Қоғам

Білікті жастар – мемлекет келешегі

Елімізде рухы биік, іскер әрі дарынды жастар көп. Оларды мемлекеттік қызметке тартуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Алғаш рет басталған жылы резервке ұзын-саны 300-ге жететін білікті жастар іріктелініп алынды. Ал одан кейінгі 2021 жылғы екінші кезеңде 35 жасқа дейінгі 50 маман Президенттің кадрлық қорын толықтырды. Биыл іріктеудің үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл жолы да жобаны үйлестірушілер 50 жас маманды кадрлық резервке алуды көздеп отыр. 2023 жылғы іріктеудің де бірқатар ерекшелігі бар. Осы туралы біз Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Әли КӨМЕКБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік. 

– Әли Амантайұлы, жастардың кадрлық резерві қандай жоба? Оның жастарға берер тиімділігі неде?

– Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосамын деп талпынған жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасы осы – білім-білігі мол, қолынан іс келетін жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік саты құру. Тиісінше, бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке орналасуға мүмкіндік беруге бағытталып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік немесе басқа да саяси лауазымдарға бос орын пайда болған жағдайда, осы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтардың кандидатурасы қаралады. Өз кезегінде, бұл жоба жыл сайын Астана қаласында қарқынды іске асырылып, резервке енуге қызығушылық танытқан азаматтар саны көбейіп келеді. Президенттің жастар кадрлық резерві жобасы академиялық салада, жеке секторда, түрлі құрылымда жүрген елорданың жастары арасында зор қызығушылық тудырды. Қоғамға қозғау салып, елге қызмет етуді көздейтін жастардың көпшілігі осы жобаға қатысып, бақ сынауға ұмтылуда. Тіпті шетелде жүрген азаматтар да қатысып жатыр.

– Үміткерлерге қойылар талаптар қандай? Бұл жолғы іріктеу несімен ерекшеленеді?

– Биыл кезекті үшінші іріктеу кезеңі 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz атты арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде өткізілді. Жоба талаптарына сәйкес, аталған іріктеуге жоғары білімі және кез келген салада бес жыл жалпы жұмыс өтілі бар, жасы 35-тен аспаған, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен жоғары меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында кандидаттардың деректері жеке нөмірлер беру арқылы жасырылды. Яғни «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеу мақсатында үміткердің кім екендігі бағалаушылар үшін белгісіз болады. Бұл қатысушылардың да жобаға сенімін артады. Содан соң, ережеге сәйкес, Ұлттық комиссияның отырысы нәтижесінде үздік деп танылған 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.

Кадрлық резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Сөзсіз, кадрлық резерв жастардың мемлекеттік қызметтің «А» және «В» категориясына, тіпті саяси лауазымға дейін өсуіне алғышарт жасайды. Бос орын болған жағдайда тиісті қызметтерге Жастар кадр резерві бойынша ұлттық комиссия резервтегі азаматтарды ұсынады

Мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу – кезекті үшінші іріктеудің басты ерекшелігі болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар: 1) Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; 2) Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; 3) Сыртқы саясат және инвестициялар; 4) Экономикалық және қаржылық саясат; 5) Цифр­ландыру; 6) Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

– Қатысушылар қандай кезеңдерден өтуі қажет?

– Өз кезегінде үміткерлер іріктеуге қатысуда жеке басты куәландыратын, еңбек қызметін растайтын және білімі туралы және құжаттардың көшірмелерін, сонымен бірге, мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы арнайы нысандағы жарамды ресми сертификатты тапсырды. Содан кейін, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болғысы келетіндер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтеді. Бүгінде іріктеудің 3 кезеңі аяқталды. Алғашқы кезең бойынша 30 мыңнан астам үміткер тіркеліп, 6404 үміткер құжаттарын толығымен тапсырды. Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталып, екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Бүгінде «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттігін бағалау» кезеңінен 2967 үміткер өтті. Оның 1363 үміткері немесе 46% – Астана қаласының азаматтары. Ал одан кейінгі «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттілігін бағалау» тестілеуіне жіберілген 2967 үміткердің 607-і келесі кезеңге іріктелді. Үшіншісі – ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі. Мұнда үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланыс­ты ситуациялық тапсырмалар түріндегі қандай да бір проблемаларды шешуге деген көзқарасы бағаланады. Кезең эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі салалық сарапшымен бағалайды. Сарапшылар қатарында академия­лық орта, бизнес қауымдастық өкілдері және мемлекеттік қызметшілері бар. Аталмыш кезең бойынша 244 үміткер келесі кезеңге өтті. Оның ішінде елорда бойынша 149 үміткер (59%) бар. Төртінші кезең – құзыреттерді бағалау кезеңі. Кезең Астана қаласында орналасқан ассессмент-орталығында өтіп, құзыреттер бойынша оффлайн сұхбаттан тұрады. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады. Алтыншы, яғни соңғы кезеңде – Ұлттық комиссия­ның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол биыл 25 желтоқсанға дейін өткізіледі деп жоспарлануда.

– Барлық кезеңнен сүрінбей өткен қатысушыларға қандай қызметтер ұсынылады?

– Кадрлық резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Сөзсіз, кадрлық резерв жастардың мемлекеттік қызметтің «А» және «В» категориясына, тіпті саяси лауазымға дейін өсуіне алғышарт жасайды. Бос орын болған жағдайда тиісті қызметтерге Жастар кадр резерві бойынша ұлттық комиссия резервтегі азаматтарды ұсынады. Бірақ оның философиясына үңілсек, мемлекетшіл, қоғам құндылықтарын бойына сіңірген, халық үніне құлақ аса білетін және оны орындауда жауапкершілік алатын азаматтарға сұраныс бар екенін аңғару қиын емес. Саяси өмір фрагментацияланып, ұлт бірегейлігі сынға түсіп жатқанда біз қоғамды әлеуметтік, этникалық немесе діни емес, құндылықтар төңірегінде біріктіре алатынымызды түсіну қажет.

2019 және 2021 жылы резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75%-ы жұмысқа орналастырылды. Астана қаласы бойынша 2019 жылдан бері Астана қаласының әкімдігіне 15 резервші әртүрлі лауазымдарға жұмысқа қабылданды. Мысалы, Нұра ауданының әкімі Жүсіп ­Жұмағұлов – 2021 жылғы резервші.

Қазіргі жастардың жұмысқа орналасқанда мансапта өсу, жалақыдан бұрын мекемедегі құндылықтар мен жұмыс принциптеріне баса мән беретінін байқауға болады. Сондықтан жастардың қызметке деген талғамы да өзгеріп келеді. Бүгінгі жастар қоғаммен қарым-қатынасты әділетті, ашық, қолжетімді қылатын машықтарды бойына жинақтаған. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет те адамға қыз­мет етуге, сервистік үлгіге қарай ауысып келеді. Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің басты мақсаты жеке мансаптық амби­цияларға емес, ең алдымен, қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Кадрлық резервке енудің мәні – ел игілігі үшін қызмет атқару. Осындай ұстаныммен ғана біз халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік басқару менеджерлерін қалыптастыра аламыз.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button