ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Онлайн-санақ қайта ашылды

Нұр-Сұлтанда 1 қазаннан бастап ұлттық халық санағы аясында интервьюерлердің үйлерді жаппай аралауы басталды. Қазір еріктілер барлық үйді аралап, онлайн-санаққа қатыспаған тұрғындардан санақ алып жатыр.

[smartslider3 slider=398]

Бұл халық санағы – еліміз тәуелсіздік алған сәттен бері өтіп жатқан үшінші халық санағы. Оған биыл алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды. Онлайн-санақ 1 қыркүйектен басталып, 31 қыркүйекке дейін жалғасқан еді. Алайда санақтан онлайн өту мүмкіндігі тоқтатылған соң еліміздің барлық өңірлерінен, оның ішінде елордалықтардан онлайн-санақ функциясы мерзімін ұзарту туралы көптеген өтініштер түсе бастаған. Осыған байланысты sanaq.gov.kz сайтында «онлайн-сауалнама» функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданды. Енді санақ сауалдарына арнайы sanaq.gov.kz сайты, e-gov порталы арқылы тіркеліп немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болмақ.
1 қазаннан бастап ин­тервьюерлер үйлерді аралап санақ алып жатыр. Осы орайда Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын санақ жұмысына белсенділік танытуға шақырды.
Үйлерді аралап санақ алу кезеңінде бұрын онлайн-санақтан өткен респонденттер екінші рет қайта жазылмайды. Олар интервьюерге санақ өткендігі туралы бұрын алынған SMS-хабарламаны немесе электрондық хабарламаны көрсетуі тиіс.
– Мен екінші курс студентімін. Халық санағын алу жұмысына ерікті ретінде қатыстым. Қазірге дейін 100-ден астам отбасын араладым. Мен аралаған үйлердегі тұрғындардың тең жартысы онлайн-санақтан өткен екен. Ал онлайн-санақтан өтпегендердің дені – қарттар. Жұрттың көбі белсенді, дегенмен «Бізге мұның не керегі бар? Біздің мазамызды алмаңдар, біз санаққа қатыспаймыз» деп кері толғайтын тұрғындар да кездеседі. Меніңше, бұл санаққа жалпы халық атсалысуы керек, – деді санақ алушы еріктілердің бірі Айнұр Сарқұм.
Айта кетейік, халық санағын алу – өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Сондықтан оған арнаулы қызметкерлерден сырт, еріктілер де тартылған. Нұр-Сұлтан қаласындағы еріктілердің қатарында студенттер мен зейнеткерлер де бар.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button