Елорда тынысы

Асық ата аласың ба?

Астана қаласындағы №24 мектепте ұлттық ойын – асық атудан Еуразия кубогына іріктеу чемпионаты өтті. Оған Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр және Есіл ауданының құрама командалары қатысты.

Ұлттық ойынды меңгерген 70-ке жуық қатысушы асықты 1 метр қашықтықтан көздеп ату бойынша бақ сынады. Сақаларын сайлап келгендердің арасында алпысты алқымдаған ардагерлер де бой көрсетті. Ал ең жас қатысушы – 14 жаста.

– Асық ату спорт түрі ретінде ел көлемінде ғана емес, әлем деңгейінде дами бастады. 2022 жылы желтоқсан айында Астана қаласында Азия чемпионатының өтуі дәлел болады. Бұл бәсекелі турнирге 10 елден 100-ге жуық спортшы келді. Еуразия кубогы – абыройы биік турнир. Оған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар спортшыларды іріктейміз, – деді спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының» баспасөз хатшысы Айдана Жеңісбаева.

Талап бойынша жарыс екі кезеңнен тұрды. Яғни, үш және төрт қатысушыдан құралған команда жасақтап, тізілген асыққа тигізіп, шеңбер ішінен шығаруы тиіс.

Дәлдік пен қырағылықты талап ететін ойында өзінің қабілетімен көрінген Оралбек Ақтілеуов, Сұлтан Жайлаубек, Нұрасыл Мырзалы бірінші орыннан көрінді. Жүлдегі екінші орын Мырзамұрат Қайыпбеков, Айдын Жасұзаққа, үшінші орын Жанболат Жамбыл, Дастан Амангелді, Тоқтар Студентұлына бұйырды.

Қыздар арасында Құралай Бейсенбай, Ақниет Төрехан, Алма Туленова дараланды. Екінші орыннан Камила Даниярова, Мөлдір Фазылова, ал үшінші орыннан Балмира Бекболсынова, Сайда Саркина, Айғаным Тукеноваға көрініп, Астана қаласы спорт және дене шынықтыру басқармасы дайындаған грамоталар мен сыйлықтарға ие болды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button