Басты ақпаратРуханият

Қазақ әні көшін жалғаған

Қазақтың ұлттық әнінің бүгінгі шыққан биігіне баспалдақты Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев салды. Осы ән алыптары 1967 жылдан республикалық эстрада және цирк студиясында (қазіргі Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі) дәріс беріп, талай шәкірт тәрбиеледі. Сол шәкірттері қазақ әнін төрге оздырып, толыса, кемелдене келе, өздері де ұстаздық жолға түсті. Қазір Жүсіпбек пен Ғарифолла шәкірттерінің шәкірттері өзі біршама бар. Олардың біразы да ғасырлардан жалғасқан ән мұрамыздың шашауын шығармай, жас ұрпаққа үйретіп келе жатыр. Солардың бірі – белгілі әнші-ұстаз, мәдениет саласының үздігі, Қазақ ұлттық өнер университетінің «дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин.

Ербол Айымғазыұлының өнер жолы туған жері – бұрынғы Семей облысы Абай ауданындағы «Қаламқас» халық ән-би ансамблінен басталды. Сонда жүргенде Жүсіпбек Елебековтің шәкірттерінің бірі Амангелді Жікеновтен Алматыда өнерге баулитын эстрада және цирк студиясы барын естиді. Сонда оқуға барып, Жүсіпбектің тағы бір шәкірті, ән жампозы Жәнібек Кәрменовтің алдына топ ете қалады. Осылайша Жәнібектің шеберханасынан ән үйреніп, тәлім алады. Студияны бітіргеннен кейін оқу орны берген жолдамамен ежелгі Қараөткел өңіріне келеді. Сол уақытта қала атауы әлі Целиноград еді.

Содан бері аттай зулап 35 жыл өте шықты. Сол уақыттағы жалындаған жиырма бестегі Ербол биыл алпыс жастың асқарына көтерілді. Бүкіл жас­тық шағы Ақмола аймағы, қазіргі Астанамен байланысты. Шынын айтқанда, бастапқыда осында келгісі келмеген еді. Семейде Мәдениет Ешекеевтің немесе Талдықорғанда Дәнеш Рақышевтің қасына барсам деген ниеті болды. Алайда ұстазы Жәнібек Кәрменов: «Сен Целиноградқа бар. Сол жақтан халық композиторлары, мықты-мықты әншілер шыққан. Өңір қазір орыстанып кетті. Қазақ әнін насихаттап, бұл өңірді қазақыландыру керек. Ән дәстүрі мұнда ұмытылып барады. Бәрің Алматыда жиналғаннан ештеңе шықпайды» деді. Сөзіне әзіл-қалжыңды араластырып: «Сол жерде бір жағынан орысша үйренесің» дегенді қосып қойды. Ұстазының сөзіне құлақ асқан Ербол солай 1987 жылы тың өлкесіне тартты.

Астананың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы құрамында «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі бар. Бұл ансамбль тарихы 1998 жылдан басталады. Целиноград облыстық филармониясында да тура осылай аталатын өнер ұжымы болды. Ербол Сарин сол «Сарыарқаға» әнші болып қабылданды. Сол кездің дәстүрімен айлап гастрольдерде жүретін. Алғашқы гастрольдік сапары да есінде. Бұл Құлтума Өтемісұлы, Қосымжан Бабақов, Мәриям Жагорқызы, Рабиға Есімжанова шыққан қазыналы Қорғалжын өңірі еді.

Концерттерге сценарийді белгілі қаламгер Нұрғожа Ораз жазатын. Ербол сол сияқты театр режиссері Жақып Омаров, жазушы-публицист Алдан Смайыл, журналистер Мағжан Садыханов, Кенже Жұмағұлов, Ескермес Иманбай, күйші-композитор, дирижер Мұхаметқали Тіналин секілді осы өңірде қазақ руханиятының туын жықпаған азаматтармен танысып, тәлім алды, ұлттық мәселелерге үн қосты. 1988 жылы Алматыда өткен Әміре Қашаубаев атындағы ІІ республикалық әншілер байқауына қатысып, лауреат атанды. Облыстық филармонияда бақандай он бір жыл еңбектеніп, қала Астана атанып, Қазақ ұлттық музыка академиясы (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті) ашылғанда, осы оқу орнына оқытушылыққа қабылданды. Келесі жылы бұған да ширек ғасыр болады.

Ербол Сариннің әнші ретінде халық әндері мен халық композиторларының мұрасын насихаттап келе жатқанына қырық жылға жуықтады. Соның ішінде бізге ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әнін орындауы ерекше ұнайды. Кезінде оның дарынына әнші-композитор Дәнеш Рақышев бас иіп, Шәкәрімнің сөзіне жазылған өзінің «Ең қызық жастық» әнін аманаттады. «Қазақтың мың әні» антологиясына Ербол Сариннің орындауында осы ән мен жалпы жеті туынды енді

С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институт 1997 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне айналғаны белгілі. Ербол Сарин пединститутқа түсіп, университеттің «музыка» факультетін бітірді. Сол уақытта гастрольдерге жиі шығатын әншіге оқу орнының бұрынғы ректоры Амангелді Құсайынов кеңшілікпен қарап, көп қолдау көрсетті.

2009 жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне арнайы шақыртумен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов қызметке келді. Қайрат Әукенұлы «халық әні» кафедрасының тізгінін қолына алды. Кейін бұл кафедра атауы «дәстүрлі ән» болып өзгерді. Ербол Сарин бірнеше жыл бұрын Қайрат ағадан басшылық эстафетасын қабылдап алды.

«Ерболдың бір мінезі – ­«пунктуальный» дейді ғой, ұстаздың айтқанын қалт еткізбей қағып алып, жаттайтынын жаттап, басқа да оқитын сабақтарын оқып, сондай бір тәртіпті бала ретінде көзімізге түсті. Қазір енді жігіт ағасы болып отыр. Сахнада қазақ әнін дәріптеп, әншілік өнерін елге жайып, елдің рақметіне, елдің қуанышына бөленді» дейді оның студенттік күндерінің де куәсі Қайрат Байбосынов.

Ербол Айымғазыұлы 2019 жылы ұстазы Жәнібек Кәрменовтің 70 жылдығына орай университет қабырғасында «Жәнібектің ән мұрасы» атты еске алу кешін өткізіп, оның атындағы сыныптың ашылуына мұрындық болды. Осылай ұстазының рухы алдында бір парызын өтеді.

Өзінің шәкірттері де елге танылып қалды. Атап айтқанда, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Тельман Нүркенов, осы филармонияның әншісі, мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан, биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленген Аяулым Қамажан. Басқа да дарынды шәкірттері жетіп артылады.

«Қайрат Байбосынов пен Алмас Алматовтан кейінгі көп шәкірт дайындаған адамның бірі – Ербол. Ол ән үйреткенде Жүсекең қалдырған, Жәнібектен өзі үйренген әндердің бір нотасын тайдырмай, дәстүрді бұзбай, тиянақты қарайды» дейді белгілі әнші, мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев.

Ербол Сариннің әнші ретінде халық әндері мен халық композиторларының мұрасын насихаттап келе жатқанына қырық жылға жуықтады. Соның ішінде бізге ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әнін орындауы ерекше ұнайды. Кезінде оның дарынына әнші-композитор Дәнеш Рақышев бас иіп, Шәкәрімнің сөзіне жазылған өзінің «Ең қызық жастық» әнін аманаттады. «Қазақтың мың әні» антологиясына Ербол Сариннің орындауында осы ән мен жалпы жеті туынды енді.

Қашан көрсең де қарапайым, сабырлы қалпынан айнымайды. «Мені танып алыңдар» деген онда жоқ. Әлдекімдер сияқты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын да айтпайды. Шынын айтқанда, ел әнші ретінде туған қарындасы Гүлмира мен ақын інісі Қалқаманды көбірек таниды. Осы бауырлары да Астанаға ағасын арқа тұтып келді. Гүлмираның әнші болып қалыптасуына да үлкен ықпалы болды.

Жалпы Сариндер – өнерлі әулет. Ербол Айымғазыұлының жары Гүлвира Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалинаның сыныбын бітірді. Қыздары Еңлік – Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының ­актрисасы. Ербол Сариннің өзі орта мектептен кейін театр институтына оқуға барып, жолы болмады. Сөйтіп әкенің бастапқы арманын қызы орындады. Кезінде Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаған Жақып Омаров Ерболды театрға жұмысқа шақырғанын айтқан ләзім. Бірақ актерліктен әншілікті жақын тұтып, бұл ұсыныстан бас тартты. Оған өкініші жоқ, бақытын әншіліктен тапты. Осылайша Жүсіпбек-Жәнібек-Ербол болып қазақтың ұлттық әнінің көші жалғасып жатыр.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button