Әлеумет

Құнан қымыз қандай қымыз?

Күні бүгін қазақтың өткен дәуірдегі тұрмыс-тіршілігінің арқауы үзілмегенімен, заманға сай көп нәрсенің көмескі тартқаны, әсіресе, ұлттық дәстүрден қол үзіп қалғанымыз рас. Мұны тілімізден аңғаруға да болады.

Бүгінгі таңда тұрмыс-тіршілікке, салт-санаға байланысты айтылатын көптеген сөз бен сөз тіркестерінің мағынасын жастарымыз түгілі, жасамыстарымыздың өздері түсіне бермейді. Мұнымызды мойындамай, сол тіркестің мағынасына сөз ыңғайына қарай өзімізше тон пішіп, бұра тартып түсіндіріп, қателікке ұрынамыз. Өйткені ол сөздің, сөз тіркесінің мағынасын түсінбегенде немесе дау туа қалғанда жүгінетін қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінің өзінде қате түсінік өріп жүр. Әлгі «ет шірісе тұз себесің, тұз шірісе не себесіңнің» өзі. Өйткені сөздікті құрастырып отырғандар қарапайым қазақ емес, тіл білімінің дөкейлері ғой. Айталық, «аламан бәйге» деген сөз тіркесін сөздікте «аты, құнаны, тайы аралас жаппай жарыс» деп түсіндірген. («Қазақ әдеби тілінің сөздігі» І том Алматы, 2011, 360-бет) Күлмей көріңіз, жуан ат пен тайды жарыстыру мүмкін бе? Сол сияқты киіз үйдің қазан жағын – «ауыз үй» деп түсіндірген (дұрысы – киіз үйдің есігінен кіргендегі оң қол жақ, қазан, ыдыс-аяқ тұратын жақ. От жақ деп те айтылады). Ал «ұшқыр» сөзіне  «жүйрік ат» деген түсіндірме берген. Ұшқыр ат дегеніміз – жай жүйрік ат емес, алысқа шаппайтын, топтан алғашында суырылып алға шыққанымен, тез болдыратын тапберме жүйрік ат екенін қырда өскен қарапайым қазақ біледі. Мұндай қателіктің аталмыш сөздіктен мыңын санауға болады.

Ал енді тілге тиек етіп отырған қымыз атауларына келейік. Қазақ қымызды сапасына, күштілігіне байланысты «құнан қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз» деп бөледі. Аталмыш сөздікте құнанның үш, дөненнің төрт, бестінің бес жасар жылқы екеніне негіздеп: «Құнан қымыз – екі түн асқан күшті қымыз», «дөнен қымыз – төрт түнеген қымыз», «бесті қымыз – бес күн сақталған, бабына келген қымыз» деген түсінік берген. Бұлар да – жоғарыдағыдай сөздің жеке тұрғандағы мағынасына қарай тон пішу.

Қазақ қымызды тойға, асқа мол мөлшерде апару үшін ғана бірнеше күнге жинап сақтайды. Әйтпегенде бүгінгідей вакуумдік технология жоқ заманда қымызды ұзақ сақтай алмаған. Қымыз ұзақ сақтаған сайын сапасынан белгілі дәрежеде айырыла береді. Ал «құнан», «дөнен», «бесті» деген атау – жоғарыда айтқанымыздай, сапасына, күштілігіне байланысты берілген атау. Қымыздың сапасы сақталған уақытымен емес, бір тәуліктік бабымен (қор мөлшері, сабаның сапасы, пісу мерзімі, жылу сәйкестігі, түрлі қоспа т.б.) айқындалады. Басқаша айтқанда, қымызды спиртті ішімдік ретінде арақ, шараппен салыстырсақ құнан, дөнен, бесті анықтамалары градус өлшеміне сай келеді. Ал қымыздың тіл үйіре­тін дәмділік қасиетін немесе жағымсыз қырын анықтайтын сары қымыз, бал қымыз, уыз қымыз, шағырмақ қымыз, татымал қымыз, түнемел қымыз дейтін де атаулар бар.

Сөздікте дәйек сөздер ­Д.Керімбаевтың «Жылқы өсіру» атты кітабынан алыныпты. Керімбаев та қателескен. Тағы бір дәлел сөздікте ақын, жазушылардың шығармаларынан алған қымызға қатысты үзінділерде де бұл атаулардың мағынасы түсіндірілмеген. Мәселен, дәйексөз ретінде Жамбылдың «Орта жүздің ішкені құнан қымыз, дөнен қымыз, ұлы жүз көженің қоюына өкпелейді» деген тәмсіл сөзін алған. Бұл жерде қымыздың неше күн сақтағанын емес, орта жүздіктердің сапалы қымыз ішетінін айтып отыр. Әрине, сөздің қисынына жүгінсек, құнан қымыз дегеніміз орташа дәрежеде ашыған, дөнен қымыз – қалыпты жақсы ашыған қымыз (Құнанның, дөненнен, дөненнің бестіден шалымды келетіні аян). Ал бесті қымыз – өте күшті ашыған қымыз. Бесті қымызды мөлшерден артық ішкендер мас болып та жатады.

Қымызды ашыту үшін кешегі ашыған қымыздың белгілі мөлшерін саба түбіне қалдырып, жаңа сауылған саумалды соның үстіне құятынын, ашытқы ретінде саба түбінде қалған аз қымызды «қор» деп атайтынын білеміз. Алайда күзде бие ағытылған соң келесі жаздағы «қымыз мұрындыққа» дейін қорды қалай сақтайтынын біле бермейміз. Тіл мамандары мен салт-дәстүр зерттеушілер қорды «сірге жиярдағы жақсы ашыған қымыздың өте аз мөлшерін сұйық қалпында сақтайды» деп жазып жүр. Оны да жоққа шығармаймыз, тіпті бүгінгі таңда саумалға арақ құйып ашытатындар да бар. Алайда байырғы заманда қорды жаңа, таза ақ киіздің қырдасынына сіңіріп, кептіріп сақтаған. Өкініштісі, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «қырдасын» атауының өзі жоқ. Міне, тіліміздің байлығын, дәстүр-салтымыздың озықтығын айтып тауыса алмаймыз. Тек өмірде игеруіміз кемшін.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

Журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button