Руханият

Астанада Алашты қалай ардақтаймыз?

Адамзат көшінен қалмай, дамыған елдермен тереземіз тең тұру үшін әлемдегі жүріп жатқан үрдістерден шет қалмай, ғылым мен білім, экономика мен технологияны қатар дамытып, жемқорлықты жеңіп, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын шынайы көтеріп қана қоймай, ғасырлар бойы жасап келе жатқан әрісі ғұн, сақ пен түрік дәуірінен, одан бері Жошы ұлысы, Алтын Орда, Қазақ хандығынан жалғасып келе жатқан дәстүр мен мәдениетті сақтау үшін не істеуіміз керек? Ұлттық тамырдан ажырамай, руханият сабақтастығын үзбей, саналы ұрпақ өсіру үшін нендей жол бар, не істейміз деген сауалдар кез келген естияр қазақ баласын ойландырмай қоймасы анық.

Біздің бақытымызға орай ондай жол бар. Дана бабалар ақыл-ойының өз заманынан ілгері кеткені соншалық, бүгінгі ұрпаққа жаңалық болып көрінеді. Мәңгілік құндылықтарға негізделген бұл идеялар мемлекеттік дамуымыздың негізі болуға лайықты екеніне ешқандай күмән жоқ. Біз адам болуды Абайдан, ал ел болуды Әлихан Бөкейханнан үйренсек, адаспай, әлем көшінен қалмай, ілгері жылжитынымыз анық.

Сыртқы алпауыт елдердің шикізат көзі болып қала бермес үшін, тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі бекемдеу үшін діл, дін мен тіл ортақтығы негіз болған түбі бір түркі мемлекеттерінің бірлігі керек екені де аян.

Еуразиялық кеңістікте гео­саяси ойындардың күшеюі, қақтығыстар мен соғыстар болашақ түркі мемлекеттері бірлігінің негізі мен өзегі боларлық Қазақстан мен Өзбекстан республикаларының «одақтастық мәмілеге» қол қоюын жылдамдатты. Өзбекстан өзінің мемлекеттік, идеологиялық даму жолында «жәдидшілдік бағыт» ұстанатынын ресми түрде мәлімдеді.

Жәдидшілдіктің атасы ­Исмайыл бек Гаспринский жа­йында Алаш көсемі: «Исмайыл мырза түрік (түркі) ұлтының зор тәрбиешісі, ұлық ұстазы, ардақты атасы болып дүниеден қайтты» деп жазды «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 82-санында. Бұдан Алаш зиялыларының Исмайыл мырзаны үлгі-өнеге тұтқанын байқаймыз. Алаш идея­сы осы жәдидшілдік, түрікшілдік идеясымен астасып жатыр, яғни түрік бірлігінің идеологиялық астары да осында.

Тәуелсіздік алғалы айтылып келе жатқан Алаш арыстарын ардақтау мәселесі сәл орнынан жылжып, осыдан үш жыл бұрын елорданың «Қаламгерлер» аллея­сында «Алаш» қозғалысының көшбасшылары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатовтың ескерткіші ашылған. Содан бері жүрегі елім деп соққан азаматтар арасында Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның туған күні 5 наурызда Әлихан рухына құрмет көрсету, гүл шоғын қою дәстүр болып қалыптасып келеді. Биыл тағы да бардық. Елеусіз жерде тұрған рухы биік арыстар ескерткіші әлі де енжар қоғамның, әлде самарқау биліктің қырсыздығының көрсеткішіндей болғанынан бөлек, жалпақ жұрттың көзінен жасыру үшін жасалғандай, оның дәл қасынан екі-үш есе биіктетіп балаларға арналған ағаштан сырғанақ бой көтерген. Бұдан сырғанаққа басқа жер табылмады ма деген ой келеді.

Жалпы осыған дейін Әлиханды қоғам өмірінен аластатып, көмескілендіріп, дұрыс көшенің атын да бермей келдік қой. 150 жылдық мерейтойы да қолдан жасалған кедергілермен дұрыс өтпеді. Алматыдағы көрсең көңілің құлазитын бұрынғы Аэродромная көшесі сияқты Астанадан да бір жібі түзу көше бұйырмаған. Бұрын оң жағалау­дан шағын көше берілген. Кейін­нен жұрттың наразылығынан ықты ма, әлде аз да болса ұяты оянды ма, билік амалсыздан сол жағалаудан елеусіз бір шеткі көшені бергізуді ыңғайлы санады.

Астанада Әлихан Бөкейханға арнап үлкен де сәулетті ескерткіш орнату керек екеніне ешкім дау айта алмас. Елордада ғана емес, облыс орталықтарында, ірі елді мекеннің төрінде ескерткіштер тұрса, өскелең ұрпақ санасы мен ұлттық бірегейлік құндылықтарының қалыптасуына оң әсері болары сөзсіз. Мәскеудегі «Дон» зиратындағы Әлихан жерленген орынға да бір үлкен ескерткіш керек. Қалыптасқан үрдіс бо­йынша ел ардақтаған адамына ескерткішті оның атындағы көшенің басына қояды. Тағдырдың жазуы сол, Астанадағы Әлихан Бөкейхан көшесіндегі нөмірі бірінші ғимарат – бұрынғы Елбасы кітапханасы, қазіргі Президент орталығы. Мұны кездейсоқ деп қалай айтамыз? Осы Президент орталығы «Алаш орталығы» деген атауға сұранып-ақ тұр. Сол ғимараттың дәл қасында Тұңғыш Президентке арналған ескерткіш тұр, ал ол жер – Алаш көсемінің ескерткішіне лайықты орын. Ал сол маңайдағы саябақ «Алаш сая­бағы» деген атауға лайық. Кезі келгенде Алаш көсеміне ескерткіш орнатылып, оның маңайы, шынымен, «Алаш ­аллеясы» аталар деп үміттенеміз.

Сұлтан ЫБЫРАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button