Мәдениет

Шоқан жолын жалғаған…

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйытқы болуымен жазушы–журналист, зерделі зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлымен «Шоқан жолы» атты кездесу кеші өтті.

Казақ көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқан бабамыздың мұрасын зерттеуге көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан елеулі еңбек сіңірді. Ардақты тұлғаның артында қалған жазбаларын жинақтап, көп томдығын шығарды. Ғылыми монография жазды. Одан кейін шоқантануға қомақты үлес қосқан азаматтың бірі – Жарылқап Бейсенбайұлы. Кеш барысында қаламгер жастарға өзінің өмір жолынан тағылымды сөз өрбітті. Зерделі зерттеушінің айтуына қарағанда, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүріп, сол кездегі «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетіне қызметке орналасып, алпысыншы жылдары әдеби сынның көрігін лаулатқан Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали секілді азаматтардың журналист болып қалыптасуына ықпалы тигендігін баяндады. Әсіресе, белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиевтің жазу стилі, шығарманы терең талдауы қызықтырғанын айтып, өмірінің жарқын белесіне айналған шоқантануға қалай келгендігін әңгімеледі.

– 1975 жылы Шоқанның 140 жылдығы қарсаңында қолыма ғалымның 1856 жылы жазылған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» жайындағы жазбасы түсті. Соны зер салып оқып, осы жолмен жүріп өтсем деп ойладым. Бұл ұсынысымды сол кездегі газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов қолдап әкетті. Содан сапарға шықтым. Семейден бастап, Ыстықкөлге дейінгі өлкені армансыз араладым. Ғажайып әсер алдым. Нәтижесінде «Шоқанның ізімен» атты алғашқы кітабым жарық көрді. Ұлы адамның 150 жылдығы тұсында ғалымның туған, қызмет істеген жерлерін тағы бір шолып шығып, екінші жинағым жазылды. Кеңес заманында айтулы тұлғаның бір ғана қыры зерттелді. Оның Кенесары қозғалысы туралы білгендері, ұлттың азаттығы жайындағы айтқан ойлары мүлде қозғалмады. Тәуелсіздік алдық. Шоқантанудың жаңаша дәуірі басталар деп ойладым. Арада бірталай уақыт өтті. Ол туралы жазылған тың ізденістер байқалмады. Содан белді бекем буып, тәуелсіздік тұрғысынан «Шоқан» деген 40 баспа табақты құраған роман-эссе жаздым. 2009 жылы жарық көрді. Бұл кітап Ресейдегі Қазақстан елшілігінің назарына түсіп, олар еңбекті орысшаға аударып, 2015 жылы Мәскеу Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде таныстырылымын өткізді» деді жазушы.

Қаламгер өз сөзінде ШоқанУәлихановтың 19 жасында Қадырғали Жалайырдың кітабын оқып, оған ғылыми талдау жасағанын, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегін алғаш зерттегенін жеткізді. Кейінгі кезде Шоқанның өлімі туралы түрлі алыпқашпа сөздер бар. Жарылқап аға оның бәрі бос қауесет екендігін айтып, асыл ердің құрт ауруынан көз жұмғандығын нақты дәлелдермен келтірді. Шара барысында Бейсенбайұлы «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі», «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты кітаптарының жазылуы жайында да сөз қозғап, студенттердің қойған сұрақтарына мазмұнды жауап берді.

Кездесуді түйіндеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы Ж.Бейсенбайұлын ауылдың қара баласынан мәдениеттанудың үздік үлгісіне айналған азамат деп бағалап, оған оқу ордасының естелік медалін табыс етті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button