Қала мен Сала

Қызмет құнын негізсіз өсірген

Елорда әкімдігінде 3 наурыз күні Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Астана қаласы бойынша департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті.

ERM_9034

Алқалы жиынды департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тілеген Қаскин ашып, кеңес мүшелерімен таныстырып шықты. Әдеп жөніндегі кеңестің жаңа міндеттері жайлы қысқаша айтып өтіп, 2016 жылғы жұмыс жоспарын бекітуді ұсынды. Бұдан соң аталмыш Департаменттің жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ләззат Рысбекованың баяндамасы тыңдалды.

Биылғы жылдың 2-15 ақпан аралығында «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК Астана қалалық филиалының қызметіне жемқорлықты туындататын жағдайларды анықтау мақсатында сыртқы талдау жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Оның қорытындысын сараптау кезінде сыбайлас жемқорлық жағдайлары көбіне тұрғындарға қызмет көрсету саласында көп орын алатыны байқалды. Осы қызметке байланысты арыз-шағымдарды талдау барысында  жемқорлық фактілері орын алғаны да белгілі болды,– деп  басқарма басшысы  нақты тексеру нәтижесін жария етті.

Оның айтуынша, құзырлы мекеме мемлекеттік қызмет көрсету саласында көптеген заңсыздықтарға жол берген. Кейбір құжаттардың қаралу тәртібі 15 минуттан аспауы тиіс болса, мұнда құжаттар үш күн қаралған. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызмет құны да негізсіз өсірілген. Мәселен, негізгі құны 30 мың теңгеге бағаланған қызмет 3,5 есе өсіп, 118 мың теңгеге теңестірілген жағдайлар да анықталған. Ең сорақысы, биылғы жылдың қаңтар айында тұрғын үйін заңдастыру бойынша өтініш жасаған қала тұрғыны ол қызметке 8 мың АҚШ долларын төлеуге мәжбүр болған. Кейін мәлім болғандай, қаржы жеке адамның қалтасына түскен. Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Кеңес отырысында сондай-ақ Мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты басқарма басшысының орынбасары А.Дүйсеновке қатысты тәртіптік іс қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылаған кеңес мүшелері «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-ның Астана қалалық филиалы басшылығының көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге өз бетінше тағайындаған «тәртіптерін» жою, қызмет көрсету саласында заң бұзушылыққа жол берген қызметкерлерге тәртіптік ықпал ету шараларын қолдану жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті басшысына осы мекемеге қарасты басқарма бастығының орынбасары А.Дүйсеновті тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыным жолдау қажет деп шешті.

М. НҰРЫМҰЛЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button