Шаһар шаруашылығы

«Мичурин» – жайлы мекен

Қарағанды-Астана тасжолының бойында орналасқан «Мичурин» тұрғын алабына дейін қала орталығынан шамамен 25 минуттай уақыт кетеді. Қала­ның шуынан арылып, аталған алапқа кіргенде құлаққа ұрған танадай тыныштыққа тап боласыз

Астанадан 10 км қашықтықта жатқан «Мичурин» алабы – Алматы ауданына қарайтын елді мекен. Бұрын оның орнында алма бағы болған. Ал қазір тұрғын алапта шағын мектеп, спорт кешені, шағын дүкендер, медициналық пункт бар. Президент резиденциясы да осында орналасқан. Мұнда сондай-ақ әдемі безендірілген су мұнарасы да алыстан менмұндалайды.

Қар тазалау жұмысы «Мичуринде» де қарқынды жүргізіліп, бірінші кезекте әлеуметтік нысандар айналасын ақ қардан тазалауға көңіл бөлінеді. Жол бойында жылы аялдама да бар. Қоғамдық көлікпен қалаға дейін 30 минутта жетеді. Автобустар мұнда жиі қатынайды. №80 және №321 автобус келеді. Жер үйлердің шарбағы жанынан орталық газдандыру жүйесіне қосатын газ құбырлары өтіп жатыр. Жергілікті тұрғын Майя­ның айтуынша, коммуналдық қызметтер тарифі қымбат емес.

– Бірнеше жыл бұрын газ қостық. Басында қиындықтар кездесті, құбырлар қатып қалған кездер де болды, жылу үйге біркелкі келмеді. Қазір бәрі дұрысталды. Коммуналдық қызметтер үшін шығыным, есептеуімше, қаладағымен бірдей шығады. Газ келгелі жақсы болды, үйіміз таза әрі жылы, бұрын көмір жағып шаршайтын едік, – дейді ол.

Алайда мичуриндіктердің бәрі бірдей өркениет игілігін пайдаланып отырған жоқ. Бастау көшесіндегі 1964 жылы салынған төрт қабатты көппәтерлі үйге де газ құбыры тартылған, алайда олар әлі де қазандық арқылы жылытылады. Өзге көппәтерлі үйлердің тұрғындары секілді олар да суды өздері ысытып отыр.

– Иә, газ құбырын тартуын тартты. Алайда қабырғаларды бұрғылай бастасаңыз, үйде не болатынын елестетіп көріңіз. Оның үстіне мұнда, негізінен, зейнеткерлер тұрады. Газ қосуға олардың қаражаты жетпейді, – дейді аталған үй тұрғындарының бірі Маргарита Ивановна.

Алматы ауданы әкімдігі, осыған орай, қостыруды оңайлату үшін бірқатар шара қабылдаған: қостыруға қажет құжаттар тізімі азайған, аз қамтылған отбасыларды қостыру үшін бөлінетін сома екі есе көбейген, есептеуіш құрылғылары тегін беріледі, сонымен қатар пайыз­сыз несие беру бағдарламасы қолданыста бар. Сондай-ақ көппәтерлі үйлерде пәтер иелері кооперативі жоқ. Тұрғындар үйдің күтімін өз бетінше жасап отыр, сенбіліктерге шығады, ақтайды, сырлайды. Жақында үй кіреберістеріне жарық қойылып, тұрғындар соған қатты қуанды. Басқа ретте алап тұрғындарының шағымы жоқ. Тұрғын алаптың тура орталығынан үлкен стадионы бар жаңа мектеп салынып, өзінің бөлек мектебі жоқ ауылдың оқушылары үшін бұл мәселе толық шешімін тапты.

– Мектебіміз жаңа, үлкен. Балалар спорт кешеніне, үйір­мелерге барады. Өзіміздің медициналық пунктіміз бар. Ол қаладағы №7 емханаға қарайды. Балалар үшін бірнеше жерден жаңа балалар алаңы салынды. Әрине, қыстың да, жаздың да өзіне тән шығатын мәселелері баршылық. Бірақ оларды әкімдік біртіндеп шешіп жатыр, – дейді Маргарита Ивановна.

Оның айтуынша, алаптың басты артықшылығы – таза ауа мен тыныштық, жайбарақат тірлік. Соған сай халқы да тату, бір-бірін жүзінен таниды. Олардың ендігі сұрайтыны – осы тұрғындардың жайлы демалысы, бос уақытын өткізуі үшін сквер көптеп ашылса деген ұсыныс.

– Бізде көлік аз, көк шөп көп. Жазда әркім өз ауласындағы бау-бақшасын баптайды, ­кә­уап пісіріп, қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршап, демалғысы келетін туған-туысын үйіне қонаққа шақырады. Біздің басты байлығымыз – сол татулық, – дейді алап тұрғындары.

Карина Кущанова

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button