Әлеумет

Зейнеттен кейін де өмір бар

Халық жадынан кетпейтін өміршең әндерді қазақ даласында шырқап, насихаттауда ансамбльдер орны ерекше аталады. Дәстүрлі өнердің алтын тінін жалғап, кейінгі ұрпаққа ұлт музыкасының құндылығын дәріптеп келе жатқан сондай ансамбльдер бас қалада да бар. Солардың бірі – қаланың Алматы ауданына қарасты «Арқа әуендері» халықтық ансамблі. Биыл құрылғанына 10 жыл толатын ансамбль ұлттық бояуы қанық дәстүрлі халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларынан құралған ерекше репертуарымен әнсүйер қауымды тәнті етіп келеді.

«Арқа әуендері» халықтық ансамблі 2013 жылы қазіргі көркемдік жетекшісі Кенжетай Жанұзақованың бастамасымен құрылды. Бастапқыда қыздар дуэті ретінде өнер көрсеткен топтың әуелгі атауы «Шолпан» еді. Кейін ұжымдағы өнерпаз саны 5-ке артып, жігіттер тобы қосылған соң, арқаның бойында қанат жайған ансамбль «Арқа әуендері» аталды.

Бүгінде ансамбль құрамында жиырмадан аса өнерпаз бар. Ансамбль құрылғалы ұжымда табан аудармай қызмет істеп, өнер көрсетіп жүргендер қатарында Ибраһим Әлімбаев, Айымторы Омарова, күйшілер Теміреш Кереев, Бексұлтан Төлегенов, Жаңыл Қарабай бар. Олардың әрқайсысы – түрлі салада қызмет атқарып, қазірде құрметті демалысқа шыққан ата-әжелер. Бірі ұстаз болса, енді бірі дәрігер, мәдениет қызметкері, жүргізуші, есепші. Қызығы, олардың басым бөлігі – еліміздің әр өңірінен жиналғандар. Батыр аналар да, көпбалалы аналар да бас қосқан.

Алматы ауданының қайбір мерекелік кешінен тыс қалмайтын өнерлі ұжым – бірқатар қалалық байқаудың жеңімпазы. Бүгінде ұжым қоржынында әртүрлі деңгейлі жүзден аса марапат бар. Қатарында вокалистер, бишілер, күйшілер бар ансамбль әндері барлық жанрды қамтиды. Халық әндерінен бастап, белді композиторлардың туындыларынан жинақталған барлығы 55-ке жуық ән репертуарда бар. Өнерпаздардың ішінде тіпті өзі де ән не терме шығарып жүрген Бексұлтан Төлегеновтің өнерін көпшілік ерекше бағалайды. Әндерді биімен қоштайтын Алтын Алпысбаеваның өнерінен соң, қазақ биінің ерекше иірімдеріне жұртшылық тәнті болады. Осылайша сан қырлы өнерпаздар жиылған ансамбльдің әр мүшесі зейнеттен кейін де өмір барын жеткізгісі келеді.

Міне, осындай талантты жандардан құралған ансамбль халық арасында тағылымды өнерімен танылып, көптің қошеметіне бөленіп келеді. Олар жастық шақта белсенді болды. Қоғам өміріне араласты. Жастық жігерлерін жақсы іске арнады. Уақытпен бірге үндесті. Қарттық келді. Зейнетке шықты. Бірақ игі істен қол үзген жоқ. Кейінгі буынға үлгі болу мақсатында өздерінің өміршең өнерін насихаттап, сахнада аға буын ретінде өнер көрсетіп келеді. Мұндай жандар мақтауға да, мақтануға да лайық

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button