БілімЖаңалықтарСұхбат

БӘСЕКЕЛЕСТІК КІЛТІ – КӘСІБИ МАМАН

img_6120-asli

Бүгінде кәсіптік білімге деген көзқарас өзгерді. Мемлекет  те маңызды салаға басты назар аударып отыр. Осы тақырыпта елордадағы Көлік және коммуникация колледжінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Зұлфухар Гаиповпен кездесіп, кәсіптік мамандарды даярлаудың ерекшеліктері туралы әңгімелескен едік.

ТЕМІРЖОЛ – ТІРШІЛІКТІҢ КҮРЕТАМЫРЫ

– Қазір жастардың кәсіптік маман­дыққа деген қызығушылығы күшейді. Әрине, ол қуантады. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынды?
– Соңғы жылдары кәсіптік білім берудің бәсі артып, мазмұны кеңейді. Еліміз индустрияландыру кезеңіне қадам басты. Соның аясында кейінгі жылдары бірнеше зауыт іске қосылды. Астанада электровоз құрастыру мен «Тұлпар-Тальго» зауыты пайдалануға берілді. Енді сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін кәсіби маман қажет. Оны қайдан аламыз? Бүгін кәсіптік мамандықта оқып жатқан жастар сонда барып қызмет атқарады. Бір кездері жұртшылық балаларын гуманитарлық салада жоғары білім алуға ұмтылдырды. Қазір уақыт өзгерді. Енді техникалық мамандыққа деген парасатты көзқарас қалыптасты.
– Дұрыс екен. Бұған ата-ананың ықпалы болады деп ойлаймын…
– Әрине, оған сөз жоқ. Айталық, кәсіптік білімнің маңызы мен мәртебесін өсіретін отбасындағы тәрбие деп ұғуға болады. Біздегі студенттердің 80 пайызының әке-шешесі теміржолда еңбек етеді. Олардың арасында династияға айналған әулеттер бар. Теміржол – тіршіліктің күретамыры. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, шойын жолда жұмыс істеген адамның тамағы тоқ. Қазір халқымыздың көпшілігі қалаға қоныс аударды. Шаһар тұрғындары кәсіптік маман иелерінің көмегіне көп жүгінеді. Біздің колледж­де білім алатын жастардың 40 пайызы бас қаладан болса, қалған 60 пайызы жақын аймақтан болады. Алдағы таңда астаналық балалардың санын көбейтсек дейміз. Сондықтан оларды ерте жастан мамандыққа баулу үшін елордадағы барлық мектеппен байланыс орнаттық.
– Сонда ол қандай байланыс?
– Мәселен, оқу ордамызда қаладағы мектеп оқушыларымен бірлесіп жұмыс істейтін кәсіби бағдар беру бөлімі құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап жалпы білім беретін ұйымдармен байланыс жасап, балаларға кәсіптік мамандық жайында үгіт-насихат жүргіземіз. Жеткіншектер колледждің мұражайын аралап, теміржолдың макетімен танысады. Техникалық үйірмелерге қатысады. Солай оқушыларды ерте бастан кәсіптік білімге баулып жатырмыз. Біз жыл сайын 300-400 мемлекеттік грант аламыз. Бір орынға үш баладан таласады. Соның өзі кәсіптік білімге деген қызығушылықты көрсетеді.

ДУАЛЬДІ ОҚЫТУДЫҢ артықшылығы КӨП

– Дуальді оқытуды қалай жүзеге асырып жатырсыздар?
– Біздің колледж дуальді оқыту жүйесін енгізген пионер саналады. 2012 жылдың қарашасынан бастап аталған жүйені қолға алдық. Сол кезде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы және колледж – үшеуі бірігіп, келісімшартқа отырды. Қазір бұл жүйе тиімді жұмыс істеуде. Студенттер теміржол саласының төрт мамандығы бо­йынша дуальді оқытумен білім алады. Оқу жоспарын ұлттық компаниямен бірігіп жасаймыз. Олар бізге өз ұсыныстарын айтады. Бүгінде студенттер электровоз құрастыру зауытында дуальді жүйемен практикадан өтеді. Электровозды жасақтаудың жұмыстарын көзбен көріп, қолмен ұстап, білікті мамандардан тәжірибе алады. Сөйтіп, түлектеріміз оқуды бітіргеннен кейін өндіріске барғанда, жаңа ортаны жатырқамай, тез бейімделеді. Мемлекеттік аттестация қорытындысына да теміржол сала­сының жауапты тұлғалары қатысады. Олар білімді жастарды қызметке шақырып, жұмыспен қамту мәселесін шешіп береді. Осын­дай дуальді оқытудың артықшылығы көп.
– Жаңа инновациялық бағыт бо­йынша қандай жаңашыл жұмыстар атқарылуда?
– Қазіргі кезең – бәсекелестік заманы. Ал бәсекенің бір кілті – сапалы маман дайындау. Ол үшін білікті кадр өте қажет. Біздің колледжде бір ғылым докторы, екі ғылым кандидаты, 46 магистрант еңбек етеді. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған жас маман жұмыс істейді. Оқу ордамызда екі жылдан бері ағылшын тілінде бір топқа сабақ жүргізіледі. Ауылдан ағылшынша әріп танымай келген балалар сол тілде сабақ айтып, есеп шығарады. Жаңа әдістеме бойынша модульдік оқыту жүйесіне көштік. Уақыт талабына сай жабдықталған лабораториялар жұмыс істейді. 2014 жылы әлемдік банк жариялаған конкурсқа қатысып, қомақты қаржыны құрайтын грант ұтып алдық. Біз соны мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға, материалдық базаны нығайтуға және жаңа оқулықтарға жұмсадық. Ресейден соңғы үлгімен жарақталған электровоздың макетін сатып алдық. Студенттер оны сабақ барысында пайдаланады. Жыл сайын үздік бітірген түлектерімізді өзімізде жұмысқа қалдырып, одан әрі білімі мен білігін ұштауға қолдау көрсетеміз.
– Жаңа бір сөзіңізде аймақтан келіп оқитын жастардың қатары көп дедіңіз. Олардың әлеуметтік жағдайын қысқаша айтып өтсеңіз…
– Бүгінгі таңда колледжде 2 550 студент оқиды. Оның 500-і сырттай білім алады. Жастардың бәрі жатақханамен қамтамасыз етілген. Онда студенттер сабаққа даярлану үшін компьютер сыныптары ашылып, тегін интернет жүйесі қосылған. Көп балалы отбасыдан шыққан және ата-ананың қарауынсыз қалған жастардан қамқорлығымызды аямаймыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ , «Астана ақшамы»

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button