Мәдениет

ТҮРІКМЕННІҢ ОЙ-ЖҰЛДЫЗЫ

түрікмен

Түрікмен әдебиетінің жарық жұлдызы, ұлы ақын Мақтымқұлы Пырағы 1733-1790 жылдарда Этрек, Гүрген және Гаррыгала аумақтарында өмір сүрген делінеді. Араб тілінде жарық көрген кітабында оның аты Махдимкулы болып аталған. Кейбір өлеңдерде Пырағы (Фраги) лақап аты қолданылған.

Махтымқұлының шын аты Геркез, жұрты Этрек екендігін оның мына бір шумақтарынан көруге болады:

«Бірінші атым – Геркез де, елім – Этрек,
Табан жетпес жерлерге жырым жетпек.
Мақтымқұлы атандым бүгін міне.
Өзім – аңыз, өзім – күй, өзім – ертек».

Ұлы ақын алғашқы дәрістерін әкесі Девлетмехмет Азадиден алған, сол кісінің ілімін және ақындық өнерін жалғастырған. Мақтымқұлы жас кезінен өнер-білімге құштар болып, Халач ауданындағы Ыдырыс баба медресесінде оқиды. Одан соң Хиуа қаласындағы Ширғазы медресесінде және Бұхара қаласындағы Гөгелдаш медреселерінде шамалы уақыт білім алып, араб-парсы тілдерімен қатар шығыс түрік тілін үйренген. Жазылған деректерге қарағанда, жиырмадан асқан шағынан бастап өлеңдерінде «Мақтымқұлы»деген атын қолдана бастаған секілді.

Мақтымқұлы дін тақырыбындағы шығармаларында Мұхаммед Пайғамбарымыз, басқа да пайғамбарлар туралы махаббат пен сүйіспеншілік, жалпы адамдық қасиет пен ұлттық құндылықтар, адамның материалдық және рухани өмірін шынайы жырлап, айналасына өнеге-өсиет айтып отырған.

Жақсылық пен жамандық, ерлік пен қорқаулық, аштық пен тоқтық, сұлулық пен жауыздық психологиялық паралеллизммен жырланады. Ойшыл ақын өз шығармаларында дұрыс құлшылықты, ақиқатты насихаттаған.

Түрік әдебиетінің алғашқы тізбелік классификациясын жасаған әдебиеттанушы ғалым Мехмет Фуат Көпрүлү Мақтымқұлыны Ахмет Йассауидің ізбасары Накши бенди шейхының дәрісін тыңдаған деген дерек айтады. Мақтымқұлы бір өлеңінде «Ауа райымның иесі – Ахмет Йассауи» деп жазған.

Ахмет Йассауи, Фирдоуси, Юнус Емре, Әлішер Науаи секілді ұлы ақындар Мақтымқұлы шығармашылығының дамуына және ақындық табиғатының қалыптасуына айрықша әсер еткен. Мақтымқұлы жырлары терең ойымен, философиялық және дидактикалық сарынымен ерекшеленеді.

Ол – өзі өмір сүрген дәуірінің әлеуметтік және мәдени қасиет-қағидаларын жырларында дәріптеп, ғасырдан ғасырға жеткізген ойшыл ақын. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов: «XVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдерінің ғасыры болды. Мақтымқұлының ғасырдан ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол – жүрегі сөйлеген философ болатын» деген екен. Бұл – Мақтымқұлы шығармашылығына дәл берілген баға. Басынан өткізген сан қилы замандарда да түрікмен халқы әдеби-рухани құндылықтарын жоғалтқан емес. «Көрғұлы», «Шахсенем-Ғаріп», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Қорқыт ата» секілді халық дастандары тілдің жоғалмауына және әдебиеттің жалғасуына негіз болды. Осы уақыттың философ ақындары Девлетмехмет Азади мен Мақтымқұлы түрікмен халқын бірлікке шақырып, бір мемлекет болуға, бір ту астында тату-тәтті өмір сүруге үндеген.

«Бар адамға ортақ болса дас­тархан,
Көңілдер де шығар еді бір жерден» деген Мақтымқұлы жыры өз заманында аңызға айналды.

Махтымқұлының тілі жеңіл және түсінікті болғандықтан, оның жазған өлеңдері осы күнге дейін ауыздан ауызға тарап, ел ішінде сақталып қалған. Шығармаларында Шағатай әдебиетінің әсері бар делінеді.

Түрікмен әдебиетінің негізін салған Мақтымқұлы өз заманындағы адамдардың күнделікті өмірде қолданған сөздерін, кешкен тірлігін ілмекпен іліп отырып жазғандай, мысалы, бір өлеңінде ол:

«Жаманға сабыр бер, мың кере,
Жақсыға шүкір бер, күндеме.
Имансыз жүректен шырайлы жүз күтпе
Таппасаң тәтті сөз… үндеме» деп жырлайды.

Мақтымқұлы – түрікмен әдебиетінің ғана емес, түрікмен халқының да данагөй ұстазы. Ақын дәстүрлі түрікмен әдебиетін дамытып қана қоймай, сол замандағы түрікмен халқының рухын жандандырды. Философ ақын 150 жылдан кейін болатын түрікмен бірлігін түсіндей көре білген делінеді. Оның шығармаларынан XVIII ғасырдағы түрікмендердің әдеби және мәдени өмірлері кесте секілді көре аласыз. Ақын шығармаларында халықты жақсылыққа және ақиқатқа үндеген, дінге, құлшылық етуге шақырған. Алла тағалаға сенген әр құлдың көңілінің және ақыретте төрт жағының тең болуын жырлап, халықтың жүрегіне ізгілік отын таратқан.

Мақтымқұлы Мұхаммед (с.а.с.), Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Иса және де басқа да пайғамбарларымыз туралы көптеген ұлағатты сөздер жазып, жан дертінің шипасын солардан іздеген.

«Нұх Пайғамбар,
бір жұтым-ақ ауа берші, қысылдым,
Өмір – мәнсіз, жүрек – жансыз,
Көңілім – шер, ішім – мұң!
Қызыр, Ілияс, Зәкәрия , Қабус, Мұса пайғамбарым,
Қияс, Ғимран пірлерім!
Шапағатпен шипа берші, менің дертті жаныма,
жарығыңды түсіргін!»

Мақтымқұлы Құрандағы кейбір мәселелерді меңзеген және кейбір пайғамбарлардың нақылдарында қолданылған сүре аяттарын өлеңдерінде қолданып, олардың өмірлерінде болған оқиғаларды жазған. Олардың әңгімелеріне орын берген.

«Өмір кешті» өлеңінде ақын «Адем пайғамбарынан бастап, Нұх, Ибраһим, Ыдырыс, Иса, Аюб, Сүлеймен, Жүніс, Мұса, Жүсіп, Жақып және басқа пайғамбарлар туралы «Құранда» берілген мәліметтерді қолданған.

Пенденің дүниеде пайдалы істер жасау керектігін, бес күндік пәни жалғанның тек бір ғана егін даласы екендігін және ертеңгі күні Алланың алдына барғанда еккен жемісінің өзіңнен бұрын жететінін бір өлеңінде былай келтірген:

«Арғымақ-дүние көрген түстей,
Ұқпассың ауырды иыққа түспей.
Бос келіп, бос кеткендердің
Жалғандағы тірлігі жаман істей».

Тағы бір шығармасында жамандардың орны жаһаннам екендігі, жақсылардың ісінің өзінен бұрын жететіндігі баяндалады:

«Адассаң жолдан –
Баратын жерің тарылар,
Қайырлы іс қылсаң –
Кеудеңе лағыл тағылар.
Залымның ойы –
Лаулап жанғанда от болып,
Жақсыға дәйім –
Жәннаттың бұйырар бағы бар».

Түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының жырлары тақырыптық ауқымдылығы жағынан тал бесіктен бастап, жер бесікке дейінгі аралықты қамтиды.Сондықтан да оның шығармалары халық жүрегіне жақын. Түрікмендер арасында Мақтымқұлы жырлары мақалға, қанатты сөзге айналып кеткен. Ұлтжанды, сабыр пен рақымды, қанағат пен тоқтамды жан-жүрегіне сіңдірген, рухани бай, тақуа, сабырлы, жомарт, дұрыс деп сенген шындықтарын қорықпай айта білген, жүрегі таза ақын Мақтымқұлы Пырағының өлеңдері өзінің өмір сүрген дәуірінің мәдениетін, өмірнамасын, өнернамасын көрсетеді.

Мақтымқұлы шығармаларының бүгінгі дәуірде де кеңінен қанат жайып, оқырмандарын ойландырып келе жатқаны да, оның данышпан ойлы, парасатты жырларында жатса керек.

Маржан ЕРШУ, ақын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button