Руханият

Ғаламат ұлағат

serik-kirabaev-2-asli

Адам мұраты мен адамшылық жол-білім мен білікке, өмір өнегесіне, тәлім-тәжірибе негізіне әкеліп саяды. Бұл, әсіресе, өмір тағылымы мол, еңбекпен есейген, білім-ғылым нәрімен сусындаған, қалың көптің алғысына бөленген өнегелі жандар табиғатына тән болып келеді. Осы реттен келгенде, академик Серік Қирабаевтың адами әле­мі­нен, біліми бағыттарынан, ғылыми Һәм шығармашылық мұрасынан айқын аңғары­латын айрықша құбылыс­тардың бірі Алаш ұранды жұртының біртұтас мұраты мен руханиятын, көркемдік әлемін зерттеу еңбектерінің асыл арнасы, басты арқауы етуі еді.

Ол, әсіресе, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарында, біліми-ғылыми бағыттардағы іргелі ізде­ністерінде, маңызды мақала мен зейінді зерттеулерінде кең көлемде көрі­ніс береді. Тақырыпты кең түрде ашып, із­деніс ар­наларын алуан салысты­руларға құрып, маңызды бағыттарға мән беріп, біліми-ғылыми талдаулар жүргізіп, асыл сөздің жанр жүйесіне, қаһарман болмысына, көркемдік құпиясына еркін еніп, эстети­калық құндылықтар мәйегіне, мәтін құрылымына, тілдік-стильдік құбылыс­тарға зор маңыз беріп, жіті ден қояды. Байыпты бағалау мен талдаулар жасайды.

… Ұлт мұратын ұлықтады

Академиктің өмір мұраты мен іргелі еңбектерінің тұтас табиғатынан ұлттық құндылықтар қайнары, қазақ рухания­тының маңызды мәселелері айқын аңғарылады. Алаш мұраты мен оның қайраткер-қаламгерлерінің шығар­ма­шылық мұрасы, кеңестік кезең тұсын­дағы сөз өнерін қарастыру, қазіргі әдеби үдерістің түйінді тұстарын баяндау мен бағалау, тану мен талдау, саралау мен салыстыруларға арқау етіледі.
Орта және жоғары мектепке арналған оқулықтар мен оқу құралдары, «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің» қысқаша очеркі, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көп томдықтың // кеңес дәуірі // Жалпы редакциясын басқаруы – ұлт пен ұрпақ алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің, ғылым мен ғалымдықтың көркем де шынайы үлгісі, бедерлі белгілерінің бірі.
Сондай-ақ, ұлттық әдебиеттану мен сынның өзекті мәселелері, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әр кезеңіне арналған әдеби-ғылыми зерттеулер, мәдени мұра мен оны оқыту жайы, қазіргі айтыстың тарихы мен тағылымды тұстары, білім-ғылым жүйесі, елдік-ерлік сипаттары кең көлемде ашып, кешенді түрде қарастырады. Артық-кем тұстарына тоқталып, оның арғы-бергі сипаттарын айқындап, өзекті мәселелерін қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан ба­йыпты бағалайды.
Академиктің есімі мен еңбегі қалың көпке, орта және жоғары мектеп жүйе­сінде жүргендіктен баршасына таныс һәм өмір мұраты мен ұстанымы, көзқарасы мен қолтаңбасы, тақырыпқа адалдығы мен еңбекқорлығы, табандылығы мен тұрақтылығы тұрғысынан да ардақты әрі аяулы. Адами әлемі, ұстаздық һәм ғалымдық қырлары да мәнді.
Ардақты азаматтың еңбектеріне жас кезімізден-ақ қанық болсақ та, көріп, кездесіп, қатар қызмет ету менің үлесіме 1980 жылдардың соңында тиіпті. Қызметте адал, еңбекте талапшыл ғалым-сыншы сырт көзге лезде-ақ емін-еркін араласып, емен-жарқын жүздесіп, ескі достай кездесіп-қауышатын, сосын-ақ әңгіме тиегін бүкпесіз де еркін, ағыл-тегіл ағытатындардың «қатарында» көрінбегенімен, белгілі бір мәселе, тақырып-тапсырма тұсында немесе төл әдебиеттің жалпы мәселелері туралы талқылау, сұхбаттарда адалдығы, іскерлігі, тазалығы танылып тұрады. Өзіндік көзқарас эволюциясы айқын, таным-талғамы терең екендігін аңғару да көп қиындық туғызбайды. Әсіресе, кеңестік кезең тұсында туған қазақ әдебие­тінің даму бағыттары, жекелеген ақын-жазушылар мен олардың өмірі, шығарма­шылығы, сөз өнері жанрларының өзіндік белгі-ерекшеліктері, көркемдік-идеялық нысанасы туралы ой-пікір, толғамдары дерек-дәйегімен, талдау мәдениетімен, таным тереңдігімен ден қойғызар еді.
Біздіңше, бұл бағыттағы ізденіс, еңбектердің қай-қайсысынан да байыпты барлау, терең де тиянақты талдау, жүйелі зерттеу мен зерделеудің әр алуан үлгілі үрдістерін, өрнекті өнегелерін айқын аңғаруға болады. Ортақ белгі-ерекшеліктер ретінде айтарымыз: қай­сыбір мақала, зерттеу еңбектері мен оқулықтардан тақырыпқа адалдық айқын аңғарылады. Жан-жүрекпен сезініп, көңілі қалаған тақырыпты танып-біліп жазатыны, талап пен талғамды тең ұстайтыны терең танылады. Көзқарас пен қолтаңбадан да ортақ, үндес жайттар көптеп кездеседі. Мұның ұлт мұратын ұлықтау тұстарында, сөз өнерінің арғы-бергі кезеңдерін айқындау сәттерінде, танымал тұлғалардың өмірі мен қызметін, шығармашылық мұраларын танып-тал­даған кезде көкейкестілігі аңғарылып, зәрулігі мен өзектілігі артатыны анық.

… Алаш арыстарын ардақтады

Көрнекті ғалымның шығармашы­лы­ғында, әсіресе, «ақтаңдақ әлем» сыр­лары мен ұлттық-азаттық күресті, халықтық мұрат-мүддені, дербестік-тәуелсіздікті аңсаған Алаш арыстарын ардақтауға арналған зерттеу еңбектері («Қазақтың тұңғыш революционер-
демократтары», «Ақжолтай Ағыбай батыр – ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы», «Абайтанудың кезекті міндеттері», «Же­ңістер мен қателіктер сабағы» секілді мақалалар мен «Жүсіпбек Аймауытов», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» кітаптары, т.т.) ерекше маңызға ие деп білеміз. Нақтырақ айтсақ, «Жазық­сыз жазаға ұшырап, республикада оты­зыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың» құрбаны болған – А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұраларын жинап, жүйелеу ісіне азамат-ғалым ретінде де, үкімет комиссиясының мүшесі әрі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры (бұрынғы) міндетін атқара жүріп, белсенді түрде үлес қосқандардың бірі академик Серік Қирабаев болатын-ды.
Ғалым-сыншының еңбек, өмір жолдарына байыппен ден қойсақ, әдеби-ғылыми шығармашылық жұмыстары студенттік кезеңде басталғанын байқаймыз. Баспасөз бен баспа орындарында («Әдебиет және искусство» журналында бөлім мең­геру­шісі, «Пионер» журналының редакторы) ізденіс іздерін, қалам қуатын бар қырынан жарқырата көрсеткені де терең танылады. Бұдан кейінгі кезеңде, нақтырақ айтсақ, 1957 және 1964 жылдары кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, «Ғабиден Мұстафин», «Спандияр Көбеев», «Сәкен Сейфуллин» сынды маңызды монографиялары қалың көпшілікке жетті. Орта мектептер мен жоғары оқу орындары үшін оқулықтар жазып, сын-зерттеу кітаптары («Өрлеу жолында», «Ок­тябрь және қазақ әдебиеті», «Өнер өрісі», «Әдебиет және дәуір талабы», «Шын­дық және шеберлік», «Жүсіпбек Аймауытов», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», т.т.), әдебиет тарихы (Жанақ, Шортанбай, Ақан сері т.б.), теориялық мәселелер (әдеби ағым мен бағыттар, сын мен сыншы, т.т.), білім-ғылым жүйесі, ұстаздық ұлағат хақында еліміздің әдеби-рухани әлеміне мол шығармашылық үлес қосты. Ұлттық сөз өнері қайраткерлерінің өмір-тағдырын, үлгі-өрнектерін көркем­дік-идеялық тұрғыдан, тілдік-стильдік, шеберлік аясында қарастырып, ғылыми тұжырымдар, мәнді де байыпты байламдар жасады. Қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихына елеулі еңбек ретінде ұстаз-қаламгер С.Көбеевтің шығармашылық мұрасы мен «Ғабиден Мұстафин» туралы биографиялық очеркіне, «Сәкен Сей­фуллин» атты маңызды монография­сына бүгінгі күннің талап-тілегімен қара­сақ, әдеби-ғылыми жұмыстарға ерте бейім­деліп, осы салалардағы бағыт – архивтік құжат­тарға, дерек-дәйекке ден қою, шығар­­-
машылық еңбек-мұралардың көркем­дік-идеялық сипатына, дүние­таным иірім­­деріне, тілдік-стильдік қыр­ларына, ой мен сөзге, сыр мен сезімге жан-жақты мән беру ар­қылы негізгі ерекшелік – белгілерді, талант табиғаты мен қалам қуатын, басқа да маңызды тұстарды тап басып көрсете білді.

Асыл сөздің академигі

Айтулы тұлға қазақ әдебиетінің даму, өркендеу жолында еңбектерімен ел құр­метіне бөленген – Ж.Жабаев, Б.Майлин, С.Мұқанов, С.Шәріпов, М.Дәулетбаев, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, С.Ерубаев, И.Бай­зақов, С.Аманжолов, Ә.Әбішев, Қ.Бекхо­жин, Д.Әбілев, Т.Молдағалиев, Қ.Салықов, т.б. ақын-жазушылар жөнінде әдеби-ғылыми мақала, очерктер жазды. Онда ақын-жазушылардың өмірі мен қызметі, ерекшеліктері, ізденіс мұраттары мен көзқарас эволюциясы кеңінен көрініс тапты.
Тегінде, уақытпен үндесіп, ұлылармен сырласу – ғажайып құбылыс, ғаламат ұлағат. Бұған ұстаз-ғалым, сыншы С.Қира­баев­тың шығармашылық мұрасы, көзқарас эволюциясы, ізденіс іздері жан-жақты дәлел бола алады. Асыл сөз – ардағы, көркем ой – байтағы болғанына да көз жетеді. Біз де өз кезегімізде, Алаштың арыс­тарын ардақтаған ізденіс, зерттеулердің жарасымды жалғасқанын, арналы ағыстай кең өріс алғанын қалар едік. Қазыналы биіктің кең арнасы, өрнекті өрісі осыған келіп саяды.

Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button