Мәдениет

Сұлулыққа құштар суретші

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде белгілі қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Қазақбай Әжібекұлының «Өнер шыңына ұмтылыс» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрмеге суретшінің 1997-2020 жылдары жасаған отызға жуық жұмысы қойылды. Бұл еңбектерде ол өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы еліміздегі оң өзгерістерді, әсіресе Арқа төсінде бой көтерген әсем астананың келбетін бояу тілімен бедерлі сөйлете білген.
Жалпы қылқалам шеберінің шығармашылығы – ұлттық қайнардан бастау алады. Сондықтан оның картиналарында халқымыздың терең тарихы мен дәстүрі айшықты көрініс табады.
Мәдени шараның ашылуында ­Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов көрме иесін еліміздегі бейнелеу өнерінің бірегейі дей келіп: «Сарыарқаның төсінен орын тепкен елордамыз­дың алғашқы бейнесін Елбасымен байланыстыра білген Қазақбайдың шығармашылығы ерекше. Автор өз жұмыстарында уақыт пен өмірдің өзара астасып жатқанын шынайы суреттейді» деп жоғары баға берді.
Көрмеге қонақ ретінде қатысқан талантты композитор Төлеген Мұхамеджанов та автор туралы жылы лебізін білдірсе, көрнекті қылқалам шебері Камиль Муллашев Әжібекұлының астананың алғашқы қалыптасу жылдарын тамаша бейнелеген талантына тоқталып: «Қазақбай жұмыстарының бір ерекшелігі – халыққа жақын, оның туындыларында бір жылылық бар, бояулары қанық. Оның шығармалары сұлулыққа құштар әр адамның жүрегінен орын алады» деп айтты.
Іс-шара соңында Қазақбай Әжібекұлы да сөз алып, көрмені ұйымдастырушылар мен келген қонақтарға ризашылығын жеткізді. Көрме 1 қарашаға дейін жалғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button