Таным

ДАЛА ҚЫЗЫ

Гулжан Жаналиева

Арман мен қиял қанатына мініп, білім іздеген қазақ жастары болашағын қашан да жоғарғы оқу орындарымен байланыстыратындығы белгілі. Білім қуған алыстағы ауыл баласы – менің де үлкен қаладағы алғашқы қадамым қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті табалдырығын аттаудан басталды. Одан бері де отыз жылдың жүзі болыпты. Ол кезде еліміздегі жалғыз университеттің қабырғасында білім алу көптеген жастардың басты арманы-тұғын.

Сол жылы мен қалаған мамандықтың алғашқы емтиханы география пәнінен болатын. Бірінші емтихан қашан да қиын. Емтихан – ауызша. Билетке дайындалып болғаннан кейін жауап беру кезеңі де келді. Емтихан қабылдаушы екі оқытушы, бірі – көзілдірік таққан аққұба ағай, екіншісі – түр-түсі қаталдау, көп үндемейтін апай екен. Сол апай – бұл күндері 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан, география ғылымының докторы, профессор, көптеген шетел ғылыми қоғамдарының мүшесі, қазақтың ерекше дара туған қыздарының бірі Гүлжан Мұхитқызы Жаналиева.

Г.Жаналиева – тағдыры ерекше жандардың бірі. Ол кісі 1944 жылдың 9 маусымында Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Түмен облысының Ямал ауданына қарасты Жаңа Порт поселкесінде дүниеге келген. Бұл – Солтүстік Мұзды мұхитының жағасы. Оның ата-анасы 1932 жылы Астрахан облысынан конфискацияға ұшырап, жер аударылған орта шаруа адамдары болатын. Туған топырақтан алыс жырақта туып-өскен батыл да намысшыл қыз өзінің тамыры тараған туған топырағына деген сағынышын бала кезінен сезініп өсті. Оның туған жерге оралсам деген арманы сол кездегі ел көсемі дүниеден қайтқаннан кейін ғана жүзеге асты. 1954 жылы Гүлжан Мұхитқызының отбасы өзінің туған топырағы Астрахан облысының Образцово-Травино ауылына көшіп келді. Осы ауылда болашақ ғалым-ұстаз орта мектепті бітіріп, үрімдей он алты жасында білім іздеп, Орал қаласына жол тартты. Жолы болып сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика инситутының жаратылыстану-география факультетінің студенті болып қабылданды. Бұл кез соғыстың зардабы әлі де толық бітпеген қиын-қыстау заман болатын. Отан соғысы кезінде эвакуациямен келген сол кездегі алдыңғы қатарлы ғылыми мектептің өкілдері бұл қалада да көп еді. Әсіресе, қашан да география саласының беделді ғылыми мектебі саналатын Ленинград географтар мектебінің көптеген мүшелері Орал педагогика институтының профессор-оқытушылар құрамының көрнекті өкілдері болатын. Гүлжан Мұхитқызына сол оқытушы-ғалымдардан тәлім-тәрбие алып өсу бағы бұйырыпты. Бұл оның болашақ жолын айқындаған басты жағдайдың бірі еді.

Жоғарғы оқу орнын сәтті тәмамдаған жас маман осыдан кейін, яғни, 1965-67 жылдары Ескі Өзен ауылында география пәнінің мүғалімі болып ұстаздық жолын бастады. Өжет те батыл, әрі қайсар қыз сол кездегі кеңес-партия ұйымдарының назарынан тыс қалмады. 1967 жылы сол кездегі Шевченко қаласының комсомол комитетін басқаруға шақырылды. Бірнеше жыл қарқынды дамып келе жатқан жас қаланың жастар саясатын басқару, әрине, болашақ ұйымдастырушылық шеберлігін арттырып, үлкен өмір мектебінен өткізді. Бірақ, өзінің бойындағы ізденушілікке деген құштарлығы оны 1971 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік унивеситетінің аспирантурасына алып келді. Бала кездегі туған топыраққа деген сағыныш пен жастық шақтағы туған өлкесінің табиғатын жетік білуі Гүлжан апамыздың болашақ ғылыми тақырыбының аясын анықтап берді. Аспирантурадағы жылдары ғылыми жетекшісі КазГУ-дің сол кездегі ғылыми істер жөніндегі проректоры, география ғылымының кандидаты, доцент А.В.Чигаркиннің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаумен аяқталды. Міне, осы уақыттан бастап Гүлжан Мұхитқызының қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ұзақ та абыройлы ұстаздық және ғылыми жұмысы өзінің жалғасын тапты. Гүлжан Мұхитқызының барлық ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты табиғат географиясының темірқазығы ландшафтанумен тығыз байланысты. 1970 жылдардың ортасынан бастап оның ғылыми жұмыстарының тақырыбы –ландшафтаудың ғылыми теориялық және әдістемелік негіздері мен әсіресе біздің еліміз үшін аса өзекті болып табылатын ішкіконтиненттік бассейндік мәселелер. Оның зерттеу жұмыстары тек теориялық ізденістен тұрған жоқ, негізінен далалық экспедициялық зерттеу­лер болды. Ол кісінің ғылыми жетекшілігімен 80-ші жылдардың ортасынан бастап Іле өзені алабы мен оның атырауындағы ландшафт түзеуші процестер мен ондағы антропогендік өзгерістерге ғылыми тұрғыдан түбегейлі үлкен зерттеу жұмыстары жүргізіле бас­тады. Бұл зерттеудің ойдағыдай аяқталуына, әсіресе, профессор А.А.Тұрсыновтың ықпалы мен көмегі зор болды. Көптеген жылғы ғылыми ізденістердің нәтижесі 1993 жылғы география ғылымының докторы диссертациясын қорғаумен өз нәтижесін көсетті.

Гүлжан Мұхитқызы – еліміздегі ландшафтанушылардың көрнекті өкілі ғана емес, осы саладағы көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын дайындаған ұлағатты ұстаз да. Ол кісінің Ұлттық университеттегі табысты еңбек жылдарының ең шоқтығы биік көрінісі – әрине, оның шәкірттері. Атап айтсақ, О.Мұхамеджанов, Н.Керімбай, Г.Оразымбетова, Б.Ақтымбаева, М.Қуанов, Е.Баймақова, С.Баяндинова, С.Түгелбаев, Т.Базарбаева және тағы басқалар. Гүлжан Мұхитқызының жетекшілігімен әр жылдары кандидаттық және докторлық диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Бүгінгі таңда да Гүлжан апамыз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше (PhD) докторанттарына ғылыми жетекшілік жасауда. Оның 1988-2005 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физикалық география кафедрасының меңгерушілігі қызметін атқарған кез – факультетіміз бен бұл күндері өзінің сексен жылдығын атап өтіп отырған университетіміз үшін алтын әріппен жазылатын кезең. Әрине, шәкірттері біздер үшін Гүлжан Мұхитқызы тек қана белгілі ғалым, білімді ұстаз ғана емес, ол кісі үлкен жүректі азамат. Кез келген ұжымда, әсіресе, шығармашылық пен ғылыми-ізденіспен айналысатын ортада өзінің ерекше бітімі мен басқаларға ұқсамайтын жеке дара мінезімен дараланатын адамдар болады. Ондай тұлғалар әрқашанда өз саласының көшбасшылары қатарында. Біз білім алған кеңес заманы кезінде факультетіміздегі ұстаздардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері болатын, тіпті, қазақ топтары да жоқ еді. Әрине, шет топырақта туып өскен Гүлжан апамыздың сол кезде ана тіліне жүйрік болмаса да, қазақ жастарына деген қамқорлығы ерекше болатын. Ол кісі – сырт көзге тым қатал көрінгенімен, өзінің шәкірттеріне деген қамқорлығы ерекше жан.

Аракідік әңгімеде ол өзінің ата-анасын, әсіресе, олардың Қиыр солтүстіктегі өмірлерін жиі еске алатын. Содан болар, қазақтың халық әндеріне деген көңілі ерекше. «Бозторғай» әні айтылғанда ол кісінің көзіне жас та үйірілетін, оның себебін сұрағанымызда, бұл менің анамның солтүстікте нақышына келтіріп айтатын әні еді дейтін. Шет жүрген анасының еліне деген сағынышын еске салатын әннің мәтіні мен ырғағы бойында өшпестей із қалдырғанының куәсіміз.

Бүгінде мерейтойлық жасын жоғары деңгейде атап өтіп жатқан Гүлжан Мұхитқызы әсем Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы гео­графия және геоэкология ғылыми-зерттеу институтына табысты жетекшілік етуде. Өзінің Алла және Элла қыздарынан бірнеше немере сүйген мерейлі әже – шәкірттері мен әріптестеріне абыройлы ұстаз. Мерейтой иесіне еліміздегі көптеген шәкірттерінің атынан мыңдаған алғыс пен денінің саулығын және отбасының қызығына тоймай арамызда ұзақ жасауын шын жүректен тілейміз.

Санат Түгелбаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, география ғылымының кандидаты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button