Руханият

Зар заман жыршысы

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада абыз жырау Шортанбай Қанайұлының туғанына 200 жыл толуына орай түсірілген «Зар заман жыршысы» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Белгілі режиссер Қалила Умаров түсірген, журналист Айгүл Уайсова сценарийін жазған бұл фильм абыздың ізі қалған жерлеріне тағзым ету мақсатында шыққан арнайы экспедиция нәтижесінде әзірленді. Сапарда болғандар Алматы, Талдықорған, Астана, Қарағанды қалаларына және жыраудың мәңгілік мекені – Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылына барды.

Жырау өмірі мен артына қалдырған мұрасына қатысты осы жылдың үлкен олжасы шын атының анықталуы болды. Шортанбайдың өз қолымен жазған дұғасын белгілі қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішев осы күндерге дейін сақтап келді. Онда жыраудың аты Молла Ғали Мұхаммед болып көрсетілген. Фильмде бұл дұғаның қолына қалай түскені жайлы, оны оқу үшін қандай жұмыстар жасалғанын Қабылсаят Әзімбайұлының өзі әңгімелейді.
Бұған қоса, туындыда Жамбыл Артықбаев, Нұрлан Дулатбеков, Марат Әбсеметов, Қанипаш Мәдібай, Мұхаммедқали Әбдуов, Жандос Смағұлов сынды ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, жырау мұрасын зерттеуші, ол туралы «Соңғы абыз» романын жазған жазушы Кәмел Жүністегі деректермен бөліседі.
Кезінде академик Ісмет Кеңесбаев: «Абай орыс­тың Пушкинін көрсе, Шортанбай патшаның пушкасын көрді» деп жазған еді. Өмірі зар заманға тап келген жырау қазақтың соңғы ханы Кенесарымен байланыста болып, Кенесары әскерінің бас идеологы болды. Осыдан 25 жыл бұрын Шортанбайдың 175 жылдығы атап өтілді. Сонда түсірілген кадрлар да фильмге енгізіліп, онда да бірқатар деректер айтылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button