Мәдениет

ШҰҒЫЛА ӘН ШЫРҚАДЫ

Шұғыла

«Қазақстан» орталық концерт залында бүгінгі би өнерінің айтулы өкілі Шұғыла Сапарғалиқызының «Қазағым, барым сен үшін…» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Бұрын буынсыз бишілігімен танылған Шұғыла бұл жолы әншілігімен де көзге түсті.

«Үкілі ару», «Бөртенің биі», «Ай нұры» сияқты билерімен баршаға танымал өнер иесінің кешіне көрермендер көп келді. Оның қойылымдық билері өнерсүйер қауымды тәнті етті. Кештегі ән мен би, оны толықтырып отырған экрандағы көріністер жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.

Сондай-ақ, Шұғыла опера әншілерімен бірге Италия классикаларынан үзінділер орындап, тағы бір талантын танытты. Патриоттық, лирикалық, заманауи әндерді қиналмай шырқаған би шебері түріктің әнін өз тілінде орындап, тәжіктің әнін қытайша тамылжытты. Өзінің айтуынша, өнер адамының ән мен биді қатар алып жүруге шамасы жетеді.

Осы кештегі тағы бір ерекше көрініс бишіден тәлім-тәрбие алып жатқан шәкірттерінің өнер көрсетуі болды. Жастарына қарамай, биші қыздардың өздерінің қойылымдарына үлкен жауапкершілікпен қарағандары байқалды. Олардың қимылдары, талпыныстары өздеріне жарасып-ақ тұрды.

Ал, биші Шұғыла Сапарғалиқызы өз кезегінде болашақ жоспарларымен бөлісті. «Алдағы уақытта еліміздің іші-сыртында көптеген кештерім өтпекші. Оған қоса, күз айында тұңғыш ән жинағымды халыққа ұсынамын», – дейді ол.

Көрерменді сұлулыққа еліттіріп, бірде ойға шомғызып, бірде делебе қоздырған бағдарлама елордалықтарға ерекше ұнады. Бұған өнер жұлдызына арналған құшақ-құшақ гүлдер мен бисүйер қауымның ыстық ықыласы дәлел.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button