Денсаулық

Ананы аман алып қалды

Бас қаладағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері панкреатитпен ауыратын жүкті әйелді аман алып қалды. Бұл панкреатиттің ауыр асқынған түрі көп жағдайда науқасты өлім жағдайына апаруы мүмкін.

Жүктіліктің 39-аптасында келіншектің бойында панкреонекроз өршіген, бұл – жедел панкреатиттің өмірге қауіп төндіретін асқынған түрі, ұйқы безі тінінің өлгенін білдіреді. Басым көпшілігінде дене мүшесінің жеткіліксіз дамуына, қанның улануына және науқастың өліміне әкеледі. Науқас әйелді ішінің жоғарғы бөлігі қатты шаншып ауырып, жүрек айну, құсу белгілері мазалаған. Науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Ана мен бойына біткен сәби өміріне қауіп төнгеніне байланысты жан сақтау бөліміндегі акушер-гинекологтар бригадасы жедел босандыру туралы шешім қабылдады.

Босанғаннан кейін келіншектің жағдайы ауыр болды, аурухананың бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев әріптестерімен бірлесе диагностика жүргізіп, клиникалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, хирургиялық араласусыз емдеу туралы шешім қабылдады.

«Жүргізіліп жатқан ем аясында жағдайды тұрақтандырып, әйелді жалпы хирургия бөлімшесіне ауыстыруға мүмкіндік туды. Бақытымызға орай, операция қажет болмады, көп ұзамай әйелдің жағдайы оңалды» деді емдеуші дәрігер Айдар Жұмағалиев.

Қазір ана мен бала өзін жақсы сезінеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button