Жаңалықтар

«Elorda Jastary» бағдарламасы  іске қосылады

Елордада жастарға арналған «Elorda Jastary» атты арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама бас қаладағы жас мамандарға жеңілдетілген әлеуметтік несие алуға бағытталған. Мұндай қуанышты хабарды кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жеткізді.

[smartslider3 slider=99]

«Құрметті қала тұрғындары! Сіздерге айтар қуанышты хабарым бар! Елордада жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосамыз. Жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру тұрғын үй бағдарламасы елорданың жас мамандарына арналған. Мысалы, бұл Нұр-Сұлтан қаласында «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрғандарға, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, полиция департаменті, ТЖД қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындардың бейінді қызметкерлеріне және т. б. арналған» деп түсіндірді әкім.
Алтай Көлгінов жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға «Отбасы банкі» мен 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы көмектесетінін айтты. «Elorda Jastary» жастарға, соның ішінде тұрғын үй саласы бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және тағы басқа бағыттар бар» деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, бұл бағдарламаға 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес) жастар қатыса алады. Оларға мынадай талаптар кіреді: кемінде 1 жыл қалада тіркелуі тиіс, «Отбасы банкте» жинақ шоты бар, бағдарлама үміткерінің жеке тұрғын үйі болмауы тиіс (соңғы 5 жыл ішінде), кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі болуы шарт.
«Осылайша аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы баспана сатып алуға 18 млн теңгеге дейін (жылдық 5 пайыз жеңілдікпен) қарыз ала алады. Сатып алатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Өтінімдерді қабылдау 14 қазанда басталады, qatysu. zhilfond.kz порталында жүзеге асырылады. Қатысушылардың санаттары, тұрғын үй алу талаптары мен алгоритмі бойынша қосымша ақпаратпен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» мекемесінің сайтында (zhilfond.kz) танысуға болады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды іріктеу балдық жүйеге сәйкес басталады» деді А.Көлгінов.
Сонымен қатар биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасады. Осы бағдарлама аясында 1 мыңнан астам жас баспанаға қол жеткізеді.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button