SportБасты ақпарат

Бокстың басына бұлт төніп тұр

Әлем әуесқой боксы үлкен дағдарыс үстінде. Оның Олимпиялық ойын­дардың бағдарламасынан шығып қалуы әбден ықтимал. Қазіргі қа­лыптасып отырған жағдайдың өзі мұндай дабылдың тектен-тек емес екенін көрсетеді. Егер осы топшылау тура келетін болса, бұл бокстың спорт түрі ретінде құрып кетуіне апарып соқтырар еді.

Боксқа қатысты дүрбелең 2017 жылғы қараша айының басында Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (AIBA) атқару комитетінің мүшелері бас көтеріп, ұйым президенті Чин-Ку Вуды орнынан түсіріп тастауы­нан бастау алады. 2018 жылғы қаңтардың соңында белгілі өзбек бизнесмені Гафур-Арсланбек Рахимов AIBA президентінің уақытша міндетін атқарушы болып отыра қалды. Сол кезде Халықаралық Олимпиялық комитет (ХОК) бұл азаматты ұйым басшысы орынтағынан көргісі келмейтінін, бұлай бола қалған жағдайда бокстың Ойындар бағдарламасынан алынатынын ашық айтты.
Бұған себеп, Гафур Рахимов бұрыннан қылмыскерлер әле­мінде кеңінен танымал авторитеттердің бірі еді. Криминалды ортада «Қара Гафур» деген лақап аты болған оны бұдан алты жыл бұрын, 2012 жылғы ақпанда АҚШ билігі мафия боссы деп жариялап, өз елдерінде өтетін қандай бір жарыстарға да келіп, қатысуына тыйым салған болатын. Оған «Бауырластар шеңбері» атты бірлескен қылмыстық топтар жетекшілерінің бірі және өзбек есірткі саудасы ұйымының лидері деген айып тағылды.
Соған қарамастан қазір ол АИБА-ның алдағы 3 қа­раша күні Мәскеуде өтетін конгре­сінде ассоциация басшысы болуға таласатын бірден-бір үміткер атанғалы тұр. Бұл Халық­аралық Олимпиялық ко­­ми­тетті бұрынғыдан бетер ашындыра түсті. Inside the Games басылымының мә­ліме­тінше, осы әңгіменің же­лісі тарқатыла бастаған тұста ХОК-тың әдеп жөніндегі комис­сиясының төрағасы Пакеретт Жирар Заппелли егер Рахимов өзін AIBA президенттігіне кандидат етіп ұсынатын болса, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиялық ойындардың жарыстар кестесінан бокстың алынып қалатынын ультиматум түрінде жеткізген. Биыл 31 тамызда жазылған Запелли хатының мәтінінде олим­пиялық қозғалыстағы бокс­тың алатын орнында AIBA президенттігі сайлауына қаты­сушылардың қаншалықты «ақықтай таза жан» болғандары маңызды рөл атқаратыны ай­рық­ша атап көрсетілген. Газет сондай-ақ ақпан айында АҚШ қаржы министрлігі Ақ үйдің пәрмені бойынша дайындаған посткеңестік трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы санкция енгізгенде, оның тізімінде қаңтарда ғана AIBA-ның уақытша президенті болып бекітілген Рахимовтың да болғанын жазады.
Бірақ бұған қыңған Гафур Рахимов болған жоқ. Ол өзінің AIBA-ның ресми сайтында жариялаған ХОК-қа ашық хатында әуесқой бокс ассоциациясында бәрі демократиялық жолмен жасалып жатқанын айтудан танбады. «Біздің алда тұрған сайлауға қатысты ережеміз айқын: сайлау комиссиясының талабына сәйкес келетін ресми кандидаттардың тізімі конгрестің өтуіне бір ай қалғанда – 3 қазанда жариялануға тиіс, – деп жазды ол. – Мен AIBA-дағы барлық қызметкерлерді, біздің ұйыммен байланыстары барлардың бәрін, біздің ережемізді құрметтеуге, басшылар орынтақтарына кандидаттар ұсынылатын күнге дейін пікірлер жазбауға шақырамын». Хат авторы бұдан әрі кім-кімнің де алып-сатарлық әрекеттерге араласпауын немесе демократиялық үдеріске ықпал жасамауын ұсынды. «Таяу айларда AIBA ұйымның атқару комитетіндегі барлық лауазымдарға сайлау өткізеді, әкімшілік қазірдің өзінде бұл үдеріс үшін керекті нақты кепілдемелерді ұсыну жөнінде жақсы жұмыстар атқарды, – деп ойын тарқатты Рахимов. – Мұның біздің спорт үшін маңызы зор, себебі біз өз тарихымызда бірінші рет тиімді басқарудың тазалығы мен принциптері үшін ғана жауап беріп қоймаймыз, сонымен қатар оның сақталуын қамтамасыз етеміз».
Негізі, 2017 жылғы шілде айының соңында AIBA атқару қомитетінің 13 мүшесі 2006 жылдан ұйымды басқарып келе жатқан тайвандық Чинг-Куо Вуға сенімсіздік вотумын білдіруді бастаған. Оған тағылған басты айыптың бірі ұйымның қаржы саласын бетімен жібергені болды. Басшы ұйымды 12 млн фунтқа таяу қарыз шұңқырының ішіне тығып жіберіп, оны банкроттық деңгейге жеткізген. Алайда Ву атқару комитеті мүшелерінің өз еркімен қызметтен кету жөніндегі талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Содан кейін олар таяудағы үш айдың ішінде AIBA-ның кезектен тыс конгресіне жиналатын болып шешім қабылдады. Соның артынша Вуды қызметтен кетірмекші болып жүргендер Швейцария сотына шағымданды. Ал сот уақытша комитет талаптарын ысырып тастады.
Чинг-Куо Вудың орнынан кетірілуіне төрешілер тобы­ның бірқатар шешімдері дау туғызып, AIBA қол астында өтетін турнирлерге көлеңке түсіруі де айтарлықтай әсер еткен сияқты. Сонда да болса, Ву атқару комитеті қабылдаған бірқатар шешімдердің күшін жойып жіберудің әрекеттерін жасап бақты. Ол тіпті кезектен тыс конгресс шақыру жөніндегі ұйғарымды да жауып тастамақшы болды.
Осындай дау-дамайдың дүм­пуімен шешуші жиын өтетін шақ та жақындап келе жатты. Сол шамада, қыркүйек айының соңына қарай AIBA атқару комитеті Мәскеуге шақырылған конгрестің 2-3 қараша күндері өтетінін нақтылап алды. Ол сондай-ақ ұйым президенттігіне Азия конфедерациясының президенті, бұрынғы белгілі боксшы, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақ­баевтың кандидатурасын ұсын­ды. Өкінішке қарай, қазақ функ­ционері 3 қазанға дейін комитет мүшелерінен бұған қажетті дауыс­ты жинап үлгере алмады. Сөйтіп, тізімге енбей жатып-ақ бәсеке жолынан шығып қалды. Міне, ұйымдастыру жұмыстарындағы осы олқылықты жақсы пай­да­ланған Гафур Рахимов сол кезде ұйым жетекшілігіне өзінің кандидатурасын ұсына қойды.
Дегенмен, қазір оның жеке басына атқару комитеті мүшелерінің бәрі бірдей қарсы деп те айта алмаймыз. Шыны керек, тап бүгінде оның ұсынымын қолдап отырғандар да аз емес. Айталық, Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев бұдан бір апта бұрын ХОК-ті Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының жаңа басшылығын сайлап алуына араласпауын сұрады. «Спорт кез келген саясаттан жоғары, – деді ресейлік маман. – Олимпиялық ойындардың кезінде соғыстың өзі тоқтатылған. Біз ХОК-тың осы ережені ұстанып, тәуелсіз ұйымның ішкі істеріне аралас­пайтынына, өзінің саясатын ұлттық федерациялардың AIBA басшылығын сайлап алуына таңбайтынына сенгіміз келеді».
Кремлевтің айтуынша, Рахимов барлық AIBA-ны банкроттықтан сақтап қалған. Ол ұйымның бар­лық қарыздарын қайтару жөнінде тиісті корпорациялар­мен келісімге келіп, бүгінге дейін бұлардың бірқатар бөлігін тө­леп те қойған. Функционер сондай-ақ «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында «ұлттық федерациялардың 90 пайызы, – соның ішінде АҚШ федерация­сы да бар, – атқару комитеті мүшелерінің басым бөлігі тап осы Рахимовтың кандидатурасын қолдайтынын» білдіріпті. Демек, федерацияларға жасалған кез келген қысымға жол беруге болмайды.
Тағы атап өтерлігі, 66 жастағы Рахимов – көп жылдардан бері спорт меценаты. Кезінде өзі де боксшы, сосын жаттықтырушы болған. Бірақ құқық қорғау органдары үшін ол – әлемдегі ең қауіпті қылмыскерлердің бірі. Бұл тұрғыда Гафурдың қылмыс дүниесімен тікелей байланысы болғанын айғақтайтын деректер де жеткілікті. Соның ішінде жаһанға танымал заңдағы ұрылармен, авторитеттермен бірге түскен суреттері де аз емес. ФБР оның Оңтүстік-Шығыс Азия аумағына кеңінен тараған «Бауырлар шеңбері» қылмыстық ұйымының белді бір мүшесі болғанын айтады. Соның ішінде «Япончик» деген лақап аты болған орыс қарақшысы Вячеслав Иваньковпен телефон арқылы сөйлескен сөздерін алға тартады. Ал Америкада тыйым салынған бұл ұйымның серкелері қатарында «заңдағы ұрылар» Василий Христофоров (Вася воскрес) пен Камчи Көлбаев (Коля киргиз) де бар.
Гафур-Арсланбек Рахимов бір кездері өзі туып-өскен Өзбе­к­станда ең ықпалды оли­гарх­тардың бірі саналған. Ол 70-ші жылдары қызметтік мансабын Өзбекстан сау­да министрлігінде бастады, сонымен бір мезгілде он жылдан астам уақыт «Динамо» спорт қоғамында жаттықтырушы болып жүрді. Ал 90-шы жылдарға қарай бизнеске ауысты. Бір болжамдар бойынша, Рахимов 2010 жылы президенттің қызы Гулнара Каримовамен шәлкем-шәліс­ке келіп қалып, елден кетуге мәжбүр болған. 2013 жылы оған «жалған құжаттарды пайдаланды, айналымнан ақша шығарумен айналыс­ты» деген айыппен елде іздеу жарияланды. Осы сегіз жыл бойына бизнесмен Ресей азаматтығымен Дубайда тұрды. Бірақ биылғы жылғы шілдеден бастап Өзбекстен Сыртқы істер министрлігі іздеу салуды тоқтатты. Бұған елдің жаңа президенті Шавкат Мирзиёевтің оны инвестор ретінде елдің мұң-мұқтажы үшін пайдаланбақ ниеті тікелей әсер еткен сияқты. Соны пайдаланып, ол жазда елінде болып қайтты.
Рахимовтың өзі соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы бизнеспен бірге AIBA-да түрлі басшылық қызметтерде болып келді. Ол бұл жолы қандай бір жағдай болса да, ұйымның президенті лауазымы үшін күресуден бас тартпайтынын білдіріп отыр.
Алайда Халықаралық олимпия­лық комитет өзінің алған бетінен қайтқалы отырған жоқ. Ол бұрын­ғысынша боксты 2020 жылы Жапония астанасы – Токио қала­сында өтетін Олимпиялық ойындар бағдарламасынан шығарып тастауға құмбыл бекініп отыр. ХОК жақында тіпті 6 қазан күні Буэнос-Айресте басталған жас­өспірімдердің Олимпиялық ойындарына келіп, қатысуына да тыйым салды.
Екі комитет арасындағы бұл текетірестің түйіні шешілетін күнге де көп уақыт қалған жоқ. Ол Мәскеуде өткелі тұрған кон­грестің қорытындысынан кейін-ақ белгілі болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button