ЖаңалықтарРесми бет

ПРЕЗИДЕНТ КҮНІН ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?

cdfd3207c15f2aeccdc57ad450fbe69e_xl

Баршаға мәлім, 2011 жылдың 14 жел­тоқсанында қабыл­данған «Қазақстан Республикасындғы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы арқылы еліміздің сал­танатты күндері Тұңғыш Президент күні мере­ке­сімен толық­ты­рылған. Биылғы жылы Қазақ­стан халқы осы айтулы күнді өз тарихында бесінші рет атап өткелі отыр.

Бұл да     Тәуелсіздіктің бір тойы

Хакім Абай айтқандай, пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. «Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен» дейді әрі қарай ғұлама өзінің қара сөзінде. Мұның мағынасы, біздіңше, адамның неге қызыққанына қарап, оның ессіз не есті екенін аңғаруға болады дегенге саяды.
Мемлекет те біртұтас құрылымдық негізде алғанда бір адам секілді. Демек, оның ұстанған бағыты, қабылдаған заңы, орнатқан тәртібі, сол секілді, атап өтетін мерекелеріне қарап та елдің қаншалық қайырлы қадам жасап жатқанын, қандай мұрат ұстанып, қайда бет алғанын аңғаруға болады.
Тұңғыш Президент күні мерекесінің мән-мағынасын әлі күнге жете түсіне алмай келеміз. Әр жылдың 1 желтоқсаны ресми демалыс күні жарияланғанын, осыған орай көпшілік бюджеттік мекемелер сыйақы алатынын, елдегі ақпарат құралдары мен көшенің көрнекі орындарында, жалпы қоғамда Президент қызметінің қайырлы тұстарын айтып, Елбасын дәріптеп, жалпы мемлекеттілік, тәуелсіздік, елдік туралы көбірек толғанатынымызды білгенмен, оның болашақ үшін қандай пайдасы бар екенін ойланып жатпайтын да секілдіміз.
Ал шындығында, Президент – Тәуелсіз мемлекетіміздің бір тірегі болса, Тұңғыш Пре­зидент күнін атап өту де – сол тәуелсіздік қуа­нышын еселендіру шарасы екен. Ел азатты­ғының бір символын айшықтайтын мұндай айтулы күн әлемнің бірқатар елдерінде бар.

04_3

Батырлықты бағалайтын Ангола

Президент күні, біздің қолымыз­дағы деректерге қарағанда, тағы бір мемлекетте ерекше атап өтіледі. Ол – Африканың оңтүстік-батысындағы мемлекет Ангола. Рас, бұл елде мереке «Ұлт батырлары күні» деп аталады. Ал атаулы күн әр жылдың 17 қыркүйегінде, Анголаның тұңғыш президенті Ангола Агоштиньнің туған күнінде атап өтіледі. Саналы өмірін елінің азаттығын, бейбітшілік қалыптастыруға арнаған Ангола Агаштинь отандастарының жүрегіне жауынгерлік рух дарытып, кеудедегі намысын таптатпастай күш-жігер бере алғаны үшін де үлкен құрметке лайық. Сондықтан, бұл елде ерлік пен жігер, батырлық пен отаншылдық аса қатты бағаланады. Сол үшін де мереке «Ұлт батырлары күні» аталады. Бұл күні Ангола халқы елдің алғашқы президентіне ғана емес, Ангола мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен барлық батыр­ларына, әсіресе, 1975-2002
жылдар аралығында болған аза­маттық соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлеріне деген ризашы­лығын білдіруге тырысады екен. Мерекені тойлаушылар тұңғыш президент пен оның соңында бол­ған жауынгерлерге тәуелсіздік жолындағы күресі үшін мадақ айтып, қошемет білдіреді. Содан соң елде түрлі спорттық шаралар, елді рухтандыратын қызықты мерекелік кештер өтеді.

hiehrbyp1nifeqkdqk8pkv3qhbjqnx

АҚШ ықыласпен тойлайды

АҚШ жыл сайын ақпан айының үшінші дүйсенбісін Президент күні ретінде атап өтеді. Құрама штатта бұл мерекенің тарихы сонау 1885 жылдан басталған екен. Мереке елдің тұңғыш Президенті Джорж Вашингтонның тұсында, мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігінің, бірлігі мен жалпы елдіктің символы ретінде ойлап табылған еді.
Деректерге қарағанда, алдымен бұл күнді Виргиния штаты атап өткен екен. Штатта Президенттің туған күні қарсаңында арнайы бал ұйымдастырылып, марапаттар тағайындалады. Бұқара халықтың ықыласына ие бола бастаған соң, бұл мереке басқа да штаттарда тойлана бастайды. Келе-келе 1855 жылы АҚШ Тұңғыш Президент күнін жалпыұлттық мереке ретінде бекітеді. Бұл мереке ұзақ жылдар бойы Вашингтон туған күні, яғни 22 ақпанда атап өтіліп жүрген екен. Алайда, АҚШ-тың 37-ші Президенті, құрама штат тарихындағы өз қызметін мерзімінен бұрын босатқан алғашқы және жалғыз президент Ричард Никсон 1970 жылдан кейін бұл мерекені ақпанның үшінші дүйсенбісіне ауыстырыпты. Ол Президент күні мерекесін белгілегенде Джорж Вашингтонның ғана емес, АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольннің де құрметін ескеріп, мерекелер туралы заңға өзгеріс енгізуді дұрыс көрген.
Сонымен АҚШ-та Тұңғыш Президент күні жүз алпыс жылдан бері атап өтіліп келеді. Бұл күні Вашингтон музей-үйінде көпшілік арнайы костюмдер киіп, той тойлайды. Қонақтарға «негіз қалаушы әке» атты сүйікті тағамдар және жанына бал мен май қойылған жүгері таба наны ұсынылады. Президент күні мерекесін осылай тойлайтын АҚШ халқының тәуелсіздіктің құнарлы дәмін татып, балдай қуанышын сезіп келе жатқанына ешкім шүбә келтірмесі анық.

presidents_day

Исландия да ерекше атап өтеді

Президент күнін атап өтетін келесі мемлекет – Исландия. Бұл елде мереке елдің бесінші пре­зи­денті, яғни күні бүгінге дейін ел тізгінін қолына ұстаған Олавур Рагнар Гримсонның туған күнінде – 14 мамырда атап өтіледі. Гримсон Исландия билігіне 1996 жылы келген болатын. Президент күнінде бұл елде ойын-сауық бағдарламалар мен түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

kefairport-is

Маршалл аралдарындағы мереке

Президент күні мерекесін ерекше атап өтетін елдер­дің бірі Маршалл аралдары екен. Мұнда мем­лекеттік мерекелер қатарындағы Президент күні әр жылдың 17 қарашасында атап өтіледі. Бұл күн елдің тұңғыш президенті Имат Кабуаның туған күніне орайластырылған. Маршалл аралдарының тәуелсіздігін бекітетін біршама келіссөздер жасауға үлкен күш салып, елдің азат, бейбіт өмірі үшін күрескен, сондай-ақ, билік тізгінін уысынан шығармай, бес президенттік мерзім бойы қолында ұстаған саяси тұлғаны халқы мем­лекеттің негізін қалаған әкесі ретінде құрмет тұтады.
Имат Кабул 1979 жылы Маршалл аралының президенті болып сайланған болатын. Айта кетер жайт, Имат Кабул Маршалл аралдарының президенті ғана емес, «Маршалл аралдары мәңгілік» атты сол елдің ұлттық әнұранының әні мен сөзінің авторы да.

P.S. Иә, біздің елімізде Президент күні мерекесі атап өтіліп жатқанына небәрі бес-ақ жыл толып отыр. Бұл күн, яғни, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің алғаш рет Президент сайлауында халықтың ықыласына ие болып, билік тізгінін қолға алған күні.
Осы мерекенің арқасында, бүгінде елімізде еңкейген қарттан, енді ғана сауат ашып, білім мекемелерінде тәрбие көре бастаған барлық бүлдіршіндерімізге дейін Елбасының өмір жолы мен өнегесі жайында көбірек біле бастады. Ел тәуелсіздік символы, еркіндік, егемендік деген құндылығын бағалап, сананы отарсыздандыруға ықпал ететін ізгі шаралардың игілігін көре бастады.
Ендеше, ұрпақ тәрбиесінде үлгі болуға жарарлық тұлға басқарған ел үшін мұндай мерекенің болашақ үшін де маңызы зор екені даусыз.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button