Басты ақпарат

Александр Зацепин,композитор, Ресейдің халық әртісі:ЕРМЕКТI КӨРГIМ КЕЛIП ЕДI..

 

 

Бәріміз бала күнімізден талай тамашалаған Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», Леонид Гайдайдың «Ы» операциясы немесе Шуриктің басқа да басынан кешкендері», «Кавказ тұтқыны», «Гауһар қол», «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады» атты комедиялық кинофильмдерін естен шығару мүлдем мүмкін емес. Ал, енді осыларда орындалатын әсем әндер ше?! Олардың әуендері ойнала қалса ақ шашты аға буынға өрімдей жас өрендер қосылып, твис билей жөнелетінін той-томалақтарда көріп жүрміз.
«Құлақтан кіріп, бойды алар» бұл музыкалық шығармалардың авторы Ресейдің халық әртісі Александр Зацепин өзінің өнердегі өнегелі жолын Қазақстанда бастағанын баса айтқымыз келеді. Сексеннің сегізіне беттеген белгілі композитор Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың арнайы шақыруымен елордаға ат басын бұрып, өзінің шығармашылығына арналған шырайлы кешке қатысты. Жасының ұлғайғанына қарамастан күйсандықты күмбірлетіп, көптен күткен көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қадірменді қонаққа қошемет көрсе­ту үшін «Қазақстан» концерт залының зәулім сахнасына көтерілген Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов көпшілік көкейіне қонатындай көшелі сөз айтты: «Әлемде рухани құдіреттің көзі болатын болса, ол әрине – әсем ән мен тәтті күй. Ал, осындай бай өнердің денесіне қан, жүрегіне жан беретін нағыз таланттар болады. Мінеки, бүгін сондай табиғи таланттың өзі, текті өнердің көзі, Алаштың еліне де, қазақтың жеріне де тікелей қатысы бар әйгілі композитор Александр Зацепиннің шығармашылық кеші өтуде. Ендеше, ардақты ағайын, астаналықтардың атынан Александр ағамызға бізге осындай кеш сыйлағаны үшін алғысымызды білдіруге рұқсат етіңіздер» деп бастаған Иманғали Нұрғалиұлы одан әрі ой толғап, әрбір сазгер өзінің өзекжарды туындысының ел арасына неғұрлым кең тарауын қалайтынын, бірақ мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейтінін, ал алдымызда тұрған айтулы өнер иесі тұтас бір дәуірдің дәріптеуге тұрарлық дәрежелі тұлғасына айналғанын атап өтті. Сонан соң бұрынғы-соңғының жолымен сонау Парижден самолет сабылтып жеткен ақсақалдың арқасына қазақы шапан жапты.
Ағайынды емес Абдуллиндер (Нұрлан мен Сағынай) жүргізген қызықты концерттік бағдарлама елді бірден елітіп әкетті. Өткен ғасырдың өте ғажайып сәттерін санамен ғана сағынтып қоймай, келістіріп көз алдымызға келтіретін керемет әуендер әуелеп, естен кетпес ескі кадрлар көрсетілді. Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында Александр Зацепинмен бірге оқыған халқымыздың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова зарықтырып көрген замандасының жастық шағынан сыр шертетін естеліктерге ерік берді. Әсіресе, жаңа әндерінің бірін көркемдік кеңестен «аман» алып шыққаны үшін сол кезде қолға түспейтін «Красная Москва» дейтін әйелдердің косметика жиынтығын сыйлағанын, оны тіпті өзіне қимай, көпке дейін ашпағанын әзіл-шыны аралас әңгімелеп, алқалаған әлеуметті ду күлдірді.
Ал, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Бауыржан Исаев, Мәдина Сәдуақасова, Сүндет Байғожин, Маржан Арапбаева, Карина Абдуллина және басқа өнер жұлдыздары кезек-кезек Зацепиннің әндерін салып, сахнаны самаладай жарқыратып жіберді. Республикамыздың еңбек сіңірген қайраткері Александр Аблаевтың жетекшілігіндегі «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі әрбір орындаушыны әдемі сүйемелдеп отырды. Жаңадан ашылғанымен атақ-даңқы алысқа жайылып үлгерген «Астана-опера» театрының әртістері арнайы дайындалған сахналық қойылымдарды жоғары деңгейде орындай білді. Мың бұралған бишілер қимылы да көз сүріндірер көркемдікпен әдіптеліп, әжептәуір әсерге бөледі.
Назар аударарлық нағыз қызық, аты аңызға айналған «Тақиялы періштеде» басты рөлдерде ойнаған Әлімғазы Райымбеков пен Шолпан Алтайбаеваның салтанатпен сахнаға шығуы болды. Қазіргі таңда он баланың әкесі, он тоғыз немере мен төрт шөберенің атасы атанып, Алматы облысының Көксу ауданында есен-сау жүріп жатқан Әлекеңнің қайраты қайтпаған қалпында қасқайып тұрып мәртебелі мейманға мезірет белгісі ретінде арнап тігілген ақ тақиясын сыйға тартуы талайлардың көңілін толқытып жіберді.
Айтпақшы, концерт алдында журналистермен жүздескен Александр Сергеевич өзінің азды-көпті биіктерді бағындыруына жол ашқан Шәкен Аймановтай ұлы режиссерді ешқашан ұмытпайтынын ет жүрегі елжірей айтты. Ол өмірден өткенде қатты қайғырғанын есіне алды. Өйтетін жөні бар. Өйткені оның есімін елге ең алғаш танытқан осы кісінің фильмдері болатын. Кейін Мәскеуде кино өнерінің тағы бір талантты өкілі Леонид Гайдаймен творчестволық байланыс орнатып, жұлдызы жарқырай түскені белгілі. Қарапайымдылықты қойсаңшы бұл, «Егер Гайдай дара дарын Никита Богословскиймен ренжісіп қалмағанда, менің бағымның жануы екіталай еді» дейді ол бұқаралық ақпарат өкілдеріне ағынан жарылып.
Әлдебір орыстілді әріптесіміздің «Қазақфильмнен» ұсыныс түсіп жатса, музыка жазып бермек ойыңыз жоқ па?» деген сұрағына қатырып жауап қайтарды: «Өнерлі өрендер өздеріңізде де жетерлік қой. Сондықтан сырттағыларға жалынып қайтесіздер. Не нәрсенің де төлтумасы жақсы ғой, жарқыным…»
Тоқсанға таяса да Александр Сергеевич Сенаның жағасында жай жатпағанға ұқсайды. Бұйырса, алдағы уақыттарда Мәскеуде «Үшінші планетаның құпиясы», Санкт-Петербургте «31 маусым», ал, Минскіде «Айвенго» атты мюзиклдарының тұсауы кесілмек көрінеді.
Кезінде Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловский секілді саз саңлақтарының алдын көріп, тәрбиесін алған А.Зацепин Қазақстанды кіндік қаны тамған Новосибирскіден кем көрмейтінін тілге тиек еткенде біздің де кеудемізді мақтаныш сезімі кернегенін қалай айтпайсың.
… «Надо мной небо синее…» деп аталатын концерттің соңына қарай Александр Зацепин үлкен толқу үстінде жиналған жұртқа ризашылығын білдіріп, жүрек сөзін жеткізді.
– Ертеректе танысқан ескі тамырларымды сағындым. Бибігүлмен жолығысып, жаным жасарды. Ермекті көргім келіп еді. Сәл кешігіп қалдым… амал қанша… Енді оның… Кешіріңіздер… Көңілім босап кетті…
Несін жасырайық, әңгіменің осы тұсында біздің де жанарымызға жас үйірілді. Екі тумайтын Ермек Серкебаевтай ерен ұлынан айырылған ұлтымыздың қабырғасы сол күні қайғыдан қайысып тұрған болатын.
…Кеш шымылдығы жабыларда концертке қатысушы барлық өнерпаздар кезінде Ермек ағамыздың сүйіп орындаған «Надо мной небо синее…» әнін қосылып шырқады. Бұл жақсы дәстүріміздің жалғаса беретінін білдірсе керек.

Талғат БАТЫРХАН

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button