Қоғам

Волонтерлік – ақжүрек қызмет

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Әсіресе, бас қалада «Астана жастары» волонтерлік қозғалысы қарқынды дамып, бүгінде бес мың белсенді еріктінің басын қосқан. Солардың қатарында 16 жасынан ақысыз негізде ерекше қажеттілігі бар балаларды жаттықтырып, емдеумен айналысып жүрген астаналық волонтер Меруерт Ескермес бар.

23 жасар Меруерт әлеуметтік волонтерлікпен айналысып келеді. Бұл жолға келуі де кездейсоқтық емес. Кішкентайынан ортаға бейімделе алмауы, құрдастарымен тілдесу барысында қиындықтар салдарынан мектепте буллингке ұшырауы, сондай-ақ анасының бес жыл бойы төсек тартып, жатып қалуы үлкен сынақ болды дейді. Тағдырдың тәлкегіне мойымай, өз-өзін қолға алып, адамдарға көмектессем деген шынайы ниетімен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлер қатарына қосылады. Ал бүгінде жеті жылдан бері астаналықтардың арасында қайырымды істерімен көзге түсіп, алғысына бөленіп жүр.

«Волонтерлік қызметімде ерекше қажеттілігі бар балаларға көп көңіл бөлемін. Олардың қоғамға араласып, аяққа тұрып кетуін шын қалаймын. Ерекше балалардың мүмкіндіктерін дамытуда абилитацияның маңызы зор. Абилитацияның бір түрі – бейімдік дене шынықтыру және спорт. Бейімдік дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі балалардың жүйелі жаттығуына, шынығуына жағдай жасап, өздігінен әрекет етуге бастайды. Осы мақсатта мен екі жыл бойы мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімделген спорт түрлеріне тегін жаттықтырамын. Жаттығу «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубында өткізіледі. Мұнда 5 жастан 18 жасқа дейінгі аутизмге, церебралды сал ауруына шалдыққан балалар айналысады» дейді волонтер.

Одан бөлек, Меруерт Ескермес қалалық емханалардың қабырғасында балалар онкологиясындағы үйірмелердің ашылуына сүбелі үлес қосып, бүлдіршіндердің емделіп кетуіне бар жағдайды жасап келеді. «Білімге апарар жол» атты жобасы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс істеуге арналған. Меруерт өзге де еріктілердің басын қосып, балалар үйлеріне, мектеп-интернаттың оқушыларына барып, оларға шеберлік сабақтарын, спорттық іс-шаралар, мотивациялық кездесулер өткізеді. 4 жыл ішінде балалар үйлерінде 50-ден астам осындай тренингтер ұйымдастырылды. Басты мақсат – балаларға жаңа дағдыларды үйретіп, табыс тауып, кәсіп ашуына итермелеу.

Қайырымды істерінің арқасында жас та болса, көп іске бас болып жүрген Меруерт «Жылдың үздік қамқоршысы-2021» сыйлығы мен «Халық алғысы» медалімен марапатталған еді. Волонтерліктен бөлек, ол сондай-ақ үш қызметте жұмыс істеп, қатар алып жүр

– Еріктілікті ақжүрек қызмет деп санаймын. Өз тәжірибемнің барысында түрлі тағдырға кезіктім. Мәселен, соның бірі Бекнұр есімді балада қатерлі ісік анықталған еді. Бүлдіршінге көмектесу мақсатында жан-жақтан қаражат жинай бастадық. Қажет сома жиналғаннан соң, Бекнұрға күрделі ота жасалып, сәтті аяқталған еді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Волонтерлердің де басты мақсаты – осы өзгеге көмектесу арқылы қоғамда мейірімділікті, кеңпейілділік пен жанашырлық қасиеттерді арттыру, – деп бөлісті ерікті қыз.

Осындай қайырымды істерінің арқасында жас та болса, көп іске бас болып жүрген Меруерт «Жылдың үздік қамқоршысы-2021» сыйлығы мен «Халық алғысы» медалімен марапатталған еді. Волонтерліктен бөлек, ол сондай-ақ үш қызметте жұмыс істеп, қатар алып жүр.

«Қазіргі таңда қоғам арасында волонтерлік қозғалыс өте танымал, өте қарқынды дамып келе жатыр. Дегенмен де, кейде бұл қоғамдық қызметтің мәнін, мағынасын дұрыс түсінбей жатқандар да кездеседі. Мұндай жағдайлар волонтер имиджінің төмендеуіне әкеледі. Көпшілігі волонтерлік деген тек қана қаражат жинау қоры, көшелерде ақша жинауды ұйымдас­тыру арқылы қаржылық көмек көрсету деп түсініп жатады. Әрине, ол қайырымдылық іс-шараларын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ волонтерлік қызметтің ауқымы мұнымен шектелмейтінін айту керек. Елімізді волонтерлік қызмет қарқынды дамып келе жатқанының жарқын дәлелі – Волонтер жылының аталып өтуі деп есептеймін. Волонтерлер жылында мейірімді жастарға етене көңіл бөлініп, бұл саланың одан әрі дами түсуіне күш салынды. Волонтерлік қызмет қазақ халқында бұрыннан бар, біздегі байырғы «Асар», «Үме» секілді ізгі амалдар – бұған анық дәлел» деді Меруерт.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button