Әлеумет

Сыр мен сымбат

Өмірдің сан тарау жолдарында – саясат пен бизнесте, өнер мен ғылымда, оқу-ағарту және медицина саласында белгілі бір жетістікке жеткен әйелдер көп. Ал, зейнет жасынан асса да, сыртқы сымбатына сызат түсірмей, сабырлы да салмақты кейпімен әлі күнге дейін қоғамға пайдасы тиер іспен айналысып, Астананы көркейтуге өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан жандар санаулы-ақ. Менің бүгінгі кейіпкерім солардың қатарынан.

11

Ол – өзінің барлық саналы ғұмырын басшылық қызметке арнап, он төрт жыл Ақмола облысы әкімінің орынбасары, кейін бес жыл осы облыстан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, бүгінде «Еуразия» бірінші арнасы Бас директорының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып отырған Светлана Жалмағанбетова.

Жаны нәзік болғанымен, қазақ әйел­дерінің де ер азаматтармен иық тірестіре еңбек ете алатындығын, тіпті мемлекеттік мекемелермен бірге заң шығарушы органдарда да белсенді қызмет атқарып, ең күрделі мәселелерді шешуге атсалыса алатындығын ол сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсында-ақ дәлелдеген болатын. Әсіресе, облыс әкімінің орынбасары болған кездердегі табандылығына тәнті болмай көр. Сол бір орыстандыру саясаты өктемдік құрып тұрған тұста зауыттағы комсомол, партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарған алдыңғы қатарлы қазақ қыздарының болғанын бүгінде өзі мақтанышпен еске алады. Мақтанса, мақтанғандай! Батылдығына сол кездегі тұстастары куә.

Жұмыссыз жүрген кезі жоқ

Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы Благодатное ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген қаршадай қыз тағдырының осыншалықты қатал боларын білді ғой дейсіз бе, сол кезде?! Жоқ, әрине. Бар білгені, ес біліп, етек жинағаннан бері бас көтерер азаматының жоқтығынан анасының белі бүгілгенше еңбек етіп, өзінің бала болып бір сәт те ойнап-күлмегені еді. Соғыстан кейін дүниеге келгендердің көрген күнін басқа бермесін! Риясыз балғын шақтың бал дәмін татып та үлгермеді. Алаңсыз ойын ойнап, бала боп шаттануды олардың маңдайына жазбаған-ау, шамасы. Жақияның қызы да осы бір қатал тағдырдан ешқайда қашып құтыла алмады. Есін білмейтін екі жасында әкесінен айырылып, жасынан жоқшылықты көп көрді. Анасымен бірге бөтен кісілердің үйін жалдап, пәтерден пәтерге көшіп, мектепті жиі ауыстырып, күн кешуіне тура келген кездерін қалай ғана ұмытсын. Санасынан мәңгіге өшіріп те тастай алмайды. Қыршынынан қиылған жар қазасы қабырғасын қайыстырып, қайғы жұтқан анасы сырқаттанып қалған сәтте соңынан ерген шиеттей сіңілісін бағып-қағуды, үй тірлігін – отбасының бар тауқыметін өз мойнына алды. Сөйткен қыз қаршадайынан, мектепте оқып жүріп жұмысқа араласады.

Алғашқы еңбек жолын ауыл кеңсесіндегі комутаторда телефонист болып бастаған өрімдей жастың жағдайын ұстаздарынан артық кім ұққан?! Түнімен жұмысқа жегіліп, шаршап-шалдыққанына қарамастан, сабақ үлгерімін де төмендетпегені үшін жоғары сыныпқа көшкенде, мұғалімдері мектеп директорының келісімімен оны кітапханашылыққа ауыстырып алады. Сонда сабақ арасындағы үзіліс кезінде жүгіріп келіп кітапхананы ашып, сабақтан соң, сонда отырып, оқушылар мен мұғалімдерге қажетті кітаптарын тауып беретіні, бос уақытында үй тапсырмасын орындап, одан қалса әдеби шығармаларды сүйіп оқитыны есінде. Ондайда оңаша отырып, классик жазушылардың көркем туындыларына терең бойлап, солармен «тілдесетін». Өмірдің талай қиын өткелдерінен сүрінбей өтуіне де атақты қаламгерлердің шығармалары көп септігін тигізгені анық.

– Үйге келісімен анама көмектесемін, мектепте мұғалімнің айтқандарын қалт жібермей сабағымды оқимын, сабақтан кейін кітапханада жұмыс істей жүріп, артық әңгіме айтуға, бөтен қылық танытып, қатарластарым секілді ойын-сауық құруға бос уақытым да болмапты. Соған тырыспаппын да. Сенетін, сүйенетін адамым болмаған соң, әжемнің айтуы бойынша өз ақылым мен күшіме ғана иек артып, алға қарай адымдай бердім. Ақыры, орта мектепті үздік аяқтағаным үшін бір пәннен ғана емтихан тапсыру арқылы таңдаған мамандығым бойынша өз күшіммен Қарағандыдағы политехникалық институтқа түстім. Қазір ойлап отырсам, онда да бір күн қарап отырмаппын. Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, еңбектен қол үзбедім. Иманды болғыр әжем, сонау бала кезімнен көп жұмыс істегенге бақыттың бас иетінін бойыма сіңіріп бақты. Енді міне, құрметті демалысқа шығып, жас ұлғайса да, сол әдетімнен арыла алмай келемін, – дейді С.Жалмағанбетова жымиып.

Иә, артта қалған күндерді ой елегінен өткізер болса, жұмыссыз жай отырған бір күні жоқ. Жасы алпыс сегізге келгенімен, әлі күнге қимыл-қозғалысты жаны сүйеді. Тіпті, облыс орталығы Көкшетауға көшкенге дейін көп жыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жауын-шашын, аяз демей, таза ауада жүгіргенін жанында жақын жүргендер жақсы біледі.

Зауытта жұмыс істеп жүрген жастау кезін­де үнемі бассейнге баратын, неше түрлі жа­рыс­тарға қатысып, әрдайым энергетикалық жүйе­­сін сауықтырумен айналысқаны да айнала­сындағыларға мәлім. Сондықтан да, жұмыссыз, мақсатсыз өмір сүретін кейбір жастарға қайран қалады. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүргісі келетін адам алдымен алдына мақсат қоя білуі керек. Сол мақсат оны алға жетелей береді, жетелей береді. Сөйтіп жүріп, адам ақыры арманына жетеді.

1971 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен кейін Светлана Жақияқызы сол кездегі «Целинсельмаш» зауытына инженер-конструктор болып жұмысқа орналасады. Осы жерде комсомол комитетінің хатшысы, бөлімнің бас технигі, конструкторлық бюро басшысы қызметтерін атқарады. Одан кейін Целиноград қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, Ленин аудан­дық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Целинсельмаш» зауытында партия комитетінің хатшысы, Целиноград облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, осы қаладағы Совет ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі лауазымына дейін көтеріледі. Қай жерде істесе де, тек белсенділік танытып, мехнаты мол жұмыстың ауырт­палығына мойымай, кез келген күрмеулі мәселені тек қазақ қызына ғана тән қасиетпен шеше білгеніне таңдай қақпасқа шара жоқ.

Қасиеті мол қайран әже

Жалғыз баласы Жақияның перзенттері туыла салысымен көп тұрмай, шетіней береді екен. Солардан аман қалғаны екі қыз. Оның үлкені осы – Светлана. Екі жасында әкесі кенет­тен көз жұмған соң, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша әжесі үлкен немересін бауы­рына басып, тәрбиесін өз мойнына алады.

– Ол мені ертелі-кеш бетімнен сүйіп, аймалап емес, көңілге қонымды ақылды сөздері арқылы мейірімі мен махаббатына бөлеп, маған үнемі үлкен кісіше сенім артып, «осы үйдің бар үміті – өзіңсің» деп өсірді. Міне, тәрбие! Сол сөздер әлі күнге менің құлағымда. Ол кісінің айтқан әрбір әңгімесі, қимылы, іс-әрекеті өзінше бір мектеп еді. Жалаң ақыл айтқанды жаны сүймейтін. Керісінше, үнемі бағыт-бағдар беріп, парасаттылығымен, қазақы мінезімен жақсылыққа жетелеп отыратын. «Алладан абырой сұра» дейтін. Жас күнімде бұл сөздің мағынасын дұрыс түсінбейтінмін. Бақсам, адамдардың саған деген сый-құрметі екен бұл. Сол әжемнің тілеуімен абыройсыз болмадым. Сайып келгенде, бәрі қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиенің, еңбек пен бейнеттің арқасы, – дейді С.Жалмағанбетова.

Өмірде қолдаушысы да, қорғаушысы да, қамқоры да, панасы да бола білген асыл адамнан айырылу, он бес жастағы қызға оңайға соқпады, әрине. Дүние астаң-кестең болғандай аласапыран бір күй кешкені бар. Қатты қайғырды. Енді міне өзі де әже атанып, бала күнінде көрген мейірім-шуақты немерелеріне молынан шашып , ата-баба дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді.

Қолы қалт етсе, олармен бірге отырып кітап оқығанды, жалпы бос уақытын немерелерімен өткізгенді, спортпен шұғылданып, таза ауада серуендегенді ұнатады. Немерелерінің үлкені – «Нұр Орда» мектебінде оқыса, бес жасар кішісі – барлық әріпті біледі, тіпті қазір бірінші сыныпта оқып жүрген кез келген баладан жақсы оқиды екен. Екеуі де қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген.

Абыройын асқақтатқан Астана

Елордаға жақын жерде дүниеге келіп, өмірінің ең бір мағыналы жылдарын осы өңірдің өркендеуіне арнаған адамның күн сайын құлашын кеңге жа­йып, ерке Есілдің қос қапталын ала салынған асқақ Астананы сүймеуі мүмкін бе?!

Бас шаһардың әр бұрышы, әр көшесі ол үшін тым ыстық. Мұндағы тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттар, гүлзарлар мен фонтандар, әсем монументтер мен сәулет ескерткіштері көз алдарында көркейіп, күн сайын абаттана түсуде. Соған шаттанады.

«Астана Қазақстанның ұлы жетістігі деп есептеймін. Біз, астаналықтар қазіргідей әдемі ғимараттарымыз, театрларымыз бен концерт залдарымыз бар болғаны үшін бақыттымыз. Еуразия төңірегіндегі ең әсем, ең көркем, күллі әлемді мойындатып отырған Астанаммен мақтанамын, қуанамын. Көркіне көз тоймайтын Астанамды көріп, ең алдымен, Аллаға, екіншіден, Елбасыға ризашылық білдіремін. 1998 жылы бас қаламызды Астанаға көшіріп, қазақ халқына таңғажайып шаһар сыйлағаны үшін елордалықтар көшбасшымызға өмір бақи қарыздар деп ойлаймын. Ашық аспан астында, Астана қаласында өмір сүріп жатқаным үшін бақыттымын» дейді С.Жалмағанбетова.

Байқасаңыз, күнде әрқайсымыз көріп жүрген жетпіске жақындаған кейбір әжелер қандай? Басындағы боз жаулығының ұшы­мен шалының артында қалғанына, бала-шаға­сының ортасында аман-есен қа­райып отыр­ғанына шүкіршілік етіп, көзінің жасын бір сығып алып, аяғының сырқырағанын, тізесінің қақсайтынын айтып, жиі шағымданады. Ал, менің апам әлі де сол бәз баяғы қалпында. Қазіргі заман талабына сай киінеді. Онысы өзіне жарасып-ақ тұр. Қимылы ширақ, бойы тік. Басына орамал тақпаса да, Алласы аузында. Бала кезінде әжесінің берген тәрбиесінен ғұмыр бойы алшақтамады. Тәубесін тастамайды.

«Бала күнімде әжем Алладан ақша сұрама, мансап сұрама. Абырой сұра. Ел ештеңені де ұмытпайды. Кісіге жасаған қиянатың алдыңнан шығады. Қолыңнан келсе, көмектес, көмектесе алмасаң, кедергі келтірме дейтін». Жасаған жақсылығы көп болды ма, абыройы асқақтады. Әжесінің айтқаны айдай келді. Жұдырықтай жүрегіне ұялаған жылылық пен ұлылық сол данагөй әже тәрбиесінің жемісі екенін қайталаудан әсте жалықпайды. Осы үрдісті ұрпағына жалғастыру – арманы. Менің кейіпкерімнің тағдыры, міне осындай.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button