Саясат

Қытайдың қазіргі сыртқы саясатынан қауіп бар ма?

Қазіргі уақытта АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, бір-біріне қарсы жаңа талаптар қоюы әлемдік баспасөз бен халықаралық қатынастарды зерттеуші мамандардың басты тақырыбына айналды. Екі тарапта бір-бірінің әкелген тауарларына кеден салығын өсірді. Трамп Қытай әділетсіз сауда жүргізіп отыр. Бұл АҚШ-ты зиянға батыруда. Дегенмен, Қытайдың сыртқы рыноктарға енуі және оларды біртіндеп өзінің ықпал ету аймағына айналдыруы бүгін немесе кеше басталған жоқ. Бұдан ертерек басталды. Оны жан-жақты қарастырған жөн.

Әлемдегі екінші, Азиядағы бірінші экономика саналатын Қытай қазіргі уақытта Шығыс Азия­да ғана емес, жаһандық сипаты бар жобаларды жүзеге асыруға ұмтылуда.
Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта Қытайдың даму үрдісіне терең назар аударғанда Син Цзиньпин дипломатикалық практика мен халықаралық қатынаста Дэн Сяопиннің «таогуан янхуэй» «өз мүмкіндігін жасырын ұстау мен көлеңкеде болу» принципінен бас тарта бастағанын айқын байқаймыз. Қазіргі Си Цзиньпин билігінде сыртқы саясатта айрықша белсенділік байқалуда. Анығында Қытай көлеңкеде болуды қаламайды және өз мүмкіндігін де жасырын ұстағысы келмейді. Сондықтан шапшаң қимылдай отырып, барлық бағытта әлем аймақтарындағы мемлекеттерге ықпал етуге тырысуда.
Қытайдың өзіне тән бағытын Дэн Сяопин өткен ғасырдың 90-шы жылдары белгілеп берген еді және ұзақ жылдар бойы Қытай сыртқы саясатта осы стратегиялық бағытты өзгеріссіз ұстанды. Сондағы Қытай саясатының стратегиялық бағыты қандай еді? Оған да назар аударайық. Ол, негізінен, сегіз тезис­тен тұрды.
1. әлемнің даму, өзгеру үрдісін салқынқандылықпен бақылау;
2. өз позициясын нығайту;
3. өзгерістерді сенімді түрде байқау;
4. өз мүмкіндігін құпия ұстау;
5. уақыт ұту;
6. өзіне назар аудартпау;
7. лидер болуға ұмтылмау;
8. нақты істермен айналысу;
Бірақ Қытай бүгінгі күні жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ұстанымдардан біртіндеп бас тарта бастады. Әрине, толық бас тартқан жоқ. Аталған кейбір мысалы, әлемнің даму, өзгеру үрдісін салқынқандылықпен бақылау бағыты Қытай үшін бүгінгі күні де маңызды.
Ақиқатында, Қытай әлемнің даму үрдісін бақылап отыр, өз позициясын түкпір-түкпірде нығайтуды да ұмытқан жоқ. Бірақ уақыт ұту, қақтығыс шиеленістің орын алмауы Қытай үшін өте тиімді болғанымен, өз мүмкіндігін құпия ұстау, лидер болмау принциптерінен бас тартты. Қытай күшейіп барады. Оған дәлел – Қытайдың экспорттық потенциалының қарқынды өсуі.
Байқағанымыздай, Қытайдың экспорттық потенциалы жағымды. Қытай әлемнің қаржысын өз тауарларын сыртқа шығару арқылы өзіне тартуда. Қаржының молдығы Қытайдың сыртқы экономикалық байланысын одан әрі кеңейтуіне мүмкіндік беруде. Алып АҚШ-та Қытай өніміне байланды. Ал Д.Трамп болса, Қытай өнімінің АҚШ рыногына кіруіне шектеу қоймақ. Сондықтан, АҚШ сауда тарифін көтерді. Қытайдан АҚШ-қа енуі мүмкін тауарларға тариф өсті. АҚШ билігі Қытайдан импортталатын 1333 түрлі тауарға салынатын қосымша салық көлемі 25 пайызға артатынын мәлімдеді. Бұл – Қытайдан АҚШ-қа тауар әкелушілер АҚШ қазынасына тағы үстеме 50 млрд төлейді деген сөз. Трамп Қытайдың қазіргі сауда тәсілі америкалық өндірісті тұншықтырады деп санайды. Сондықтан, отандық өндіріс пен жұмыс орындарын қорғау принципін бірінші орынға шығарды. Бір жағынан, экономикалық протекция АҚШ үшін тиімді. Өз рыногын қорғап отыр. Импортқа тәуелділік төмендейді.
Қытай әлем елдеріне инвес­тиция құюда. АҚШ-тың «Center for Global Development» сараптамалық орталығының мәліметіне сүйенсек, Қытай «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасы бойынша Азия, Европа және Африканың 68 еліне қайтарымы бар 8 триллион доллардан астам қаржы құйған. Бұл аталған аймақ елдерінің бір жағынан қаржылай көмек, серпін берумен қатар, екіншіден, сол елдің экономикасын Қытайға тәуелділікке түсіреді деген пікір де басым. Америкалық ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша, бүгінгі күні болашақта Қытайдан алған қарызын қайтаруда сегіз ел Қырғызстан, Джибути, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Черногория, Пәкістан және Тәжікстан экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі аталған елдердің экономикалары қазірдің өзінде Қытай несиесін қайтаруға дәрменсіз. Мысалы, бүгінгі таңда Қырғызстан Қытайға 1,5 миллиард доллар қарыз. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайды. Бұл тізімде Қазақстан жоқ болғанымен, біздің де Қытайдан алған несиеміздің мол екендігі белгілі.


Сонымен қатар, өз тауарларын да сыртқа молынан шығаруда. Қытайдың өткізу рыногы қалыптасты және байқағанымыздай, ықпал ету аймағы да кеңейіп келеді. Бұл АҚШ секілді алпауыттардың ықпал ету кеңістігінің тарылуына әкеледі.
Бұл жағдай әлемдегі бірінші экономика АҚШ-тың мазасын алды. АҚШ алдында әлемде кім күшті деген сұрақ тұр. Сауда соғысының басты себебі де күштер балансында ара салмақтың өзгеріске түсуі. Одан да кеңірек кетсек, нақтыласақ, ең бастысы, Қытайдың өткізу рыногы мен ықпал ету аймағы әлемде кеңейе түсуі. Қытайдың экспорттық әлеуетінің өте жоғары қарқынмен өсуі, қолына мол қаржы жинақтауы Қытай тарапынан қаржылық интервенция қаупін ғана емес, әскер күш қуатын модернизациялап жатқан Қытай бастапқыда шекаралас көршілеріне, кейінірек әлемге қатер төндіруі мүмкін деген қауіп те бар. Сондықтан, күштер балансының бұзылуын, бір мемлекеттің доминанттық позицияда болуын қауіп көзі ретінде қарайды.
Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі жаһандану үрдісі шапшаң дамып келе жатқан Шығыс Азия елдерін оның ішінде соңғы жылдары доминанттық позициядағы Қытайды аймақтануға итермелейді. Қытайдың аймақтану немесе «аймақтарға бөлу» позициясын қазіргі уақытта мамандар «жаһанданудың қытайлық аймақтануы» деп атайды.
Сарапшылар пікірінше, жаһанданудың қытайлық аймақтануы әртүрлі жолдармен жүруде. Оның бірі – нақты шекарасы қалыптас­паған, қауіпсіздік жүйесі мен экономикалық әлеуеті әлсіз мемлекеттердің басты ресурстары мен потенциалына, оның ішінде қорғаныс, азық-түлік, қаржылық, ақпараттық, адам легі және мүмкіндігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «қытай аймағын» қалыптастыру. Міне, осы тұрғыда Қытай біз үшін де қауіпті. Қытай осы бірінші жол арқылы баяу ықпал ету саясатын жүзеге асырып өзінің ықпал ету аймағын қалыптастыру, кеңейту мақсатын ұстануда.
Екінші жол – саяси, әскери, экономикалық, мәдени және т.б. салаларда Қытайдың жетекші аймақтық рөлі мен ықпалын нығайту арқылы жаңа аймақтық құрылымдар қалыптастыру.
Танымал мамандардың пікірінше, Қытай бастапқыда өз көршілерінде, кейін одан да ауқымды аймақ мемлекеттері мен халқында мынадай сенім, түсінік қалыптастыруды көздейді. Ол – Қытайдың Азия Тынық мұхит аймағында, Азияда интеграциялық үрдісте күшеюі, келешекте, ұзақ мерзімге көтерілуі, нығаюы бұл «тежелмейтін, үздіксіз жүретін, тарихи тенденция» дегенге шекаралас көрші мемлекеттерді ғана емес, әлемді сендіру және осылай сенім негізінде Қытай ықпалын орнықтыру. Осы контексте қытай саясаткерлері Пекиннің «азиялық аймақтануды» және «жаңа аймақтанудың» қытайлық концепциясын одан әрі дамытуды теориялық тұрғыда дәлелдеп негіздейді. Аталған концепцияны іске асыру әлемді жаңарту, өзгерту Қытайдың миссиясы деп санайды.
Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар Қытай институтының Оңтүстік-Шығыс Азия мәселелерін зерттеу кафедрасының меңгерушісі Чжай Кунь «азиялық аймақтану» стратегиясы бірінші кезекте ұлттық мемлекеттерге тән бұрыннан келе жатқан, басқаларға секемденіп, қауіппен қарау дәстүрлі идеологиясынан бас тартып, оның орнына азиялық келісім, бірігу идеологиясын енгізу қажет деп санайды. Келешектегі Азияның ортақ өркениеттік дамуы ішкі аймақтық бірігуге жол ашып, бөтендерге сенбеушілік пен «ашық болуға» ішкі қарсылықтың тууына жол бермеу керек деп есептейді.
«Жаңа аймақтануды» нақты жүзеге асыру мыналармен байланысты:
1. «Жаңа аймақтану» ықпалымен «қытай аймағы» елдеріне әлеуметтік интеграциялану шапшаң өседі, бұл аймақтың «қытайлануына» жол ашады. Даму үстіндегі қоғам мен экономиканың жылдам, өзара әрекет етуі белсенді түрде жүреді. Бұл – «ресми емес интеграция» немесе «жұмсақ аймақтану»;
2. «жаңа аймақтануды» дамыту аймақтық сана мен аймақтық бірегейліктің қалыптасуы мен құрылуына жол ашады. Әсіресе, Оңтүстік Шығыс Азияда «қытай аймағына» тәндік, соған жататын сана оянып, қалыптасады;
3. үкіметаралық құжаттармен рәсімделіп айқындалған аймақтық ынтымақтасу «жаңа аймақтану» мазмұнын кеңейтті және оның ерекшелігін көрсетеді. «Ынтымақтасу» – «жаңа аймақтанудың» яғни «қытайлық аймақтанудың» қытайландырудың теориясы мен категориясы ретінде белгіленді.
Қытай концепциясы «жаңа аймақтану», мамандар пікірінше, Пекиннің өзінің ықпал ету аймағын алу және қалыптастыру үшін бейбіт жағдай туғызуға бағытталған. ҚХР билігіндегі басшылық бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао мен қазіргі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин көзқарастарындағы «жаңа аймақтану» концепциясын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін Қытайдың әскери-саяси стратегиясының негізіне «Қытайдың өз шекарасынан шығу» және «бейбіт түрде өзін-өзі асқақтату, көтеру» принципі жатыр.
Қытай аймақтық интеграция­лық үрдісте «Қытайдың өз шекарасынан шығу» және «бейбіт көтерілу» стратегиясының векторын қарастыруда. Ол үшін мынадай мақсаттарды жүзеге асыруды қажет деп санайды:
– Қытай өзі мүшесі болып саналатын БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы және т.б. басты халықаралық институттарда өз қызметін белсенді жүргізу, G 7/8, ЕО, АСЕМ секілді маңызды әлемдік құрылымдармен диалог жүргізу;
– Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия, Африка, Латын Америкасы бойынша аймақтық бағыттар бойынша белсенді іс-қимылды күшейту;
– көршілес мемлекеттермен бейбітшілік пен тату көршілікті қамтамасыз ету, бәрінен бұрын экономикалық ынтымақтасу есебінен көрші мемлекеттермен даулы мәселелерді толық шешуді орта және ұзақ мерзімдік перспективаға кейін шегере тұру;
– Қазіргі заманғы қару түрлерін жасау, ғарышты игеруде өзінің дербес бағдарламасын дамыту, ноу-хауды жаппай импорттау есебінен қазіргі әлемдік ғылыми-техникалық параметрге шығу, әскери әуе күштері мен әскери теңіз күштерін және ядролық әскери компонентті ұлғайту арқылы АҚШ-тан стратегиялық потенциал бойынша артта қалуды қысқарту, азайтуға ұмтылу;
Сонымен қатар, Қытай көршілес елдерге қатысты кешенді шараларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Олардың ішінде, ерекше маңыздылары, көршілес елдердің бұрынғыдан көп қытай иммигранттарын қабылдауға дайындығын қалыптастыру мен олардың «ерекше құқығын» бекіту және оларды қорғауда Қытайдың құқығын мойындауын ұсынды. Азияда қытай тілін қолдануды іскерлікпен жылжыту, этникалық қытайлықтар тығыз орналасқан шетел аудандарында қостілділікке қол жеткізу де сыртқы саясаттың құрамдас бөлігіне айналды.
Синьхуа агенттігінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қыркүйек айында дүние жүзінде 516 Конфуций институты мен 1076 Конфуций сыныптары болды және олар әлем аймақтарының 142 елінде қызмет істеді. Тыңдаушылардың жалпы саны 7 млн адамға жетті.
2020 жылы Конфуций институттарының санын 1000-ға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін Қытай өзінің жақын шет елдеріне ерекше назар аударуда. «Бір жол, бір белдеу» бойында орналасқан 51 елде 135 институт және 129 сынып құрылды. Қытай бұл іс-шараға ерекше маңыз беріп, оны одан әрі тереңдету қытай тілін үйренушілер қатарын өсіру бағытын ұстануда.
Қытай Сингапур, Бангкок, Куа­ла-Лумпур, Манила, Джакартада ауқатты қытай диаспорасын қалыптастырды және солардың тарапынан экономикалық-сая­си қолдауға ие бола бастады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қытайлықтардың 500 ең үлкен компаниялардың жалпы активтері 540 млрд доллар үстінде. Көршілес елдердегі қытай диаспорасы сол елдің экономикасына белсенді еніп, біртіндеп, оған бақылау жасай бастады. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар тарапынан наразылық күшейгеніне қарамастан, олар елдегі қаржы айналымының басым бөлігін өз қолдарына ұстап отыр. Мысалы, олар Таиланд тұрғындарының 10% құрағанымен, елдің ЖІӨ-ның жартысынан астамын бақылайды. Малайзия халқының 1/3 құрайтын, хуацяо-қытайлықтар ел экономикасының 80%-на ие. Индонезияда қытайлықтар тұрғындардың 3% аспайды, бірақ экономиканың 70% бақылайды, Филиппинде қытайлықтар 1% болғанымен, елдің өндіріс өнімінің 35%-ы – солардың қолында. Қытай диаспорасы Қытайдың қолдау білдіруі нәтижесінде сол елдерде экономикалық тұтқаны өз қолдарына ала бастады. Ал оны қауіп көзі ретінде қарау тенденциясы қазір ұлғайып келеді.
Қытай қазіргі уақытта «Үлкен Қытай» және «Үлкен Қытай-2» аймағын құру мақсатын ұстануда. Оны қалай түсінуге болады? Нақтыласақ, біріншіден, ол елге оның материктік бөлігі Гонконг пен Макаоны және 2020 жылы ел құрамына енуге тиісті Тайваньды қосу арқылы «Үлкен Қытай» аймағын құру. «Үлкен Қытайды» құру өз кезегінде жаңа құрылым «Үлкен Қытай-2» немесе «Ұлы Қытайдың өмірлік мүддесі бар аймағын» құру үшін плацдарм болады деп санайды.
«Үлкен Қытай-2» аймағына 68 млн халқы бар Тайланд, 5 млн 910 мың тұрғыны бар Сингапур, 266 млн тұрғынымен Индонезия, 96 млн тұрғынымен Вьетнам және басқа да елдер кіреді. Аталған елдерде хуацяо халықтың небары 10%-ын құрайды да, бірақ, экономикалық байлықтың 70% иеленіп отыр. Қытай өз кезегінде ықпал етудің жаңа аймақтарын қалыптастыру бағытын ұстануда. Оған азиялық мемлекеттер ғана емес, Африка елдері де кіруде.
Орталық Азия аймағы да Қытайдың назарында тұр. Орталық Азияда Қытай мүддесі бірнеше факторлармен байланысты. Біріншіден, Пекин «Шығыс Түркістанда» яғни Шыңжанда сепаратистік күштерден тууы мүмкін проблемаларды шешуге ұмтылу, екіншіден, стратегиялық жоспар бойынша тұрақты шикізат базасы ретінде Орталық Азияны өз ықпалында ұстау, энергоресурстарды потенциалды қамтамасыз ететін аумақ ретінде және экономикада өзінің әріптестік ретінде қарастыруды көздеп отыр.
Қытайдың тұрақты стратегиялық базасы ретінде Орталық Азияда өз ықпалын күшейтуі үш жағдайға байланысты:
• Бірінші, Қытай мен аймақ елдері арасындағы шекараға қатысты даулы мәселелерді тиімді шешу және шекарада қауіпсіздік орнату.
• Екіншіден, Қытай Халық Рес­публикасына қатысты Орталық Азия мемлекеттерінің қолайлы сыртқы саясатын жүргізуіне қол жеткізу.
• Үшіншіден, Орталық Азия басқа державалардың қол астында болмауын қамтамасыз ету. Бұл – Орталық Азиядағы ҚХР-дың сырт­қы саясатының негізгі принципі мен міндеті.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылуы Қытайға Орталық Азияға стратегиялық жол ашты. ШЫҰ Қытай үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету механизмі, ОА елдерінің байланыс орнату каналы және көпжақты қатынастар негізін қалайды. Сонымен қатар, ШЫҰ Қытай мен Ресейдің стратегиялық келісімге келуі мен өзара ынтымақтастығының жақсаруын білдіреді. Бірақ Батыс БАҚ пікірінше, осы ұйымның құрылуы Орталық Азияға АҚШ пен НАТО-ны кіргізбеу мүмкіндігін туғызады.
Қытайдың Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси стратегиясын түсіну үшін, Қытайдың аймаққа қатысты мүдделерін талдай білу қажет. Отандық танымал ғалым К.Л.Сыроежкин өзінің еңбегінде осындай мүдделерге тоқталып өтеді. Мүдделердің бір бөлігі ұзақ мерзімді сипатта болса, басқа бөлігі тарихи жағдайға немесе ашылған мүмкіндіктерге байланысты қалыптасып отырды. Қытайдың аймақтағы мүдделеріне тоқталып өтсек.
Бірінші мүдде – шекаралар мәселесін шешу және Орталық Азиямен шектесіп жатқан аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Негізгі міндеттер: 1. Қытайдың мүдделерін есепке ала отырып, аймақ мемлекеттерімен шекара мәселесін тиімді шешу; 2. Орталық Азиямен шекаралас аймақтарда және халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын «мазасыз» ШҰАА-да пантюркизм, саяси ислам және этникалық сепаратизм идеологиясы ықпалын шектеу; 3. аймақтағы күштер балансын, тепе-теңдігін сақтау; 4. аймақтық тұрақтылықты сақтау басты мәселе, себебі қытайлық сарапшылар пікірінше, «аймақтағы кез келген тұрақсыздық хаос болу қаупін тудырады, бұл Қытайдың аймақтағы мүдделеріне зиянын тигізеді».
Екінші мүдде – «Қытайдың Орталық Азиядағы стратегиялық мүддесі» бағытында аймақтағы геосаяси тепе-теңдікті, балансты сақтау. Қытай мамандарының пікірінше, «Қытайдың стратегия­лық қажеттілігі және Орталық Азияның геосаяси орналасу ерекшелігі бойынша аймақ Қытайдың стратегиялық тылы, базасы болып қалу керек».
Негізгі міндеттер: 1. Орталық Азияның бір державаның немесе мемлекеттер тобының доминантты бақылауында болып қалмайтынына кепіл бола алатын жағдайды қамтамасыз ету; 2. АҚШ-пен тікелей қақтығысқа түспей, тіпті онымен ынтымақтаса отырып, олардың аймақтағы ықпал ету деңгейін төмендететіндей орта құру; 3. Ресейдің аймақтағы «бірінші скрипка» рөлі соның қолында деген иллюзиясын қолдай отырып, аймақ мемлекеттерімен экономикалық, саяси және әскери байланыстарды нығайту; 4. аймақ мемлекеттерінің элитасы мен халқы арасында Қытайдың жағымды көрінісі мен сенімді экономикалық, саяси серіктес ретінде имиджін қалыптасыру.
Үшінші мүдде – аймақ мемлекеттерімен екіжақты негізде сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту. Негізгі мақсат – аймақта өзінің «тірек базаларын» жасау және кең ортаазиялық нарықты игеру, сонымен қатар Қытайды, әсіресе, елдің батыс аймақтарын дамыту үшін аймақтың материалдық, техникалық, ғылыми, кадрлық және басқа да потенциалын қолдану.
Төртінші мүдде – Каспий аймағындағы көмірсутек ресурстарына қол жетімділікті кеңейту және аймақтық мұнай-газ құбырларын Қытайға бағыттау.
Бесінші мүдде – Орталық Азия­ның транзиттік мүмкіндіктерін қытайлық тауарларды Еуропаға, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттеріне құрлықпен тасымалдап жеткізу мақсатында пайдалану;
Алтыншы мүдде – аймақ мемлекеттері экономикаларын кең көлемде несиелендіру және экономиканың шикізаттық емес саласында ынтымақтасу. Бұл бағыт 2007-2009 жылдары пайда болды. Бұл кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін Орталық Азия территориясындағы қытайлық қаражат салымдары бірнеше миллиард долларға өсті. Қытай аймақтың тек шикізаттық саласына ғана қызығушылық танытып қоймай, сондай-ақ бұл аймақта Қытай экономикасына да қызмет ететін өнеркәсіп орындарын салуды бастады. Қытай Орталық Азия елдерімен сауда айналымын шапшаң өсіре отырып, аймақтың рыногына терең ене бастады.
Сонымен, жоғарыда Қытайдың Орталық Азиядағы мүддесіне толық тоқталып өттік. Бір жағынан, мамандар, Қытайдың Орталық Азия елдеріне енуі олардың экономикалық дамуына қозғау салумен қатар кейбір салалардың дамуына тежеу болуы да мүмкін деген пікір білдіруде. Арзан қытай өнімдері жергілікті өндіріс орындарын бәсекелестіктен ығыстырып шығаруы әбден мүмкін.
Жоғарыда айтылған мүдделерді жүзеге асыратын ең басты механизм Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы болуы қажет. Пекин бұл идеяны жасырмайды. Қытайлық мамандардың айтуынша, «ұзақ зерттеулер мен тиянақты дайындықтан кейін Пекиннің ортаазия­лық стратегиясы анықталды. Ол – ШЫҰ-ға сүйене отырып, аймақ мәселелерін шешуге белсене қатысу, оның мемлекеттерімен қатынастарды дамыту. Сонымен қатар Орталық Азияның ресурстарын игеруде шоғырланған өзінің стратегиялық мүдделерін жүзеге асыру. Қазіргі таңда ШЫҰ-ның дамуы және ұйым қызметінің жандануы Қытайдың Орталық Азиядағы сырт­қы саясатының маңызды және жеке бағыты ретінде қаралады.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button