Ресми бетРесмиет

Таңдау құқығы: ҚДКБҚ бірыңғай депозиттік порталды іске қосты

www.deposit-kdif.kz депозиттік порталы коммерциялық мақсатты көздемейді, Қор қызметкерлері мұның салымшыларға коммерциялық банктер ұсыныстарына қатысты дұрыс таңдау жасауына көмектеседі деп есептейді.

Өткен аптада Алматыда «Қазақ­станның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) өзінің жаңа жобасы, яғни жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бірыңғай шоғырландырылған мәліметтер базасының тұсауын кесті. Бұл қолданушыларға банктік қызмет көрсету нарығындағы ұсыныстар ішінен өзіне ыңғайлы депозит таңдауына мүмкіндік береді. Қызмет көрсету «Депозиттік портал» деп аталады, оған депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары – 30 банктің ҚДКБҚ-на есеп беру негізінде қалыптасқан мәліметтері енгізілді.
ҚДКБҚ порталдың тек қана ақпа­раттық мақсатта ашылғанын атап өтеді: ҚДКБҚ Ұлттық Банктің қаржылық сауаттылықты жетілдіру және саналы түрде қаржылық шешім қабылдау бойынша бағытын қолдайды. «Қазіргі таңда Қазақстанда депозиттер бойынша ақпараттардың басын біріктіруге әрекет етіп жатқан ресурстар бар, бірақ олар, негізінен, коммерциялық мақсатты ұстанады. Ал біз салымшыларға барлық банктердің өнімдерін бір ресурстан көріп, салыстыруға мүмкіндік беретін толық әрі сенімді мәліметтері бар портал аштық», – дейді Бақыт Қоғылов.
ҚДКБҚ Төрағасы Бақыт Қоғыловтың айтуынша, жаңа интернет-порталда қазіргі барлық депозиттік өнімдер туралы мәліметтер бар. Әрбір салымшы белгілі бір параметрді таңдай отырып, өзі қызығушылық танытатын депозитті таңдай алады. Банк, депозит түрі, депозит мерзімі, сыйақы мөлшерлемесі, сыйақы төлемінің кезеңі, бастапқы салым жарнасы сияқты, сондай-ақ әрбір банк ұсынатын шарттың мерзімін автоматты ұзарту, ара-қашықтықтан қызмет көрсету, валюта айырбастау мүмкіндігі сияқты қосымша өлшемдерді таңдасаңыз, арнайы сүзгіш тиісті депозитті таңдауға көмектеседі. Бұдан басқа, депозиттік порталдан есептелген бонустарды көруге, сондай-ақ ерікті сақтандыру, cashback-тің болуы, сыйлыққа төлем карталарын алу сияқты депозиттік өнімдер бойынша банктің акцияларымен танысуға болады. Сонымен қатар, Депозиттік портал олардың негізгі қаржылық көрсеткіштерін зерттеуге мүмкіндік береді. Осының барлығы үйден шықпай-ақ депозитті мұқият таңдауға көмектеседі.
ҚДКБҚ басшысының айтуынша, сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуы депозиттік өнім сапасын бағалауда әрдайым басты өлшем бола алмайды. Бұл, көп жағдайда, керісінше, салымшы үшін тәуекел болуын байқатуы мүмкін.
«Адамдар көп жағдайда бір жылға жақсы өнім болып табылатын барынша жоғары сыйақы мөлшерлемесі, күнделікті капиталдандыру, акциялар, сыйлықтар, бонустар сияқты мәліметтерді бір жақты ғана қарайды. Ал егер мұның қандай банк екенін көріп, оның қаржылық жағдайына назар салсаңыз, бұл таңдаудан бас тартқан болар едіңіз» дейді Б. Қоғылов.
Қазіргі таңда ҚДКБҚ ұсынған тең­ге депозиті бойынша сыйақы мөлшерлемесі 14%-ды құрайды – бұл жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі және нарықта мұндай депозиттік өнімдер бар. Б.Қоғыловтың айтуынша, жоғары сыйақы мөлшерлемесін ұсынатын банктерді таңдау барысында олардың қаржылық жағдайын салыстырған жөн. «14%-ды жақсы банк те, нашар банк те ұсынуы мүмкін. Ал біз жақсы банкте жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар жақсы өнім таңдау қажеттілігіне ой саламыз» дейді ол.
Жинақ ақшаларды сақтау бойынша қаржы құралы ретіндегі банктік депозиттерге деген қызығушылықтардың артқанын ескерсек, жаңа портал аса қажет болуы мүмкін. ҚДКБҚ ұсынған мәліметтер бойынша, 2016 жылдың 1 қарашасы мен 2017 жылдың 1 қарашасы аралығында жеке тұлғалардың депозиттік базасы 10%-ға өскен. Бүгінде жеке тұлғалардың банктерге салған жалпы депозиттерінің сомасы 8,1 трлн. теңгені құрайды. Көрсетілген мерзімдегі жеке тұлғалалардың банктік шотының есебі 6,5%-ға ұлғайған және 2017 жылдың 1 қарашасында 45,5 млн. соманы құрады.
Атап өтетін жағдай, валютадағы депозиттер мөлшері азайып, теңге салымдары көбеюде. Мәселен, 2017 жылдың 1 қарашасында теңгемен салынған депозиттер сомасы 43%-ды құраса, өткен жылы осы уақыттағы көрсеткіш 35% болатын. Шетел валютасындағы депозиттер азаюда: қазақстандықтардың шетел валютасындағы қаражат жинақтары биыл 57%-ды құраса, былтыр қарашада 65% болған еді.
ҚДКБҚ мәліметтеріне қарасақ, банк­тер­дегі жеке тұлғалар жинақтарының құрылымында (ақшаға шаққанда) мерзімді салымдар аса көп (87,6%) екен, талап етілгенге дейінгі және шартты салымдар үлесі – 0,3% және 3,1%, осыған сәкес, ағымдағы шоттар мен картадағы ақша – 9%. Жеке тұлғалардың теңгемен ашқан шоттарының үлесі айтарлықтай жоғары деңгейде: 2017 жылдың 1 қара­шасындағы жағдай бойынша теңгемен ашылған шоттар саны 95%-ды құраса, шетел валютасындағы шоттар саны – бар болғаны 5%.
Нарықтағы жағдай өзгеруі мүмкін болғандықтан, Депозиттік порталдағы мәліметтер ұдайы өзгеріп отыратын болады. Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары – барлық банктер ҚДКБҚ-на депозиттік сызғыштағы барлық өзгерістер мен жаңа өнімдердің пайда болғаны туралы мәліметтер беріп отыруға міндетті.
Заңнамаға сәйкес, сот шешімімен банк қызметін мәжбүрлеп тоқтатқан жағдайда, Қазақстанның депозиттерге кепілік беру қоры жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің депозиттерін қайтарып беруге кепілдік береді. Депозиттер бойынша кепілдік берілген ең жоғары сома ұлттық валютада 10 млн. теңгені құраса, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн. теңге баламада болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button