Ресми бет

Интернационалист-жауынгерлер жарысы

Астанада жыл сайын өтетін «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов есімін еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы футбол турнирі» өтті.

«Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыратын жарысқа Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Жарысқа Ақмола облысының Ерейментау, Қорғалжын аудандарынан, Степногорск және Астана қалаларынан командалар қатысты. «Тарлан Арена» стадионында доп тепкен балалар спортқа деген құштарлығын көрсетіп, үздіктер анықталды. Бірінші орынды Степногорск қаласының «Оқжетпес» командасы еншілесе, «Эверест-Астана» аула клубының футболшылары күміс жүлдегер атанды. Тағы бір елордалық «Қазбек» командасы үздік үштікті түйіндеді. «Әлім» командасы мен Ерейментау ауданы командаларына ынталандыру сыйлықтары берілді.

Биыл 21-рет ұйымдастырылған жарыстың жүлдегер командаларына кубоктар, дипломдар және медальдар табыс етілді. Сондай-ақ жарыстың үздік ойыншыларына номиациялар бойынша сыйлықтар табысталды. Ал әкесін еске алуға арналған жарыстың жүлдегер командаларына Дияс Қазбекұлы Абдрахманов әулеті атынан қаржылай сыйақы берді.

– Бұрынғы Целиноград, қазіргі Астанамызда туып-өскен Қазбек Абдрахманов Ауғанстан соғысында ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде қоғамдық жұмыстар атқарған өте белсенді майдангер досымыздың бірі еді. Бірақ өмірден ерте озып кетті. Алайда оның есімі жадымызда, соның бір айғағы – биыл 21-рет өткізіп отырған жарысымыз. Дәстүрлі жарысымыз жақсы өтті деп айта аламын. Жасөспірімдер бар өнерлерін ортаға салды. Жарыстың жақсы өтуіне қолдау білдірген Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына үлкен рахмет айтамыз, – дейді осы жарыстың негізгі ұйымдастырушысы болған Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Миранбек Тулекпаев.

Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері 8-9 шілде күндері Ауған соғысының батыры, «Қара майор» аңыз атымен танылған Борис Керімбаевтың 75 жылдығына орай ардагерлер ұйымдары арасында волейболдан республикалық жарыс ұйымдастырады.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button