Мәдениет

ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Кенжеғали Мыржықбай

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің туған күніне орай ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбайдың «Абай және Пушкин» атты ән кеші өтті.

Абай топырағында туып, Пушкин елінде білім алған әнші екі ұлы тұлғаның сөздеріне жазылған қазақ және орыс композиторларының вокалдық шығармаларын орындады. Дәстүрге айналған бұл концерттің биылғы концертмейстері Любовь Глинка Кенжеғали Мыржықбайдың өзі айтқандай, онымен бірге сахнада бірінші рет өнер көрсетіп отыр. «Шынымды айтсам, Любовь үшін қобалжыдым. Сүйемелдеу деген оңай емес. Бірақ, өзінің міндетін жақсы атқарып шықты» дейді әнші. Бір жарым сағат бойы зор дауыста біресе әуелете, біресе шаттана, енді бірде мұңая шырқалған 18 ән тыңдарманды еріксіз баурап алды. Поэзия құдіретін түсініп, сөздің сиқырын терең сезіне білетін өрелі өнерпаз әр әннің басында Абай мен Пушкин өлеңдерінен үзінді шумақтарды мәнерлеп оқып отырды. Бұл оның өзіндік стилі іспетті. «Еркеғали Рахмадиев есіме еріксіз түсіп тұр. Осы сахнада шығармашылық кешін өткізген едік. Сонда ол «қанша көрермен жиналды екен?» деп сұрады. «Шамамен 600-700 адам» дедім мен. «Міне, есті студенттердің есінде қалады» деді. Сол сияқты классикалық шығармалар орындалатын бұл тақырыптық концерттің жүгі ауыр. Өйткені Абай мен Пушкинді түсіну үшін өре керек» деп, Еркеғали Рахмадиевтің «Қазағым, қайран жұртым» әнін орындады. Осы ән тыңдарманның зор қошеметіне бөленгені бірден байқалды. Себебі, әнші Абай ақынның өлеңіндегі әр сөзді жүректен өткізіп айтқанда, ұлы ақынның ашынған дауысы, халқына күйінген ащы сөзі толықтай ашылды. «Қазағым» деген бір ғана сөзді созып айтқанның өзінде тұла бойың шымырлап кетеді.

Ерлан Сыдықов, Ербол Тілешов, Серік Тұрғынбекұлы, Ғаділбек Шалахметов сынды зиялы қауым өкілдері сахна төріне шығып, Абай мен Пушкин шығармаларының үйлесімді үндестігі жайында сөз қозғап, әсерлі әңгімелер айтты. Кеш соңында Ғаділбек Шалахметов қалың көпшілікке былай деді: «Менің пайымдауымша, Абайдың ең «жанды» ескерткіші – Мәскеуде. Түр-әлпеті дәлме-дәл берілгендей. Ал, Пушкиннің қалыптан тыс ең еркін ескерткіші – Астанада, осы университет алдында. Бір аяғын көтеріп, секіріп бара жатқандай. Бұл шабыттанып, ойға бір өлең келгендігін, жаңа ой табылғандығын білдіреді. Пушкин өзіне деген ризашылығын күнделігіндегі «Ай да Пушкин!» тіркесімен жеткізеді. Ал, қазақтар «Айда, Пушкин!» деп басқа мағынада қолданады. Сол сияқты сіздер де, айдап жүріп, жаңалықтар ашуға тырысыңдар».

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button