Мәдениет

Қарашығында қара өлең

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Қарашығымдағы қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш иесі мен Мұқағали Мақатаев бір күні туған. Осы тұрғыдан кештің кітапхананың ақиық ақынның аты берілген залда өтуі жарасымды болды.

Мұқағалидың туған күні ұлттық мерекеге айналды. Ғалым  Жайлыбайдың жырларын да халық жақсы көреді. Оған өткен кеші дәлел, жұрттың көп жиналғаны сонша, залда ине шаншар орын қалмады. Кеште ақынның шығармашылығы, адами болмысы жайында министрден бастап, көрнекті қаламгер, әдебиет сыншысы, қарапайым оқырман да пікірлерін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ақынды 65 жасымен құттықтап, алғаш танысқан күнді еске алды. Ақын шығармашылығына әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың жоғары баға бергенінің куәсі болғанын айтты.

– Айтматовтың өзінен үлкен баға алған Ғалым ағамызды қазір Алаш жырының ғана емес, жалпы түркі жырының төріндегі Ардакүрең, түркі поэзиясында да үлкен орны бар айтулы ақын деп бағалаймыз. Кең құлашты эпикалық жанрға да, гүл қауашағындай нәзік лирикаға да қатар қанат қаққан, екеуін шебердің қолынан шыққан өрімдей қатар өрген кең тынысты ақын. Ағаның сазды өлеңі, кестелі сөзі, жарау аттай жұтынған жырлары әр буынның құрдасы да, сырласы да болары анық. «Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Киік қашқан», «Сұрақ белгісі» сияқты сүйекті дүниелері өткен ғасыр­да халқымыз бастан кешкен зұлмат пен зобалаңды, қырғын мен сүргінді классиктерге тән дәлдікпен ширауы жеткен шымырлықпен жеткізді, – деді Дархан Қыдырәлі.

Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш министр Асхат Ораловтың құттықтауын жеткізді. Көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік қазақ поэзиясы барлық уақытта өте жоғары дәрежеде болғанын, соның бір көрнекті өкілі Ғалым Жайлыбайды бүгінгі әдебиет кеңістігіндегі құбылысқа балайтынын айтты.

Кеш иесінің өзі төл туындыларын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды. Оның өлеңіне жазылған әндер шырқалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button