Қоғам

Қызға қырық үйден тыйым бар ма?

Қазақ халқы ежелден-ақ қызды 40 үйден тыйып, тәрбие берген. Қазір қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер мен қиындықтардың барлығы тәрбиенің төмендегенінен. Ерте жүктілік, балаларын қоқысқа тастау, жетімдердің көбеюі сынды мәселелер кең етек жайғаны жасырын емес. Балғын балалығын ересек өмірге айырбастау ешқашан жақсылық алып келмейтінін жастардың көбі ұмыт қалдырған секілді. Дәстүрі мен тәрбиесі қатар жүретін, адами құндылықтармен тәрбиеленетін қазақ қызының бүгінде ерсі қылықтарға ерте бой алдыруына не себеп? Кім кінәлі?

[smartslider3 slider=1554]

Статистикаға сүйенсек, елімізде соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында жүктіліктің 33051 фактісі тіркелсе, оның ішінде 9906 жасөспірім жасанды түсік жасатқан. Әрине, қыз бала үшін дүниеге сәби әкелу – үлкен бақыт. Бірақ балиғатқа толмаған қыздың некесіз жүкті болып, нәрестені әкесіз тууы – қоғамда ауыр дерт. Ойнап жүріп от басқан жасөспірімнің шарасыздығынан шараналар қоқыс жәшігінен табылып жатқанын көріп жүрміз…

Сұрап алған аурудың емі жоқ. Жасанды түсік қыз балаға қаншама қасірет сыйлайды. Денсаулыққа кереғар тұсы онсыз да белгілі. Мыңдаған сәбидің өмірі қиылып, мыңдаған ару өмірге ұрпақ әкеле алмайтын дертке шалдығады. 15-19 жас аралығындағы қыздардың түсік жасатуы өлімге себеп болып жатады. Жасөспірім шақтағы жүктіліктің әлеуметтік салдары да бар, әсіресе психологиялық тұрғыдан өте ауыр болуы мүмкін. Мектептен шығып кететіні білімсіздікке ұрындырады. Ал бұл фактор болашақта қыз баланың жеке тұлға ретінде дамуына кедергі етеді. Сонымен қатар оның табыс табу мүмкіндігін шектейді. Жақсы жұмыс жасай алмауы қоғамда экономиканың өсуін тежейді. Міне, осылайша адамның жеке бас мәселесі мемлекеттің деңгейіне де әсер ете алады.

Дәл осындай қасірет қоғамда үйреншікті болып бара жатқаны жаныма батады. Барлық мәселенің түйіні тәрбиеге келіп тіреледі. Отбасыдан басталатын тәлім, мүмкін, қазір әлсіз шығар. Балаға дұрыс тәрбие беріп қана қоймай, мейірімге бөлеп өсіру – ата-ананың міндеті. Жанұяда сүйіспеншілікпен өскен бала махабатты көшеден іздемейді. Қатыгездік көріп өскен қыз сүйіспеншілікті жігіттен тапқысы келеді. Бізде қызды ғана кінәлап, біржақты шешім қабылдау қалыптасып қалған. Жерден алып, жерге салатыны тағы бар. Ұлдың да тәрбиесі маңызды екенін ұмыт қалдыруға болмайды. Иә, біздің менталитет ер баланы жоғары қоюға, сыйлауға бағытталған. Сондықтан болар көп ата-ана ұлын еркелетіп, қыздан да жоғары етіп өсіреді. Асты-үстіне түсіп жүріп, баласы нәзік жандыларды сыйламайтын «тиран» болып өскенін байқамай да қалады. Түп санасына сақталып қалатынын білмейді. Сондықтан қызды ғана емес, ұл баланы да қатаң қадағалаған жөн деп ойлаймын. Себебі таяқтың екі ұшы бар. Қазіргі таңда ата-ана балам таршылық көрмей өссін деген ниетпен жұмыстан қолы босамайды. Күйбең тіршілікке ден қойып, балаларының тәрбиесіне үлгермей жатады. Оларды тек материалдық тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыда да бай етіп өсіру керек екенін ұмытпаған дұрыс. Қазір осы дертпен күресудің түрлі жолы айтылып та, жасалып та келеді.

Бірақ барлығы өзімізден басталатынын ұмытпайық. Әлемді өзгерткің келсе, әуелі өзіңді өзгерт дер едім. Сондықтан барлық бағытта сауатты болайық. Әрбір қыз бақытты болуға лайық. Әйел затының қуаныштан бал-бұл жанған жанары әлемді әдемі етеді. Қателіктің салдарынан бастағы бақты ұшырып алмауға тырысайық!

 Әлия ТҮГЕЛБАЙ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button