Әлеумет

Тағаммен жаулау түбімізге жетіп жүрмесін

ТРАГЕДИЯНЫҢ КӨКЕСІ – ТӘУЕЛДІЛІК

Бірде отбасыммен ірі сауда орталығына қыдырып бардық. Сондағы дәмхананың бірінен тамақ алуға кезекке тұрғанбыз. Ұлттық асханамыздың жұрнағы да жоқ. Есесіне тез дайындалатын тағам беретін шетелдік дәмхана самсап тұр. Бәрінің алды ұзын-сонар кезек. Балам қатты жалынып сұраған соң, «KFC»-ге кезек алдық (Себебі тез дайындалатын тағамды жеуге қатаң тыйым салғанбыз. Бір айда бір жейінші деген соң, көңілін қалдырмадым). Шыдамы таусылуға жақын қалған бозбала мен бойжеткендердің ішінен ауылдан келген бір-екі апайды көріп қалдым.
Қанша күткеніміз есте жоқ, әйтеуір кезегіміз жақындады. Тап сол жерде күтпеген оқиға болды. 10-12 шамасындағы бір бала біздің алдымыздан килікті. «Менің кезегім. Ештеңе де білмеймін!» деп тулады әлгі «көршіміз». Кезек аларда ол біздің артымызда тұрған. Жүйкесі жарылуға аз-ақ қалды. Арттағы апайлар қолдап, өзім де қатқыл сөйлеп, әйтеуір «бүлікшіні» тоқтаттық. Сөйтсек те, сатып алған тағамымызды жарты сағат (тез дайындалған түрі) күттік. Жүйкесі жұқарған бала бізді ала көзімен атып кете барды. Ол менің көзіме нашақор сияқты елестеді. Фаст-фудқор…Нашақор…қор…

ФАСТ-ФУД ЖЕ, ТЕЗІРЕК ҚАРТАЯСЫҢ…

Бірде ғаламтордағы «Новое время» атты журналдан мынадай ақпаратты көзім шалды: «Жедел тамақтандыру жүйесінің азық-түлігін тұтыну күйзелісті дамыту мүмкіндігін арттырады. «Public Health Nutrition» денсаулық және қоғамдық тамақтану журналында жарияланған зерттеу (оған 9 мыңға жуық респонденттер қатысқан) нәтижелері көрсеткендей, гамбургер, хот-дог және фри картошкасы адамның дене бітіміне ғана емес, сондай-ақ психологиялық хал-күйіне де әсер етеді. Атап айтсақ, фаст-фудты жиі тұтынатындар кәдімгі табиғи тамақ жейтіндерге қарағанда күйзеліске көбірек бейім болып келеді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, фаст-фудты қолданатындар оны аз көлемде тұтынатындар мен мүлдем жемейтіндермен салыстырғанда күйзеліске ұрынуға 51 пайызға бейім көрінеді».
Бұған қоса, британ ғалым­дары фаст-фудтың адамды уақытынан бұрын қар­тайтатынын анық­тады. Зерт­теуші мамандар адамның био­логиялық жасынан 4-6 жасқа үлкен көрінуінің сыры, яғни «қартаю эпидемиясы» дұрыс тамақтанбағаннан болатынын айтады. 25 жастан асқан 8 мың әйелге сұрау салудың нәтижесінде уақытынан бұрын қартаюдың негізгі себептерінің бірі фаст-фудты күнделікті пайдалану екені анықталған.

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДЫ НЕГЕ ЖАТСЫНАМЫЗ?

Сауда орталығының іші адамға лық толы. Біздің қазекеңдер американың «Макдональдсында», «Хардисінде», өзбектің «ЧИР CHIC»-інде, қытайдың, түріктің, итальянның дәмханасында мәз-мейрам болып, көңіл көтеріп отыр. Балам «KFC»-дің тағамын алды. Ерлі-зайыпты екеуміз өзбектің «ЧИР CHIC»-інен суық компот, «ташкенттік» және «көкөністік» деп аталатын бәліштер сатып алып жедік. Кассадағы қазақ қызы өзбектің тағамын ерекше мақтады. Айтпақшы, сол жердегі тез тамақтандыратын дәмханада барлық даяшы, сатушылар – қазақтың қыз-жігіттері. Бәрі жат ұлттың тағамын мақтап тұр. Күні үшін… Айтпағым бұл емес-тін. Сол жерден бірде-бір ұлттық тағамды таба алмадым. Алаштың астанасы. Ерікті елдің төр қаласы. Дүйім жұртты магнитше тартқан ең еңселі, ең үлкен, ең жаңа сауда-саттық ойын-сауық орталығы. Қаптаған асхана, дәмхананың ішінде бірде-бір ұлттық тағамымыз жоқ! Тіпті шетелдік меймандарға ұлттық асымызды көрсететін бірде-бір нүкте жоқ. Ұлттық тағамымызды көрсетпесек, несіне мақтанамыз? Ұлттық намысымыз қайда?

ҰРПАҒЫМЫЗ ДҮБӘРА БОЛМАСЫН ДЕСЕК…

Мені бір шошындырған нәрсе – жұрттың жаппай (үлкен де, кіші де) фаст-фудқа тәуелдігінің артуы. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бір ғана мысал келтірейін. Тез тамақтандыратын дәмхана­лардың тағамын қол­дану уақыт өте келе адамның есте сақтау қабілетін әлсіретеді. Австралия ғалымдары фаст-фудтың адам ағзасына әсерін анықтау үшін егеуқұйрыққа тәжірибе жасап көрген. Жеті күннен кейін кеміргіштің ақыл-есі тез әлсірепті. Бәрінен бұрын есте сақтау қабілеті жоғала бастаған. Ғалымдар зерттеу барысында дұрыс тағамды тұтынған жағдайда да жоғалған қабілеттің қайтіп қалпына келмейтінін де анықтаған.
Бізге есте сақтау қабілеті нашар, жүйкесі тозған, уақытынан бұрын қартаятын ұрпақ керек пе? Әлі де кеш болмай тұрғанда жақсылап ойланайық! Бұл – күллі қоғам, ұлт, ел болып кө­теріп, нақты бір шешім қабылдайтын шетін мәселе. Фаст-фудын әкелген ұлттар қазаққа жаны ашиды дейсіз бе? Ашығын айтсақ, бұл да ас-тағам арқылы жаулаудың бір түрі. Келешегі зор, дені сау ұлт боламыз десек, фаст-фудтан қорғануымыз керек.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Гүлнар ТӨЛЕБАЕВА,
№9 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі, жоғары санатты педиатр-дәрігер:

– Фаст-фуд қысқа тол­қын­ды пеш­­­­­терде тез дайындалады. Соның нәтиже­сін­де кәдімгі тағамда болуы тиіс микроэле­менттер, дәрумендер жойылады. «Термическая обработка» деген бар, яғни өнім толық өңделмейді. Жартылай шикі тағамды тұтынған адам асқазан ауруына тез шалдығады. Қазіргі кезде фаст-фудтың көбеюінен эндокрин­дік аурулармен, соның ішінде қант диабетімен ауыратындардың саны күрт өсіп барады. Әсіресе, балалар арасында семіздік дерті ұлғая түсуде. Жасырмай айтар болсақ, оқушылардың дені семіздікке бейім. Менің ойымша, бұл жағдайға әрбір ата-ана, біздің қоғамның әр мүшесі ойланып, нақты шешім қабылдауы қажет. Абзалы, фаст-фудтан бас тарту.

Айжан НҰРҒАЗИНОВА, Астана қаласының тұрғыны:

Айжан НҰРҒАЗИНОВА, Астана қаласының тұрғыны

– Фаст-фудтың зияны көп. Мысалы, оған қо­сылатын өнімдер ше­­телден әке­­лінеді. Әри­­не, ол біз­дің генімізге сәй­­кес кел­мейтіні анық. Екін­ші­ден, тез дайындалатын та­ғам­ның құрамында қаншалық хи­микаттар, зиянды заттар барын біз білмейміз. Оған қо­сатын етті, нан өнімдерін, тыңайт­қыштарды шетелден тасиды. Ол жақта қандай жолмен өсіргенін көрмейміз ғой. Ал фаст-фудты тұтынғаннан адам ағзасында жиналатын химикаттар қандай ауруларға апарып соғатыны белгілі. Қауіптің зоры осы жерде. Мысалы, өз балаларым осы тағамдарды көп жейтін еді. Сөйтіп, асқазан ауруы пайда болды. Екі жыл бойы үздіксіз ем-дом қабылдап, әзер айықтық. Енді ондай тағам жеуге тыйым салдым. Меніңше, фаст-фудты анда-санда дәмханадан жеуге болады. Бірақ ол үйдің тамағын толық алмас­тырмауы керек.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button