Әлеумет

Сәбила МҰСТАФИНА: Әйелдің табиғаты әлеуметтік салаға бейім

Елордада ең үздік ауданға берілетін «Бәйтерек» сыйлығы бар. Сәбила Мұстафина басқарған кезде бұл айтулы марапатты Сарыарқа ауданы екі рет алды. Кейін ол Есіл ауданына әкім болғанда «Бәйтерек» айналып осы ауданды тапты. Бұл көздеген мақсатына жетпей тынбайтын, көп басшылар жүрексіне бермейтін күрделі істерге білек сыбана кірісіп кететін тәуекелшіл әкім Сәбила Сапарқызының тікелей еңбегі һәм жетістігі деуге болады.

16

Сәбила Мұстафинаның өмірбаянын парақтап отырсақ, оның қай істе де көшбасшы болғанын байқайсыз. Мектепте оқушылардың алды болып, «Алтын медальмен» бітірді. Ал университетті қызыл дипломмен аяқтады. Мемлекеттік қызметте жүрген ұзақ жылдардың ішінде ер азаматтардан қалыспай еңбек етіп, бәсекеге қабілетті, іскер басшы ретінде өзін көрсете білді. Байырғы астаналықтар да, әріптестері де Сәбила Сапарқызын ер мінезді, қайсар жан ретінде жақсы біледі.

Оның пікірінше, әкім болу – нағыз әйелге тән қызмет. Себебі, өздігінен шешім қабылдай алатын лауазымға әйелдің сезімталдығы, нәзіктігі көбірек қажет.  «Британдық әйгілі саясаткер Маргарет Тэтчердің «егер бір істі әдемі жасағыңыз келсе, оны әйелдерге тапсыр» деген қанатты сөзі бар.Әйел заты кез келген істі жауапкершілікпен атқара біледі. Оның табиғаты, әсіресе, әлеуметтік салаға бейім. Жұртшылықты көбіне әлеуметтік мәселелер толғандырады. Сол себепті әкім болу – нәзік жандылардың қолынан келетін шаруа» дейді өзі. Ол әкім ретінде алдымен осы салаға ден қояды. Айталық, аудан аумағында қандай да бір төтенше жағдай болса, Сәбила Мұстафина бірден «зардап шеккендер бар ма?» деп сұрар еді. «Материалдық шығындарды қалпына келтіруге немесе қайтарып алуға болады. Ал адам өмірін ешқашан қайтара алмайсың. Маған ең маңыздысы – тұрғындардың амандығы» дейді аудан әкімі.

Сәбила Мұстафинаның балалақ шағы, жастық кезеңі Астанада өтті. Алғашқы қызмет баспалдағы да осында басталды. Өзіне етене таныс, әбден бауыр басып кеткен Сарыарқа ауданын ол 2006 жылдан бастап бес жыл қатарынан басқарғанын ел жақсы білсе керек. 2011 жылдан бастап, Есіл ауданына әкім болып тағайындалған ол екі ауданның арасындағы жер мен көктей айырмашылықты сезінгенін айтады. «Есіл ауданы бұрын әкімшілік орталық ретінде салынған болатын. Тұрғын үйлер содан кейін бой көтере бастады. Алғаш тіршілігі сапырылысып жататын Сарыарқа ауданынан осында келгенде мүлгіген тыныштыққа тап болғандай күй кештім. Адамдар мұнда күндіз тұрмайтындай елестейтін. Кейін аулалар салып, тұрғын үйлер көбейген кезде тіршілік ауаны сезіле бастады. «Біз – есілдіктерміз» деген аурадағы жағдай енді жанданып келеді» дейді ол.

Сәбила Мұстафинаның мінезі де ерге тән. Бірақ барлық нәрсенің рет-ретімен тұрғанын жақсы көреді. Жоспарға алған жұмыстарын қағазға қаттап жазып отырады. Оларды мүмкіндігінше қолма-қол шешіп тастауға тырысады. Ал уақытты қажет ететін, тікелей өзінің қолындағы шаруасы емес дүниелерді қағазға түртіп, жұмыс үстелінің үстіне қаттап қоятын әдеті. Көз алдында тұрғаннан кейін ол мәселелер біржақты болмайынша кейіпкерімізде тыныштық жоқ.

Сәбила Мұстафина әйел адам болып, сыланып-боянуды ұнатпайды. Есесіне, жасаған тағамы тіл үйіреді. Әсіресе, Сәбила Сапарқызының духовкада баптап әзірлеген балық етінің дәмін татқан да, татпаған да арманда. Ол қанша жұмысбасты болса да отағасы Бағдат пен ұлы Арыстанбекті ыстық тамақсыз қалдырған емес. «Кейде қулыққа басып, ертеңгі тамақты кешкісін әзірлеп кететінім бар, – дейді күліп Сәбила Сапарқызы. – Менің жеке аспазым жоқ. Ұстаған да емеспін. Әрі біздің үйдің жігіттері бөтен қолдан әзірлеген тағамды жегенді аса ұната бермейді».

Сәбила Мұстафинаның ұлы қазір Испанияда оқып жатыр. «Мама, Испанияда  адамның өмір сүруіне қолайлы көптеген жағдай бар. Бірақ уайымдамаңыз, оқуымды бітіргеннен кейін Қазақстанға ораламын. Өз елімде жұмыс істегенге не жетсін дейді құлыным. Баламның бойына туған еліне деген патриоттық сезімді ұялата алғаныма сондай қуандым» дейді кейіпкеріміз. Сәбила Сапарқызының ұлы да, қызы Динара да ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Ал немерелері Томирис пен Темірлан болса, қазақ, орыс тілдерімен қатар, түрік, ағылшынды да еркін меңгерген.

– Менің пікірімше, кез келген мерекенің – тәрбиелік сипаты бар. Біздің отбасылық дәстүрімізде мейрамдардың бәрінде алдымен үлкендерді құттықтаудан бастаймыз. Жолдасымның және менің жасы үлкен аға-апаларымыз бар. 8 наурызда немерелерімізді ертіп алып, алдымен соларды қуантып, мерекесімен құттықтап шықпақпыз, – дейді ол.

Жұртшылыққа әкімдердің, лауазымдағы жандардың проблемасы жоқтай көрінетіні рас. Сәбила Сапарқызының айтуынша, әкімдер де ет пен сүйектен жаралған, олардың да бір басында қиындықтары, проблемалары болады. Ол шаршаған кезде бір сәт фильмдер көргенді ұнатады екен. «Жолдасым режиссер болғаннан кейін кинотуындыны талдап, тапқыр фразалары болса, қағазға түртіп отырғанды жақсы көремін» дейді әкім.

Сәбила Сапарқызы – бильярд ойнаудың шебері. Осы ойында талай ер азаматты жолда қалдырғаны бар. «Кейде жолдасым екеуміз бильярд ойнаймыз. Ондай кезде: «Бәке, сені қатты сыйлайтынымды өзің де жақсы білесің. Бірақ бұл ойында достастық жоқ. Ұту мен ұтылу ғана бар деймін» дейді.

Сәбила Мұстафина қол астындағы қызметкерлеріне өзінің ұлы мен қызындай қарайтынын айтып қалды. Ұжымда жылы атмосфера қалыптасыру, қызметкерлерін қолдап-қорғап, олардың білмегенін үйретіп, өзі де олардан үйреніп отыру – оның негізгі ұстанымдарының бірі.

Кез келген адамды тану үшін онымен бір сәт әңгімелесіп, ішкі жан дүниесіне ену керек. Біз бұрын Сәбила Сапарқызын аудан әкімі ретінде танығанымыз болмаса, бітім-болмысын біле бермейді екенбіз. Әңгімелесу барысында ол кісінің жігерлі, рухы биік жан екеніне көз жеткізе түскендей болдық.

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button