Мәдениет

Теңдессіз мәдени шара

Елордада желтоқсанның 21-23-і аралығында ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірі жайлы тұңғыш халықаралық «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдерінің кинофестивалі өтеді. Осы тұста фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, «RedMark» киностудиясының жетекшісі Әлия ӘУБӘКІРОВА­МЕН байқаудың мән-жайы турасында әңгіме өрбіттік.

– Кинофестиваль туралы толық айтсаңыз. Байқауды ұйымдастыруға не себеп болды?

– «Baiterek» Inter­national Short Film Festival – Қазақстандағы теңдессіз мәдени шара. Бұл – еліміздің жас кинематографистерінің жұмысымен танысу, фес­тиваль қатысушыларының шығармашылық шарықтауына бастама, әрі қазақстандық кинодағы жаңа есімдердің танылуы. Фестиваль ұйымдастырушылары – «RedMark» киностудиясы мен «Диа­лог-Астана» қоғамдық бірлестігі. Астана қаласының әкімдігі, «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қоры, «Мама Про» әлеуметтік әлсіз әйелдерді дамыту және қолдау қоры, Астана қаласы бойынша аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарына арналған «Орда» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді.

Біз Астананың да мәдени орталық болғанын қалаймыз. Жасыратыны жоқ, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған фильмдер біздің елде шығарылмайды. Кинотеатрларда мұндай фильмдер мүлдем көрсетілмейді. Сондықтан көрермендерге рухы мықты, жігері сынбаған балалар мен олардың ата-аналары туралы көркем туындыларды көрсеткім келді. Қоғам мұны білуі керек. Бұл балалар да қоғамның бір бөлшегі.

– «Бәйтерек» кинофестивалінің мақсаты қандай?

– «Бәйтерек» кинофес­тивалі – ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірін баяндап қана қоймай, елге олардың шексіз мүмкіндіктері мен қызығушылықтарын паш ететін бірегей жоба. Қатысушы-фильмдердің мақсаты – қоғамның ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген қоғамның көзқарасын өзгерту, олардың тұлға ретінде маңызын көрсету. Сондай-ақ жобаның діттегені – еңбек жолын енді бастап келе жатқан режиссер, оператор мен сценаристерді қолдау, қазақстандық платформа құру, әрі еліміздің болашақ кинематографистерінің кәсіби деңгейін арттыру.

– Жобаға қанша туынды қатыспақ?

– Бүгінгі таңда әлемнің бес елінен отызға жуық өтінім келіп түсті. Негізгілері – көркем және деректі фильмдер.

– Жеңімпаздар қалай анықталады?

– Жеңімпаздарды анықтау мақсатында ұйымдастыру комитеті құрылды, оның құрамына тәуелсіз сарапшылар мен белгілі кинематографистерден құралған кәсіби қазылар алқасы кірді. Олар кинофестивальдің ресми жүлделерін мына аталымдар бойынша анықтайды: үздік режиссерлік жұмыс, үздік операторлық жұмыс, үздік сценарий, үздік актёр, үздік актриса және «Жаңа көзқарас» номинациясы. Көрермендердің ілтипатына бөленгендерге «Көрермен дауысы» жүлдесі беріледі. Сондай-ақ фестивальдің ресми серіктестері де өз тарапынан жүлде таға­йындай алады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button