Мәдениет

«Filarmonia Fest-2023» қызықтары

Астананың 25 жылдығын мерекелеу аясында елорда әкімдігінің қолдауы­мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияcы «Filarmonia Fest-2023» музыкалық фестивалін ұсынды.

Жоба қазақстандық музыкалық мәдениетті таныту, отандық өнердің гуманистік және рухани бағдары арқылы халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу және көркем шығармашылыққа баулу мақсатында ұйымдастырылды. Оған филармонияның шығармашылық ұжымдары мен солистері, барлығы 500-ге жуық әртіс қатысты. Фестивальдің өтуіне балалар шығармашылық ұйымдары және білім беру студиялары, Астаналық цирк әртістері, Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері атсалысты.

Алдымен «Музыка балалар көзімен» атауымен «Бормен сурет салу», «Мүсін», «Композиция» атты үш аталым бойынша балалар байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша үздік шыққандар марапатталды. Ал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Астана – бақытты балалық мекені» атты әдеби променад өткізді. Соның аясында «Кел, оқиық, бүлдіршін!» буккроссинг шарасы, «Кітаппен әлем жарқын және мейірімді» безендірілген кітап көрмесі, «Бала – елдің ертеңі» атты қызықты викториналық ойындар, «Балдырған» журналының 65 жылдығы аясында «Журнал оқып өсеміз» атты танымдық сағат өтті.

Астаналық филармонияның «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі және үрлемелі оркестрдің «Музыкалық аспаптар әлеміне саяхат» атты жас музыканттарға арналған шеберлік сабақтарында балалар музыканың қыр-сырын біліп қана қоймай, музыкалық аспаптардың құрылысымен танысты.

Филармония ұжымдарының қатысуымен Есіл өзенінің жағасында және елордалық Арбат бойында шеруі өтті. Оған «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Alem» заманауи би балеті, камералық хор, үрлемелі оркестр, эстрадалық вокал бөлімінің әртістері қатысты. Қазақ оркестрі мен «Халық әні» бөлімінің әншілері әкімдік алдындағы амфитеатрда өнер көрсетті. Халық Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің концертін де тамашалады.

Филармония алаңында өнер ошағының барлық ұжымдарының қатысуымен елорданың 25 жылдығына арналған 25 санын бейнелеу флешмобы өтті. «Филармония – елорданың музыкалық магниті» эссе байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Астаналық филармонияны насихаттап келе жатқан БАҚ өкілдері елеусіз қалмай, оларға журналис­тердің кәсіби мерекесі қарсаңында алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырылды. Марапатталғандардың арасында «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» басылымдары мен осы газеттердің журналистері болды. Фестиваль филармонияның барлық ұжымдарының гала-концертімен аяқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button