты кигізсін, екеуі қолыма белдікті ұстатсын» деді. Солай болды.
Ұлықтау рәсімін өткізу үшін қазақтың баяғы салты – ханды ақ киізге көтеру керек, оған конкурс жарияладым. Бұл қазақтың көңілі күпті болмасын деп, барлық облыстың әкімдеріне тапсырма бердім. Барлық облыс ақ киізін дайындады. Құдайдың құдіреті, бір қылшығы жоқ ақ киіз Жамбыл облысынан келіп түсті. Сосын бүкіл комиссияны жинадық. «Сендер мені кінәлап жүрмеңдер, өзі Жамбылдан болған соң туған жерінің киізін өткізіп отыр деп. Міне, қараңдар, салыстырыңдар» дедім. Көрме жасадық та, астына киіздің қай облыстан екенін жазып қойдық. Жамбылдың ақ киізі сыннан сүрінбей өтті. Ақ киіз оның аяғының астына төселді. Нұрекең ант берейін деп сол ақ киіздің үстіне аяғы тиген кезде, көзіне мөлтілдеп жас келді… Қазақтың ырымы ғой деп Елбасына Маңғыстау жақта тұратын ерлі-зайыпты шеберлерге арнайы тіккізген шапан жауып, басына мұрабын кигіздік. Мемлекет басшысына Абайдың шәкірті Шәкір Әбенов бата берді.
Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ тарихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұңғышы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы. Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулие­лерді аралап, ақыры Райымбек батырдың басына кеп түнеген түні түс көреді… Түсінде иен далада жүріп келеді екен. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді. Жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мылтықты көтеріп алып, иығына салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады… Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: «Құрсақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен» дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі.
Міне, солай, «болат кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді. Қазақ түске мән бергіш, түс жорығыш қой, айтса айтқандай, ес жиып, етек жапқаннан бері Нұрсұлтанның өмірі ел үшін, болашақ үшін күреспен өтіп келеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button